Ақмола облысында асылтұқымды ірі қара саны көбейіп келеді, деп хабарлайды 24KZ. Қазір аймақта 51 мыңнан астам Зеңгі баба төлі бар. Ал мал басын асылдандырамын деген шаруаларға мемлекеттен айрықша қолдау көрсетіледі. Мәселен, биыл ақмолалық шаруаларға 6 млрд теңгеге жуық субсидия бөлінді.
Айболат Шыңғысхан мал шаруашылығымен енді ғана айналысып жүр. Ол биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасымен несие алып, 50 бас ірі қара сатып алған.
Айболат Шыңғысхан, шаруа:
- «Ауыл аманаты» бағдарламасы – ауылда тұратын жастарға өте қолайлы бағдарлама. Өте көп көмектесті. 2,5% деген, шыны керек, Үкіметтен үлкен көмек. Ауылда қаншама жұмыссыз жүрген жастарға мал алып, ата кәсіпті дамытып, әрі қарай ауылды көтеремін деген адамдарға үлкен көмек.
Жергілікті шаруалар бұрын асылтұқымды сиырларды сырттан сатып алатын. Қазір сапалы төл басын көбейтуге өздері ден қойған. Мәселен, зеренділік шаруа мына Герефорд тұқымын Сандықтау ауданынан әкеліпті.
Бұл 1,5 жастағы құнажындар. Қазіргі салмағы 250-300 келіге жуықтайды. Бір ерекшелігі бұл сиырлар жергілікті климатқа жақсы бейімделген. Суыққа төзімді.
Айболат ата кәсіптің табысты екенін түсінген. Ендігі арманы – бұл істі ірі шаруашылыққа айналдыру. Тіпті алдағы уақытта асылтұқымды ірі қараны қолдан ұрықтандыру арқылы көбейтпек ниетте.
Айболат Шыңғысхан, шаруа:
- Қазір малдың санын көбейтіп, малдың басы айналымға келгенше, әрине, өзіміз қолдан ұрықтандыруда жоспарымызда бар. Қазіргі бірінші мақсатымыз осы малдың санын көбейту ғой.
Қазір өңірде асылтұқымды мал шаруашылығымен айналысатын 70-ке жуық шаруашылық бар. Мемлекеттік қолдаудың арқасында олардың қатары жыл санап көбейіп келеді. Жалпы биыл аймақта 486 шаруаға субсидия түрінде қаржылай көмек берілді.
Аружан Қайырбек, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
- Жалпы ірі қара малдың асылтұқымды отандық түрлерін сатып алуға 138 млн теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетілді. Импорттық, сүтті тұқымды мал бастарын сатып алуға 141 млн теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетілді. Жалпы осы асылтұқымды селекциялық жұмыс жүргізу бағыты бойынша 18 мың аналық мал бастары субсидияланды.
Былтыр өңір шаруашылықтары 40 мың тонна сиыр етін саудаға шығарды. Бұл көрсеткіштің көлемі жылына 2 мың тоннаға өсіп отыр. Ал сүт зауыттарында шикізат тапшылығы тек қыстыгүні ғана төмендейді. «Ал жазда өндіріс қарқынды жұмыс істейді», – дейді жауаптылар.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко
Тегтер #Ақмола облысы #асылтұқымды мал #Ауыл аманаты #субсидия #ауыл шаруашылығы #24KZ #Қазақстан жаңалықтарыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz