RU
Толық нұсқаға өту

Ақтауда жаңа теңіз порты салынады

25.11.2025, 13:20 615

Ақтауда құны 300 млн долларды құрайтын тағы бір теңіз порты салынады. Бұл туралы Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай мәлімдеді. Президент пәрменімен іске асатын жобаның инвесторы қай елдің компаниясы болмақ? Жаңа порттан түсетін табыс қандай?

Маңғыстау – Қазақстандағы теңізге шығатын жалғаз қақпа. Сол қақпамыз тағы бір теңіз портымен толыққалы тұр. Құны 300 млн долларды құрайтын жобаның инвесторы ретінде стратегиялық серіктес саналатын қытайлық «Чжонъюн Интернешнл» компания таңдалып отыр. Қазір қос тарап арасында келіссөз жұмыстары жүріп жатыр. Жаңа теңіз порты Мемлекет басшысының көлік инфрақұрылымын дамыту және транзиттік әлеуетті нығайту жөніндегі тапсырмалары аясында іске аспақ.  

Нұрдәулет Қилыбай, Маңғыстау облысының әкімі:

- Жоба «Қытай – Қазақстан – Ақтау – Баку – Поти – Еуропа» жаңа халықаралық көлік дәлізін қалыптастыруға ықпал етеді. Оны жүзеге асыру жүктерді жеткізу мерзімін 7-15 күнге қысқартуға, көлік шығындарын 18-25% төмендетуге, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.

Бұған дейін Президент авто және теміржол арқылы жүк тасымалының көлемін арттыру бойынша тапсырма берген еді. Осыған сәйкес 2030 жылға дейін жаңа 5 шекаралық хаб құрылуы тиіс. Сауда және интеграция министрі бұл жұмыстар бойынша ұйымдастыру шаралары мен инфрақұрылым жұмыстарының аяқталғанын айтады. Ал Құрылыс министрлігі: «бұл 5 жоба бойынша инжинерлік және аумақтық база толығымен дайын», – деді. Келемін дейтін инвесторларға да жағдай жасалған. Мәселен, салықтық және кедендік жеңілдіктер ұсынылады.

Иран Шархан, ҚР өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі:

- Бүгінде трансшекаралық хабтар құрамына төрт арнайы экономикалық аймақ кіреді. Олар «Хоргос – Шығыс қақпасы», «МЦПС «Хоргос», «Ақтау теңіз порты» және «TURAN» экономикалық аймақтары. Сонымен қатар «Индустриалды сауда-логистикалық кешен» және «Еуразия» индустриялық аймақтар базасында екі трансшекаралық хаб жұмыс істейді.

Қазақстае Азияның негізгі көлік торабына айналуы керек. Бұл Мемлекет басшысының Үкіметке қойған міндеттерінің бірі. Сөз сөйлеген министрлік өкілдерінің баяндаған жоспарларында форс-мажорлық жағдайлар туындамаса, олардан түсетін пайда көл-көсір. Атап айтсақ, шетелге шығарылатын жүк қозғалысы айтарлықтай қысқарады, өндіріс көлемі өсіп, салықтан түсетін табыс пен экспорт көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Авторлары: Шерхан Абзалұлы, Ақылбек Есімсеитов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz