Қазір банк карталары да қажетсіз болып барады. Жұрттың алды биометриялық төлем жүйелеріне көшті. Бұрынғыдай әмиян ұстап, касса алдында кезек күтіп тұратын заман жоқ. Болашақтың ақшасы өмірімізге еніп те үлгерді.
Енді біраздан соң чип те, қазір ел шулап жатқан алақанмен ақша төлеу де көп ұзамай ұмытылады.
Динара Орынтай, тілші:
- Әлем цифрландыруға жылдам бет бұра бастады. Жұрттың дені қазір дүкенге бармайды. Тауарға үйде жатып тапысырыс береді. Сол себепті базарлар мен дүкендерде адам аяғы сирей бастады. Тіпті тұтынушыға банк картасының да керегі шамалы. Виртуалды әмиян ашып, тауардың құнын сол арқылы төлейді.
Айбар Олжаев, қаржы сарапшысы:
- Бізде ақшаның бәрі - тек қағаз деген ой болмау керек. Енді былай қарағанда, болашақта қағаз ақша қалсын дегеннің мәнісі қалмады. Толық цифрланғаннан кейін кәдімгі цифрлы ақша енеді.
Мамандар келер жылдың басында цифрлық валюта алтынға қарағанда көп табыс әкеледі деп болжайды. 2009 жылы биткоин алғаш пайда болғанда оған сенгендер аз еді. Ал қазір нарықтық бағасы шарықтап тұр. Десе де цифрлық ақшаның қаупі де жоқ емес.
Айбар Олжаев, қаржы сарапшысы:
- Цифрлы ақшаның белгілі бір кемшіліктеріне келетін болсақ, алаяқтар оны да бұзуға белгілі бір жолдар тауып алуы мүмкін. Демек ол крипто алаяқтыққа алып келуі мүмкін. Сондықтан ешкім 100 пайыз ақшамыз қорғалған деп кепіл бере алмайды. Өйткені мемлекет қандай шифр қолданды, оны да шифровицация жасау қиын болмайтын сияқты. Оның да белгілі бір өзінің технологиялары бар. Хакерлері бар, басқа адамдары бар. Бұл мәселеде белгілі бір киберқауіпсіздік мәселесіне өте көңіл аударылуы тиіс. Жұмыстың 90%-ы осыған бағытталатын сияқты.
Қазір кей банктер мен қаржы ұйымдары өз қолданушыларына биометриялық технологиялар арқылы, яғни саусақ іздері, бет бейне сканері арқыл төлем жасауды ұсынады. Кейбір компаниялар, мысалы, Amazon One сияқты сервистер, саусақ іздерін сенім артқан. Енді адам бармақ басып, болмаса алқан жайып та әуре болмауы мүмкін. Өйткені көз арқылы төлем жасау технологиясы дамып келеді. Мұны кей елдер жүзеге асыра бастады.
Мишель Роиг, Fingerprints компаниясының өкілі:
- Жақында жүргізілген зерттеу нәтижелері тұтынушылардың 62%-ы биометриялық төлем картасын алу үшін банк қызметін ауыстыруға дайын екенін көрсетті. Бұл биометриялық карталардың қауіпсіздігі мен ыңғайлылығына деген жоғары сұраныстың барын дәлелдейді.
Адамның өзі де әмиянға айналды. Швецияда тұтынушылар қолға орнатылған чип арқылы төлем жасай алады. Мұндай әдіс ең бастысы уақыт пен интернетке тәуелді емес. Чип иесі қолын терминалға жақындату арқылы төлемді жүзеге асыра алады. Алайда кейбір ғалымдар чипті денеге енгізу әдісіне күмәнмен қарайды.
Бен Либбертон, микробиолог:
- Чиптің ішінде сақталатын деректердің көлемі артқан сайын, оның адамға тиер қаупі де артады. Яғни чипте көбірек ақпарат жинақталған сайын, оларды ұрлау, бұзу немесе теріс мақсатта пайдалану қаупі жоғарылайды.
Ақша жүйесінің болашағы цифрландырумен қатар қатер де алып келді. Сондықтан «деректерді қорғау мен алаяқтықтың алдын алу үшін қосымша шаралар қажет», - дейді мамандар.
Ал қаншама жылдар қалтасынан тастамаған әмиянды естен шығарып үлгерген адам баласы, көп ұзамай алақанмен ақша төлеуді де ұмытса, таң қалмаңыз.
Авторы: Динара Орынтай
Тегтер #қаржы жүйесі #банк картасыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz