Біздің ел деректер экономикасын жасақтап жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Таяуда Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі ұлттық статистиканың жаңа моделін ұсынды. Оған сай банк транзакциялары, мобильді деректер, ғарыштық мониторинг нәтижелері мен фискалды чектерді ресми статистикамен интеграциялау көзделген. Ал азаматтардың жеке деректерін қорғау бойынша қандай іс-шаралар қолға алынып жатыр?
Елде Ұлттық деректер биржасы құрылады. Ауқымды жоба үздік Шанхай биржасы негізінде жасақталады. Бұл туралы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі хабарлады. Ұлттық деректер биржасы дата өнімдердің заңды түрде сатылуын қамтамасыз етеді. Әділ баға, сапа және деректер нарығы қатысушыларының құқығын толық қорғау жаңа цифрлық кодекс аясында жүргізіледі. Қазір елдегі деректер экономикасы 2,7 млрд еуро шамасында. «2030 жылға қарай 5 млрд еуроға жетеді», – дейді сарапшылар.
Олжас Төлеуов, ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасының орынбасары:
- Деректер экономиканың жаңа стратегиялық ресурсына айналып жатыр. Қазақстан деректер нарығын қалыптастырудың мықты іргетасын қалады. Ендігі мақсатымыз – барлық қатысушы үшін сенім, ашықтық және өзара тиімділікті қамтамасыз ету.
Жаһанда алдағы 5 жылда ашық және оқуға жарамды деректер тапшы болуы мүмкін. Бұған заңдық шектеулер, құпиялық талаптары себеп. «Осы орайда ЖИ компанияларымен байланыс орнату жиілейді», – дейді мамандар. Мұндай мәмілелер жүздеген млн долларға жетуі ықтимал. Қалай дегенмен де Ұлттық деректер биржасы Қазақстанның жаңа экономикалық драйвері болмақ. Ол мемлекет үшін де, бизнес үшін де тиімді. Ал азаматтар үшін цифрлық қызметтерді жақсартуға, ең бастысы дербес деректердің күшейтілген қорғанысына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Өйткені киберқылмыс азаймай тұр. Биыл 22 мың жағдай тіркелді. Шығын 50 млрд теңге. Азаматтардың жеке деректері алаяқтардың құзырына қалай өтеді? Мамандар мәселені түбегейлі шешу мүмкін емесін айтады. Елдегі банктердің 75%-і жасанды интеллектіні қолданады. Алайда биометрия алгоритмдерін жетілдіру қажет.
Мәдина Әбілқасымова, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы:
- Биометрияның эталонды базасы әлі жоқ. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін соны жасау керек. Біз де үнемі тың шаралар қабылдаймыз. Қаржы алаяқтарымен күресу үшін түрлі шектеу енгіземіз. Банктерге талап қоямыз. Сәйкестендіруді дұрыс өткізу, антифродты қолдану дегендей. Енді жаңа қаржы өнімі немесе қаржы технологиясы пайда болған кезде қауіпсіздік қайта бағалануы тиіс.
Жалпы биометриялық деректердің статикалық және динамикалық санаты бар. Бірі ақпаратты көз, алақан арқылы алса, екіншісі азаматтың іс-қимылы, жүріс-тұрысына қарай саралайды.
Ырысты Жәлілханова, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Дербес деректерді қорғауды дамыту басқармасының басшысы:
- Қазіргі таңда бізде азаматтардың биометриялық деректері, сонымен қатар оның дербес деректерін қорғау бойынша түрлі заңнама жобалары бар. Оның негізгісі ҚР Дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасы болып табылады. Оның аясында ақпараттандыру туралы заңнамасы бар. Осы үлкен заңнама аясында бізде биометриялық деректерді реттеу бойынша мәселелер қарастырылады.
Мамандар жасанды интеллектінің жетілуі деректерді монетизациялауға серпін бергенін айтады. Тіпті бәсекеге қабілеттіліктің негізі факторына айналғаны рас. Демек мұны да заң жүзінде ескеру керек.
Авторы: Мерей Мұратханқызы
Тегтер #дербес деректер #экономика #киберқауіпсіздік #Заң мен тәртіп #24KZ #Қазақстан жаңалықтарыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz