Қазір әлемнің бірқатар елі 517 мыңнан аса биткоинды иеленіп отыр. Бұл - криптовалютаның 2,5 пайызы. Тізімде АҚШ пен Қытай көш бастап тұр. Алдағы уақытта тізімнің толығатын түрі бар. Себебі өздерінің ұлттық қаржы қорларына биткоинды енгізуді қарастырып жатқан ел көп.
АҚШ-та криптонарық қарқынды дамып келеді. Қазір бірқатар криптокомпания банк лицензиясын алуға ниетті. Бұл оларға дәстүрлі қаржы институттары секілді қызмет көрсетуге, яғни депозит қабылдап, несие беруге мүмкіндік береді. Криптокомпаниялардың лицензия алуға тырысуы - банктермен бәсекелес емес, нақты банкке айналуды қалайтынын аңғартады, - дейді сарапшылар. Ақ үй басшысы жыл басында билікке келе сала крипторезерв құру туралы шешім шығарды. Демек, Президент Дональд Трамптың криптонарыққа бет бұруы бекер емес.
Том Данливи, Мv Global компаниясының инвестициялар жөніндегі директоры:
- Қазір АҚШ-та билік пен корпорациялар тарапынан цифрлық ақшаға қызығушылық артып келеді. Егер Ақ үй әкімшілігі криптовалюталарды экономикаға енгізу бағытын жалғастырса, онда әлем қаржы жүйесіндегі жаңа дәуірге аяқ басады.
Бразилия да валюталық қордың бес пайызын биткоин түрінде сақтау мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл 200 мың биткоин, яғни 18 миллиард долларға тең. Басты мақсат -қазына активтерін әртараптандыру, ұлттық резервтерді валюталық және геосаяси тәуекелдерден қорғау. Ел билігі кибершабуылдар қаупін азайту үшін цифрлық ақшаны әмияндарда сақтамақ.
Эрос Бьондини, Бразилия Ұлттық конгресінің депутаты:
- Бразилия - әлемде криптовалютаны кеңінен пайдаланатын елдердің бірі. Халықтың шамамен 16 пайызы криптоактивтерге ие немесе оларды қолданады. Дегенмен бұл үрдіс мемлекеттік стратегияларда ескерілмей отыр. Біздің ұтылып отырған тұсымыз осы.
Ал, Филиппин Конгресі бес жыл ішінде 10 мың биткоиннан тұратын стратегиялық қор құрмақшы. Қомақты активке 20 жыл қол сұғуға тыйым салынады. Тек мемлекеттік қарызды өтеуге пайдалануды жоспарлап отыр. Филиппин үшін бұл бастама өзекті. Себебі елдің мемлекеттік қарызы 285 миллиард доллар. Бұл - ЖІӨ-нің 60 пайызы.
Кейінгі деректер бойынша, 2045 жылға қарай әлем елдері мен корпорациялар биткоинның 50 пайызын бақылауы мүмкін. Жаһан елдерінің бірі бұл бағытта ұтымды, бірізді саясатқа көшіп жатса, енді бірі күмәнмен қарайды. Швейцария мен Австралия биткоинді тәуекелі тым жоғары актив деп санайды.
Десе де, терезе басын тең ұстамаса тағы болмайды. Өйткені, «әлем экономикасы алпауыттарының бетбұрысы жаһандық қаржы жүйесі жаңа дәуірге аяқ басқанын көрсетсе керек», - дейді сарапшылар.
Авторы: Зайнұр Байжігіт
Тегтер #криптоқор #АҚШ #криптовалюта
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz