Цифрлық теңге кез келген азаматқа қолжетімді болады. Ұлттық банк өкілдерінің айтуынша, жаңа төлем құралының қауіпсіздігі барынша қамтамасыз етіледі.
Тіпті жеке код арқылы әр теңгенің айналымын қадағалау оңай. Цифрлық теңгені қалай пайдалануға, қалай алуға болады? Пайдасы қандай?
Цифрлық теңгені күнделікті онлайн аударымдармен шатастыруға болмайды. Өйткені екінші деңгейлі банктердің қосымшасымен жасалған есеп айырысулар - бар болғаны электронды төлемдер. Ал цифрлық теңге әзірге кейбір жобаларды Ұлттық қор есебінен қаржыландыру кезінде ғана қолданылып жатыр. Сонымен қатар жаңа төлем құралын криптовалюта ретінде қарастыру да - қате пікір.
Қажыкелді Шамбыл, Экономика ғылымдарының Phd кандидаты:
- Цифрлық теңгені «криптовалюта» деп атау қазіргі таңда үлкен мәртебе.. Цифрлық теңге жоғарыда аталған «токен» мен «виртуалды мүліктің» аралық версиясы. Неге? Өйткені цифрлық активтер туралы әлі бір заң жоқ. Қазіргі таңда Қазақстанда шығып жатқан цифрлық активтерге нақты осылай болады, нақты квалификациясы бойынша осылай болады деген критерий жоқ. Ол критерий әлі ешбір мемлекетте толық жасалмаған.
Дегенмен алдағы уақытта цифрлық теңге кез келген адам үшін қолжетімді бола бастайды. Екінші деңгейлі банктерде карта, несие, депозит және ағымдағы есепшот тәрізді енді «цифрлық теңге» шоты іске қосылады. Азаматтар жаңа төлем құралын банк қосымшасы немесе бөлімшелері арқылы сатып ала алады. Трансшекаралық аударымдар делдалсыз жылдам әрі арзан болады. Күнделікті төлемдер мен аударымдарды да бұрынғыдан қолжетімді қылуы мүмкін. Сонымен қатар зейнетақы, жәрдемақы және өзге де мемлекеттік төлемдер тез түседі.
Әйгерім Бабағали, ҚҰБ «Ұлттық төлем корпорациясы» АҚ цифрлық теңге жүйесі басқармасының бас қызметкері:
- Цифрлық теңге барлық пайдаланушы үшін, атап айтқанда жеке тұлғалар, екінші деңгейлі банктер, сауда ұйымдары, мемлекеттік төлем жүйелері, финтех компаниялар мен нарықтың басқа қатысушылары үшін жаңа перспективалар мен мүмкіндіктер ашады. ЦТ пайдаланушыларға таныс құралдар, ұялы телефондар мен карталар пайдалана отырып, жедел төлемдерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Әрбір цифрлық теңгенің айналымын қадағалау қиынға соқпайды. Ол үшін жеке код қолданылады. Яғни жоғалған қаражатты табу оп-оңай. Ұлттық банк өкілдерінің айтуынша, жүйенің қауіпсіздігі бірнеше деңгейде қамтамасыз етіледі.
Әйгерім Бабағали, ҚҰБ «Ұлттық төлем корпорациясы» АҚ цифрлық теңге жүйесі басқармасының бас қызметкері:
- Біріншіден, банк деңгейі: екінші деңгейлі банктер орындайтын операциялар заманауи шифрлау мен қолжетімділікті бақылау технологиялары арқылы қорғалады. Екіншіден, инфрақұрылым деңгейі: платформаның тұрақты әрі сенімді жұмысын қамтамасыз етеді. Бұл деңгейде серверлердің физикалық қауіпсіздігі мен жүйенің ақауға төзімділігіне ерекше мән беріледі. Үшіншіден, қызметтік деңгейі: цифрлық теңгемен жұмыс істейтін барлық сервистердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бұл рұқсатсыз қол жеткізу мен кибершабуыл қаупін барынша төмендетуге бағытталған.
Көпшілік көкейіндегі тағы бір сауал - цифрлық теңге қолма-қол ақшаны алмастыра ма? Сарапшылардың пікірінше, кез келген цифрлық активтер дәстүрлі активтердің орнын толық баса алмайды. Тек белгілі бір бөлігін еншілейді. Цифрлық теңгенің бірінші транзакциясы 2023 жылы жасалды. Ал қазір жоба тестілеуден өтіп жатыр, сондықтан мемлекеттік сатып алулар мен әлеуметтік төлемдер саласында ғана қолданылады.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Әлішер Әли
Тегтер #қаржы #Цифрлық теңге #Ұлттық банкPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz