RU
Толық нұсқаға өту

Шет елдерде қазақ көміріне сұраныс артты

12.11.2025, 07:30 387

Қазақстан көмірінің басым бөлігі Ресей арқылы экспортқа шығады. Бұл көрсеткіш жыл санап өсіп отыр. Биыл 10 айда Ресей порттарынан біздің 9,6 млн тонна көмір тасымалданды. Бұл былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,5 млн тоннаға немесе 34% артық. Балтық теңізіндегі порттар арқылы 6,2 млн тонна жөнелтілсе, Азов және Қара теңіз порттарынан 3,4 млн тонна көмір шетелге жол тартты. Қазақ көмірінің негізгі импорттаушысы қай елдер және елдегі көмір химиясының аяқ алысы қалай?

Қазақ көміріне сұраныс өсіп келеді. Биыл алғашқы жарты жылда теміржол арқылы 16 млн тоннадан аса көмір экспортталды. Бұл былтырмен салыстырғанда 14% артық. Басым бөлігі Ресейге тиесілі. Солтүстіктегі көршіміз 11 млн 800 мың тоннасын сатып алды. Ал Түркия мен Үндістанға экспорт екі есе артып, жалпы көлемі 3 млн тоннаға жетті. Сондай-ақ Қырғызстан да импортты 24% ұлғайтып отыр.

Таяу жылдары ел ішінде де сұраныс өседі. Энергетика министрлігі бірнеше жылу электр орталығының құрылысын қолға алды. Бірақ бұл станциялар «таза көмір» технологиясы негізінде жұмыс істемек.

Болат Ақшолақов, KazEnergy қауымдастығының төрағасы:

- Елдегі энергияның шамамен 70%-ін көмір жағатын жылу электр станциялары өндіреді. Дегенмен әлемде көмірді қолдануды шектеу бойынша жұмыс жүріп жатыр. Әрине, жаңартылатын энергия көздерін де дамыту керек. Бірақ олар энергияны тұрақты бере алмайды және мұндай қуат көздері жылу энергиясын өндірмейді. Ал біздің климатты ескерсек, көмірден толық бас тарту өте қиын.

Қазір елде 34 млрд тоннаға жуық көмір қоры бар. Жылына 100 млн тоннадан аса көмір өндіріледі. Отандық энергетиканың басым бөлігін көмір беріп отыр. Үкімет 15 жылда барлық жылу электр орталықтарын «таза көмір» технологиясына көшіруді көздейді. Ол үшін 2035 жылға дейін электр энергетикасын дамыту жоспары әзірленді. Құжатта 26 гигаваттан астам қуат көздерін іске қосу міндеттелген. Мұнда көмір генерациясын, көмір химиясын дамыту баса назарда тұр.

Болат Ақшолақов, KazEnergy қауымдастығының төрағасы:

- Көмір химиясын дамытуға күш салу керек. Мәселен, көмірді синтетикалық газға айналдыруға болады. Алынған газ жылу электр орталықтарында қолданылады. Бұл қоршаған ортаға зиянды азайтады. Басқа да қауіпсіз технологиялар бар. Ол әдістер арқылы көмірқышқыл газдары сүзіліп, қоршаған орта таралмайды. Елде осы бағыттағы жұмыстар жандануға тиіс.

Ғалымдардың болжамына сүйенсек, көмір химиясы арқылы жылына 1 млрд текше метрге дейін газ өндіруге мүмкіндік бар. «Бұл газды көгілдір отын тартылмаған шалғай өңірлерде кеңінен қолдануға болады», – дейді олар. Қазір елде көмір химиясын дамыту бойынша жол картасы әзірленді. Оның шеңберінде отандық көмір өндіруші кәсіпорындар мен ғылыми институттар көмірді өңдеу жобаларын қолға алды. Жалпы бүгінде химия саласында 49 жоба іске асып жатыр.

Авторы: Нұрқанат Қанапия

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz