Жамбыл облысында 10 айда өндірістік кәсіпорындар 1 трлн теңгенің өнімін шығарған. Бұл - аймақта бұған дейін болмаған рекордтық көрсеткіш. «Мұндай нәтижеге облыста ашылған инвестициялық жобалардың арқасында жетіп отырмыз», - дейді жауаптылар.
Мәселен 10 айда өңірге 553 миллиард теңгенің инвестициясы тартылған. Алдағы жылдары оның көлемі еселеп артпақ. Сол жобалардың бірнешеуі бүгін ашылды.
Жамбыл ауданында елімізде алғашқы бу мен газдан электр энергиясын өндіретін станция құрылысы басталды. Қуаты 50 МВт болатын инвестициялық жобаның құны - 60 млн доллар. Мұнда 80 жаңа жұмыс орны ашылып, жылына 1,5 млрд КВт/сағат электр энергиясын өндіреді.
Сержан Алимов, «Gasenergy Qz» ЖШС директоры:
- Жаңа технология. Тіпті Қытай өзінде де бұндай технология енді шығып жатыр. Алғашқы кезеңде 50 мегаватт қосамыз. Бірінші қадамға 30 миллиард теңге, екінші қадамға 100 миллиард теңге болады.
Ал Таразда жылына 70 мың тонна құс етін өңдейтін зауыт іске қосылды. Жобаға «Алель Агро» акционерлік қоғамы 19,8 млрд теңге инвестиция салған. Өнімін елімізбен қатар әлемнің сегіз мемлекетіне экспорттайды. Жалпы облыста құс шаруашылығы бағытында үш ірі өндірістік кәсіпорын бар. Өңір билігі алдағы уақытта олардың санын еселеп арттыруды жоспарлап отыр.
Қайрат Көшенов, Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Алдағы үш жылға біз шамамен 37 осындай ауыл шаруашылыққа қатысты инвестициялық жобалар іске асыруға жұмыс жасап жатырмыз. Басымдылықты осы қайта өңдеу саласына жасап жатырмыз. Себебі қайта өңдеу саласын бізге дамыту керек.
Биыл 10 айда облысқа 553 миллиард теңге инвестиция тартылды. Бұл былтырмен салыстырғанда 38 пайызға көп. Соның есебінен аймақтың экономикалық ахуалы 10,3 процентке өскен. Жалпы Жамбылда алдағы екі жылда 3,5 трлн. теңгенің 62 ірі инвенстициялық жобасы жүзеге аспақ.
Ербол Қарашөкеев, Жамбыл облысының әкімі:
- 62-нің 26 инвестициялық жобасын іске асыруды бастап кеттік. Ірі-ірі зауыттарды соғып жатырмыз. Яғни осы жылдың аяғына дейін алдымыздағы 2-3 жылдың ішінде тағы да 36 ірі индустриялды үлкен жобаларды іске қосуды жоспарлап отырмыз.
Аймақта іске асып жатқан инвестициялық жобалардың қатарында, 3 млн тонна жүгері өңдейтін зауыт, кальциленген сода мен тыңайтқыш және күкірт қышқылын шығаратын кәсіпорындар бар. Жалпы алдағы бірнеше жылда облыста алты мың жұмыс орны ашылмақ.
Авторлары: Мерей Бает Бақытжан Бапаев
Тегтер #Жамбыл облысы #инвестиция #өнімPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz