RU
Толық нұсқаға өту

Ақ үй тиімсіз қызметкерлерді қысқартпақ

02.10.2025, 07:44 416

Шатдауннан, яғни үкімет жұмысының уақытша тоқтауынан АҚШ экономикасы аптасына 15 млрд доллар жоғалтады.

Бұл - Ақ үйдің есебі. 1 қазаннан бастап Құрама Штаттарда жүздеген мың адам белгісіз мерзімге ақысыз демалысқа жіберілді. Бұған екі партияның, яғни республикашылар мен демократтардың бюджетке қатысты ортақ шешімге келе алмауы себеп. Дональд Трамп президенттігінің бірінші мерзімі кезінде де осындай жағдай болған. Ол кезде республикашылар мен демократтар көші-қонға қаржы бөлу бойынша келісе алмай, үкімет 35 күнге жұмысын тоқтатқан еді. Бұл жолы ахуал қалай өрбуі мүмкін? 

АҚШ-тағы Шатдаунның бірінші күні   

Бюджетке қатысты дау АҚШ саясатындағы үйреншікті жағдай. Алайда бұл жолғы текетірес қатты ушығып тұр. Республикашылар медициналық сақтандыруға қатысты салықтық жеңілдіктерді алып тастамақшы. Бұл демократтардың наразылығын тудырды. Олардың айтуына қарағанда, бұл миллиондаған америкалықтың медициналық көмек алатын құқығын шектейді. Салдарынан екі партия өкілдері ортақ мәмілеге келе алмай, федералдық үкімет жұмысы уақытша тоқтады. Енді бюджет бекітілмейінше, мемлекеттік мекемелер қаржыландырылмайды. Мыңдаған қызметкер белгісіз уақытқа ақысыз демалысқа жіберілді. Әскер, полиция, төтенше жағдай және денсаулық сақтау секілді саланың қызметкерлері ғана жұмысын жалғастыра береді. Бірақ олардың өзі еңбекақысыз жұмыс істейтін түрі бар.

Чак Шумер, АҚШ конгресі Сенатының депутаты:

- Президентпен жабық есік жағдайында кездестік. Ол америкалықтарға төніп тұрған қауіпті түсінбейтін сыңайлы. Трамптың тарифтері, оның экономикалық саясаты мен жіберген қателіктері салдарынан Америка азаматтарының шығыны артып барады. Егер салықтық жеңілдіктер алынып тасталса, онда медициналық сақтандыру жарналары екі есе өседі. 

Ақ үй тиімсіз қызметкерлерді қысқартпақ  

Осыған дейін АҚШ-та үкімет жұмысының уақытша тоқтауы Президент пен Конгресс беделіне сын саналатын. Бірақ осы жолы Ақ үй әкімшілігі бұл қадамға саналы түрде барып отырған сыңайлы. Мұндағы мақсат - федералдық аппараттың тиімсіз қызметкерлерін анықтап, оларды біржолата қысқарту. Алайда сарапшылар «биліктің бұл ұстанымы мемлекеттік мекемелерде кадр тапшылығы мәселесін ушықтыруы мүмкін», - деп санайды.

Рэнди Эрвин, Ұлттық федералды қызметкерлер федерациясының президенті:

- АҚШ-та федералдық қызметкерлер жекеменшік сектордағы әріптестерінен 25 пайыз төмен жалақы алады. Қазір оларға лайықты құрмет те көрсетілмейді. Қорлайды, үркітеді, жұмыстан шығарады, қысқасы әбден мазақ етіп бітті. Бұлай жалғаса берсе, Федералдық қызметке кәсіби мамандарды тарту қиындайды.

АҚШ-та Шатдауннан ЖІӨ кемуі мүмкін    

Сарапшылар: «Егер Шатдаун бір-екі аптаға жалғасса, қорқатындай ешнәрсе жоқ, - дейді. Ал одан ұзақ уақытқа созылса, Құрама Штаттарының жылдық өсімі баяулайды. Яғни АҚШ-тың жалпы ішкі өнімі жарты немесе 0,3 пайыз кемиді», - деп топшылап отыр. Бірақ қаржы саласы мамандарының айтуына қарағанда, мұндайда доллар құнсызданып, дамушы елдер үшін уақытша пайда әкелуі мүмкін.

Алмас Чукин, экономист:    

- Бұл жағдай бізге уақытша тиімді болуы мүмкін. Өйткені АҚШ-та осындай проблемалар басталғанда, доллар әлсірейді, арзандайды. Бұл белгілі бір деңгейде бізге пайда әкелуі ықтимал. Бірақ жалпы алғанда әрине, бұл жақсы нәрсе емес. Өйткені ортақ шешімге келмей, Құрама Штаттар үкіметінің жұмысы тоқтап тұрады. Ал келісілген бюджетсіз билік қаржы жұмсай алмайды.

АҚШ-тағы саяси дағдарыс қай уақытқа дейін созылатыны белгісіз. Сенаттың ендігі жиыны 3 қазанға жоспарланып отыр. Бірақ республикашылар мен демократтар ортақ мәмілеге келе ала ма? Өйткені бұл текетіресте райынан қайтар ешкім жоқ. 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz