RU
Толық нұсқаға өту

Еуропа Ресей мұнайынан бас тарта ала ма?

29.09.2025, 07:35 301

ОПЕК-тің шешімі онсыз да арзандап тұрған мұнай бағасын одан әрі құлдыратуы мүмкін.

Дүние, мүлік, тауардың арзандағаны жақсы, бірақ өндіріс өзін ақтамаса соңы дағдарысқа әкеледі. Нарықта тепе-теңдік бұзылады. Бір есепте бұл біреулерге тиімді болуы да мүмкін. Яғни басты ойыншылар қарпып қалуға тырысады. Бизнеске саясат араласады. Президент Трамп БҰҰ мінберінен НАТО мен Еуропа елдеріне ресейлік мұнайдан бас тарту туралы қайта үндеу тастады. «Осылай Ресейдің табысын азайтып, әскери әлеуетін әлсіретеміз», - дейді. Кейінгі кездері Ақ үй басшысы бұл мәселені жиі көтеріп жүр.

Президент Трамптың көздегені не? Америка басшысы осыған дейін Қытай мен Үндістаннан да ресейлік мұнайдан да бас тартуын талап етті емес пе?

Еуропа Ресей мұнайынан бас тарта ала ма?

Венгрия мен Словакия ресейлік мұнайдан бас тарта алмайды. Себебі теңізге шығатын жолы жоқ. Басқа елден қара алтын тасымалдау тым қымбатқа түседі. Мәселен, Венгрия экономикасы үшін бұл жалпы ішкі өнімнің 4 пайызы шамасында шығын келтіруі мүмкін. Яғни Батыстағы саяси факторлар бұл қадамға итермелегенімен, Будапешт пен Братиславаның экономикалық жағдайы бұған әлі дайын емес екенін көрсетіп отыр. 

Джурай Бланар, Словакияның Сыртқы істер министрі: 

- Газ бен мұнайға арналған инфрақұрылымды салу оңай шаруа емес. Оған ондаған жылымыз кетті. Қазір ресейлік мұнайға тұрақты әрі арзан бағада балама жоқ. Сондықтан бұл мәселені шешуге уақыт қажет.

Еуропалық Одақ Венгрия мен Словакияның Ресейге тәуелділігін азайту үшін Адриа құбырының қуатын арттырмақ. Алайда оның инфрақұрылымы қосымша жүктемеге шыдамайды. Сондықтан Орталық Еуропада ресейлік «Дружба» құбырына әзірге балама болмай тұр.

Дан Йоргенсен, ЕО Энергетика жөніндегі комиссары:

- Өкініштісі сол, Еуропа елдері Ресейдің Украинадағы қарулы қақтығысын осы уақытқа дейін жанама түрде қаржыландырып келді. Бұған нүкте қоюымыз қажет. Елдегі ішкі мәселелерге байланысты кей мемлекеттер қарсы. Бірақ бұл санкция емес, тек ұсыныс.

Ұсыныс деп айтқанымен, ЕуроОдақ Венгрия мен Словакияға қысымды күшейтіп, тездетіп басқа нарық табуды талап етіп отыр.

Кая Каллас, ЕО Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі өкілі:

- Ресейлік мұнайды сатып алғаны үшін санкция саламыз деген әңгіме жоқ. Олардың мұнайы мен газы арзан болғанымен, қалай болса да тәуелділіктен құтылуымыз қажет. Іргелес жатқан мемлекеттер ұсыныстарын жасады. Бірақ бұл жерде бір мәселе бар. Ресейдің энергетикалық шикізаты басқаларына қарағанда әлдеқайда арзан.

Түркия Трамптың талабын орындай ма?

Президент Трамп түркиялық әріптесі Ердоғанмен Ақ үйдегі бас қосуында да Ресей мұнайынан бас тарту мәселесін көтерген-ді. Тіпті өтінішін орындаса, F-35 жойғыш ұшақтарын сатып алуға рұқсат етеміз дегендей емеурін танытты. Ал Анкара бұл келісімге 2019 жылдан бері қол жеткізе алмай келеді. Сарапшылардың айтуына қарағанда, бұл жай ғана «ұшақ сату» емес, алдағы уақытта Түркияның сыртқы саяси бағытын анықтайтын ұсыныс.

Әлемдік мұнай нарығындағы тартыс

АҚШ Ресей мұнайын тоқтатып, Еуропаның нарығын өзі иемденгісі келеді. Ресей Президенті баспасөз хатшысы Дмитрий Песков осылай дейді.

Иә, кейінгі әлемдік саудада америкалық WTI барреліне 65 доллар төңірегінде бағаланса, ресейлік урал 62 долларға сатылып жатыр. Яғни баға бойынша әлемдік нарықта ресейлік қара алтын тиімді болып тұр.

Дмитрий Песков, Ресей президентінің баспасөз хатшысы:

- Трамптың мақсаты айқын. Ол әлемді АҚШ-тың қымбат мұнайы мен газын сатып алуға мәжбүрлегісі келеді. Трамп - бизнесмен. Ол еуропалықтарды үлкен шаянды үшке емес, керісінше кішкентайын беске алғыздырмақшы. Бұл жерде саяси емес, экономикалық мүддесін, яғни пайда табуды көздеп отыр.

Десе де, солтүстіктегі көршіміз назарын Еуропадан Азия нарығына бұрып отыр. Мәселен, 2025 жылы екінші тоқсанда Ресейдің мұнай экспорты 150 млн тоннадай болды. Бұл жаһандық мұнай саудасының 10,2 пайызы. Ресейлік энергетикалық шикізаттың 38,8 пайызы Қытайға, ал Үндістанға 31,4 пайызы жеткізілген. Түркия да ресейлік мұнайдың ірі тұтынушысы саналады. Анкара 21 пайызын сатып алған.

Ресейдің мұнай экспорты

Қытай - 38,8 %

Үндістан - 31,4 %

Түркия - 21,5 %

Қалған елдер - 8,3%

«Ресей арзан баға ұсынып, Қытай мен Үндістан секілді алыптарға мұнайын өткізіп келеді. Бұл табыс көзін сақтап қалудың жолы. Ал АҚШ болса, саяси қысымды күшейту арқылы өз нарығына жол ашпақ», - дейді сарапшылар.  

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz