RU
Толық нұсқаға өту

Кәсіпкерге гранттың көмегі зор

24.09.2025, 10:00 352

Биыл Батыс Қазақстан облысында жаңа бизнес-бастамаларды іске асыруға жалпы сомасы 598 млн теңге көлемінде грант бөлінді.

Соның арқасында келте жіпті күрмеуге келтіре алмай жүрген ауыл кәсіпкерлері өз ісін өрістете бастады. Мәселен, шалғайдағы Жәнібек ауданында 21 тұрғын 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қайтарымсыз қаржылай қолдауға ие болды. 

Батыс Қазақстан облысында өткен жылы әлеуметтік әлжуаз санаттағы 389 азаматқа мемлекеттік грант берілді. Биыл қайтарымсыз қаржылай қолдауға ие болғандардың саны 398. Солардың бірі Жәнібек ауданының тұрғыны Гүлнұр Жұмаева. Бұрын аудандық ауруханада тіс дәрігері болған білікті маман жуырда жеке стоматология кабинетін ашқан. Қажетті жабдықтар алуға мемлекет көмектесіпті. Келешекте кәсібін кеңейтпек ниетте. 

Гүлнәр Жұмаева, тіс дәрігері:

- Көп балалы ана ретінде жеке пландарымды тапсырып құжаттарымды, өттім. Сол грант алып, керек-жарақтарымды алып, жетіспей тұрған рентген аппарат, ноутбук, пломбылау материалдарды. Мында енді тіс емдеу, тіс хирургиялық-терапиялық жұмыстарды көрсетем. Тіс ағарту, протездер алдағы уақытта бола жатыр. Халыққа тиімді, қолжетімді бағамен жасап жатырмын. 

Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған қайтарымсыз қаржыны жұмыссыздар мен жеке кәсіпкерлер ала алады. Алайда бәрі бірдей емес. Мүгедектер мен қандастар, аз қамтылған отбасы мүшелері мен көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған жанұялар мен асыраушысынан айырылғандар ғана құжаттарын жолдап, өтінім бере алады. Биыл өңірде 395 азамат жалпы сомасы 598 млн теңгенің грантына ие болған. 

Саян Баймұқанов, облыстық еңбек ұтқырлығы орталығының директоры:

- Гранттар табысталды. Басым көпшілігі саралайтын болсақ, көп балалы отбасылар екен. Мал шаруашылығы, құс шаруашылығы, халыққа қызмет көрсету саласы, шұжық өндірісі бар, автокөлік жөндеу жұмысы, шаштараз деген секілді тағысын тағы қызмет түрлеріне алған болатын. Барлығы да тікелей бізге қатынасы жоқ. Өтінім беруші Бизнес-еңбек сайты арқылы өтінім бере алады. Ол үшін Бизнес-еңбек сайтына оқығандығы туралы сертификат болу керек. Және өзінің бизнес жоспары болу керек.  

Қайтарымсыз қаржы ісін жаңа бастаған кәсіпкерлердің бизнес әлеуетін арттыруға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.

Е.Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz