Жаңа егін астығын жеткізу көлемі биыл қыркүйек айының өзінде ғана 1 миллион 300 мың тоннадан асты. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 28 пайызға артық көрсеткіш. Оның 320 мың тоннаға жуығы ішкі нарық сұранысына жолданса, мың тоннадан астамы экспортқа шығарылған. Осылайша, астық өнімін тасымалдау бойынша өсім 19 пайызды құрап отыр.
Дегенмен, нәтиже бұдан да жоғары болуы мүмкін еді. Депутат Ерболат Саурықовтың айтуынша, оңтүстік өңірдегі шаруаларға арнайы мемлекеттік бағдарлама қажет. Оның сөзінше, соңғы үш жылда Жамбыл облысының егістік алқаптары қуаңшылық салдарынан едәуір шығынға ұшыраған. Бұған қоса, импорттық өнімнің құны әлдеқайда төмен болғаны да кері әсерін тигізген.
Ерболат Саурықов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Шілде айының өзінде Жамбыл облысында 62 жоба проблемалық деп тіркелгені анықталды. Қазіргі уақытта, күзде бұл көрсеткіштің екі есе артуы мүмкін екені болжанып отыр. Сондықтан жүйелі әрі шұғыл шараларды қабылдау қажеттігін атап өтеміз.
Барлық несие мен лизинг төлемдерін бір жылға өсімпұлсыз шегеру қажет. 2024–2025 жылдарға арналған субсидиялар мен инвестициялық субсидиялар бойынша берешектерді толық өтеуді қамтамасыз етіп, төлем кестесін нақты бекіту керек. Сондай-ақ, субсидиялау жүйесін қайта қарап, түсініксіз және қайшылықты нормаларды жойып, нақты бағытталған әрі әділ қолдау механизмін енгізу қажет.
Сонымен қатар, депутат қарызын уақытылы өтей алмаған шаруаларға қайтадан субсидия алу мүмкіндігін беру қажеттігін де айтты. Оның пікірінше, шаруа қожалықтарының жаппай жабылуын болдырмас үшін дағдарысқа қарсы шаралар пакетін әзірлеу қажет. Бұған қоса, күзгі дала жұмыстарына, тұқым мен жанар-жағармайға арналған өңірлік тұрақтандыру қорын жасақтау қажеттігін де алға тартты.
Тегтер #астық #депутат #Ерболат СаурықовPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz