RU
Толық нұсқаға өту

Ақтауда экспорт көлемі артты

12.11.2025, 19:25 394

Ақтау теңіз солтүстік терминалы арқылы шетелге жөнелтілетін экспорт көлемі артты.

Мәселен, су айлағында биылғы жылдың 10 айында 697 мың тонна жүк ауыстырылып, тиелді. Бұл,былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 187 процентке көп. Қазіргі кезде қазақстандық тауарлар Қара және Жерорта теңізі, сондай-ақ Балтық пен Парсы шығанағы елдеріне де тікелей жөнелтіліп жатыр.

Ақтау теңіз солтүстік терминалы халықаралық ТРАСЕКА және «Солтүстік - Оңтүстік» көлік дәліздерінің маңызды бөлігі саналады. Стратегиялық маңызды нысанда 3 жүк айлағы, астық терминалы мен контейнер алаңы тәулік бойы жұмыс істейді.

Мамандар төрт ауысыммен қызмет атқарады. Инженер-технолог Қайрат Қарабасов құрғақ жүктерді тиеу, қабылдау жұмыстары талапқа сай жасалуын қадағалайды. Оның айтуынша, мобильді крандар күніне 2 мың тоннадан астам тауарларды су көлігінің бортына тиеп, түсіреді.

Қайрат Қарабасов, инженер-технолог:

- Біздің терминалда жұмыс тоқтамайды. Күндізгі ауысым мен түнгі ауысымдарда бір күнді ауыстырып, тиеп-түсіру операцияларын жүргізіп отырамыз. Каспий деңгейінің түсуі жұмысымызға қатты әсер етпейді. Салмағы 6 мыңдық кемелерді қабылдап жатырмыз.

Қазақстандық су айлағына шетелден құрылыс материалдары, халық тұтынатын тауарлар мен автокөліктер жеткізіледі. Өткен 10 айда экспорт көлемі 537 мың тоннаға жеткен. Ал импорт 160 мың тоннаға дейін ұлғайды. Биыл контейнерлік тасымал көлемі де екі есеге артқан.

Нұрлан Төлеуғалиев, Теңіз терминалы бас директорының орынбасары:

- Көрсеткіштеріміздің жоғарылауына себепші болып отырғаны 2025 жылдағы ТМТМ бойынша тасымал. Біз 2025 жылы 17 мың 500 дана контейнерді жібердік. Ол 2024 жылмен салыстырғанда. Себебі ол кезде жіберген контейнерлердің саны 8 мың 500 болатын.

Теңіз терминалы тұтастай алғанда жылына 3 млн тоннаға дейін жүк қабылдайды. Соның 1 млн тоннасы - астық өнімдері. 6 қойманың әрқайсына 10 мың тонна астық, арпа, жасымық сақталады. Отандық өнім күн сайын Иран, Әзербайжан мен Ресейге кемемен жөнелтіліп жатыр. «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында орналасқан терминал жылдың соңына дейін жұмыс көрсеткіштерін 1 млн 200 тоннаға жеткізбекші.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz