19 триллион 200 млрд теңге. Келер жылы республикалық қазынаға осынша қаржы түседі. Ұлттық экономика министрлігінің болжамы осындай, деп хабарлайды 24kz.
Бұл биылғыдан 4,5 триллион теңгеге көп. Бүгін Мәжілісте таныстырылған үш жылдық бюджет жобасында тек кіріс-шығыс емес, тұтас экономикалық бағыттың бағдары айқындалды. Құжатпен бірге алғаш рет кеңейтілген материалдар қоса беріліп, депутаттар енді мемлекеттің қарыз жүктемесін де, квазисектордың міндеттемелерін де, ұлттық холдингтердің даму жоспарын да толық көреді. Жоспар бойынша алдағы үш жылда Қазақстан экономикасы орта есеппен 5,3%-ке өседі. Жалпы ішкі өнім көлемі 184-тен 230 триллион теңгеге дейін ұлғаяды. Үкімет инфляцияны да тежейміз дейді: қазіргі 9-11%-тен 2028 жылға қарай 5-7%-ке дейін төмендету көзделген. Маңыздысы – бюджет кірісінің 83%-ін ел өз табысымен толтыра алады. Қалғанын трансферттер есебінен жабу жоспарланған. Тағы бір жаңалық – министрліктер алғаш рет құжатқа салалар дамуының нақты индикаторын енгізген.
Дания Еспаева, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары:
- Бұған дейін министрліктер бюджеттен бөлінген қаржы қандай нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік бергенін қосымша құжатта көрсететін. Бұны индикатор деп атайды. Бұрын оны бюджетте көрсетіп, бекітпейтінбіз. Оны министрліктер өздерінде, Үкіметте белгілейтін. Жыл соңына қарай тиісті нәтижеге жетпесе, түрлі себептермен индикаторды өзгерте салатын. Бұдан былай индикаторды жыл бойында өзгертуге болмайтындай етіп заңға өзгеріс енгіздік. Енді бюджеттің кірісі, шығысымен бірге межеленген индикаторларын да көре аламыз.
Сонымен бірге 2026-2028 жылдарға арналған бюджеттің кей шығындары азаймақ. Мәселен, «Келешек мектептері» жобасының аяқталуына байланысты мемлекеттік қазынаға түсер салмақ кемиді. Қаржы вице-министрінің сөзінше, кей шығындарды оңтайландыру арқылы біраз қаржы үнемделмек.
Абзал Бейсенбекұлы, ҚР Қаржы вице-министрі:
- Іссапарға деген, өкілдік шығындар деген және де ғимараттарды жалға алу сияқты шығыстарды біз қайтадан қарастырдық. Соның есебінен бізде 68 млрд теңге осы ағымдағы шығыстардан оңтайландырылды. Сәйкесінше, олар бюджеттің нақты секторды дамытуға бағытталды.
Тегтер #мәжіліс #бюджет жобасы #Ұлттық экономика министрлігі #республикалық қазынаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz