RU
Толық нұсқаға өту

Криптовалюталық қор мүмкіндіктері

06.10.2025, 13:40 448

Криптоқор – экономиканы әртараптандырудың тағы бір тәсілі. Жаһандық экономика нарығы өзгеріске ұшыраған тұста, әлемдегі қаржылық процестерге жылдам ыңғайланудың мүмкіндігі.

Криптоқор цифрлық активтерді мүлік ретінде жинақтап, сақтауға мүмкіндік береді. Қазақстан өзге елдер сияқты негізінен дәстүрлі активтерге иек артады. Бағалы металдар мен шетелдік валюта, облигация сияқты құнды қағаздардың қорын жасақтап, оны ұлғайтудың жолын іздейді. Бірақ әлемдегі қаржы нарығы өзгеріске ұшырағанын мойындайтын кез келді. Қолымызды кеш сермеп, көштен қалмас үшін, жаһандық тенденцияға қазірден ілесіп кету маңызды. Binance Kazakhstan-ның басшысы Нұрхат Көшімовтың ойы осыған саяды.

Нұрхат Көшімов, Binance Kazakhstan бас менеджері:

- Ең алдымен криптоқор ұлттық резервті әртараптандырып, қаржылық икемділікті арттырады. Ең бастысы, қор құру арқылы жаһанға цифрлық экономикаға әзір екенімізді білдірдік. Цифрлық активтер жылдам әрі белсенді келеді. Сондай-ақ дәстүрлі активтермен салыстырғанда кез келген жағдайға бейімделе алады. Криптоқор жоғары технологиядан ғана емес, тұрақтылықтан да хабар береді. Бұл ретте қор құру туралы президенттің жолдауындағы тапсырмасы криптоқор құрылымын заңдастырып, экожүйені тездетіп қалыптастыруға жол ашты.       

Сыртқы факторлардың төл валютаға қысымын азайтып, құбылуын реттеуде цифрлық активтердің көмегі көп тиері сөзсіз. Нұрхат Көшімовтың пікірінше, криптовалюта мұндайда шапшаң есеп жүргізіп, валютаның өтімділігін жылдамдатуға мүмкіндік береді. Бұл әсіресе, дағдарыс кезінде тез әрекет етпекке керек.

Нұрхат Көшімов, Binance Kazakhstan бас менеджері:

- Жалпы блокчейн мен цифрлық активтердің қауіпсіздігі өте жоғары, ол бірнеше қабаттан тұрады. Бұл жерде негізгі менеджменттегі шардинг тәсілін қолдану  маңызды, яғни, қаржыны жылы және салқын әмиянда бөліп ұстап, сақтаудағы түрлі саясатты ұстанған жөн. Бұдан бөлек, рұқсат етілген IP-адрестерден блокчейн мониторингін жүргізу,  шұғыл әрекет жағдайында түрлі сценарийге дайын болу және смарт келісімдердің сыртқы аудитін қамтамасыз ету қажет. Сонымен бірге қор есептерінің ашықтығын қамтамасыз ету маңызды.

Криптоқор құру –  жаһандық қаржы нарығындағы өзекті мәселе. Бұған дейін биткойнды мойындамай келген АҚШ президенті Дональд Трамптың өзі, биыл наурызда цифрлық активтер қорын құру жөніндегі жарлыққа қол қойды. Сол кезде әлемдегі негізгі криптовалюталардың құны бірден өскен. Қазір АҚШ Конгресінде және жекелеген штаттарда қорды кеңейту туралы заңнамалық нормалары талқыланып жатыр

 Сергей Путра, Блокчейн және Цифрлық майнинг қауымдастығының Вице-Президенті:

-Бұл бастаманың көтерілгеніне әлі бір жыл болған жоқ. Сондықтан оның сәтті не сәтсіз екендігін айту ерте. Дегенмен, криптовалютаның ғаламдық экономикаға ықпалын жоққа шығаруға болмайды. Сол себепті одан ат-тонымызды ала қашқанымыз еш жөн болмас. Олай істесек, қателікке ұрынуымыз мүмкін. Жалпы, осындай бастаманы қолға алған Қазақстан криптоқоры бар әлемдегі алғашқы елдердің біріне айналады. 

 Alem Crypto Fund қорын жасақтау – Ұлттық банктің еншісіндегі міндет. Яғни, ұлттық банк қор жұмысын жүргізу әдістемесін, ондағы шектеулер мен қауіптерді басқаруға жауапты болмақ. Басты міндеті криптоқорды қолданыстағы резерв жүйесіне біртіндеп енгізу.

Автор: Бақыт Топтаева, 24 KZ

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz