Экономика, білім, ғылым, инновация және озық технология секілді стратегиялық маңызы бар салалардың дамуы қуат көздерінің қолжетімді болуына тікелей байланысты. Қазақстан энергетика саласына инвестиция тартуға, оның бәсекеге қабілетін арттыруға баса мән береді.
Премьер-министр елордада өтіп жатқан Kazakhstan Energy Week-2025 апталығы әрі XVI Еуразиялық KazEnergy форумында осылай деді. Қазір еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мен дербестігін нығайту бағытында ауқымды жобалар жүзеге асып жатыр. Сондықтан шетелдік компаниялармен жаңа серіктестік орнатып, өзара тәжірибе алмасу үшін осындай жиындардың маңызы зор.
Энергетика – ел экономикасының негізгі саласының бірі. Елдің әл-ауқаты мен әлеуеті оған тікелей байланысты. Қазақстан қазір энергетикалық, инновациялық және технологиялық ресурстарға ие. Ауқымды форумда сөз алған Үкімет басшысы, саладағы бірқатар жетістікті тізді. Сондай-ақ мұнымен тоқтап қалмай, еліміздің шетелдік ұйымдармен бірігіп энергетиканы дамытуға мүдделі екенін айтты.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Қазақстан энергетика саласына инвестиция тартуға, оның бәсекеге қабілетін арттыруға баса мән береді. Бұл тұрғыдан алғанда, еліміз жауапкершілігі жоғары орта держава ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымы, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы, МАГАТЭ және ОПЕК сияқты беделді халықаралық ұйымдармен байланысын бекемдей түсуге мүдделі.
«Салалық ведомство жасыл энергетика бағытын дамытуды жолға қойды. Қазірдің өзінде оң нәтиже бар. Елде жалпы қуаты 3,2 гигаватт болатын 150-ден астам жаңартылатын энергия нысаны жұмыс істеп тұр. Биыл жалпы күші 450 мегаваттан асатын 10 шақты жобаны іске асыру көзделді. Ал 2035 жылға дейін қуаттылығы жоғары жаңа энерго нысандар салу жоспарланған. Бұл жұмыстарға шетелдік компаниялар тартылады», - дейді жауаптылар.
Рүстем Қыдырбеков, ҚР Энергетика министрлігі ЖЭК департаменті директорының орынбасары:
- Жаңартылатын энергия көздерінің үлесі генерацияда 6,5 пайызды құрады. 2025 жылы 6 пайызға жетуіміз керек болған. Қазір ол индекаторды орындадық десек болады. 2030 жылы ЖЭК үлесін 15 пайызға жеткізуіміз керек. Алдымызда сондай мақсат тұр. Одан кейін 2050 жылы баламалы энергетика көздерін қоса алғанда 50 пайызға жетуіміз керек. Халықаралық ынтымақтастықты дамытып жатырмыз. Бізде Қытаймен, Француз Республикасымен және БАӘ-мен үкіметаралық келісімге қол қойылған. Оның аясында 3,8 гВт жаңартылған энергия көздері нысандары салынатын болады.
Форум аясында түрлі тақырыптағы бірнеше панельдік сессия өтті. Солардың бірі – мұнай-газ химиясы. Бүгінде еліміз жылына 90 млн тоннаға жуық мұнай өндіргенімен, оның 18 млн тоннасын ғана өңдейді. Сондықтан осы бағыттағы көрсеткішті 40 млн-ға жеткізу көзделді. Әлбетте, бұл тұста халықаралық серіктестіктің маңызы жоғары.
Темірлан Үркімбаев, ҚР ЭМ Мұнай-газ химиясы және техникалық реттеу департаментінің директоры:
- Бұған дейін Мемлекет басшысы терең және қайта өңдеу әлеуетін арттыру қажеттігін бірнеше рет айтты. Дәл қазір бізде бұл мүмкіндік бар және оны қалт жіберіп алмауымыз қажет. Былтыр мұнай-газ химиясын дамыту бойынша 2030 жылға дейінгі жол картасын қабылдадық. Ол 15 млрд долларға 6 жобаны іске асыруға мүмкіндік береді. Бүгінгі өтіп жатқан форум – шетелдік компаниялармен тәжірибе алмасуға жол ашады.
Форум осымен 16-шы рет ұйымдастырылып отыр. Биыл оған 50-ден астам мемлекеттен 2,5 мың делегат пен 300 ірі компания өкілдері қатысуда.
Авторлары: Альмира Оразбай, Диас Ковланбаев
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Астана #Kazakhstan Energy Week2025 #форумPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz