RU
Толық нұсқаға өту

Балқашта әлеуметтік павильондар ашылды

07.12.2025, 14:14 371

Қарағанды облысының Балқаш қаласында бұған дейін екі әлеуметтік павильон болса, жақында тағы екеуі ашылды. Бұл дүкендерде фермерлер өз өнімін тікелей сатады. Арада делдалдардың болмауының арқасында ет, көкөніс және сүт өнімдері базар бағасынан едәуір арзан. 

Мұндай әлеуметтік павилондар өңірдің барлық қала, аудандарында ашылып жатыр. Бұған қоса өңірде азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін қоймаларда 420 тоннадан астам өнім сақтаулы тұр. Қант, күнбағыс майы, жарма және ұн бағасы қымбаттаса, бірден дүкендерге жеткізіледі. 

Балқаштағы әлеуметтік дүкендерге жұрттың көбі күнделікті келіп сауда жасайды. Себебі оларда азық-түлік бағасы нарықтан орта есеппен 10–15% арзан.

Гүлнар Иманмусина, әлеуметтік павильон сатушысы:

- Клиенттеріміз барлығы осы жерге келеді. Тауар ассортименті өте көп. Жиі келіп жатады. Елге қолжетімді баға, сондықтан осы жерге келеді. Балқашта осындай төрт әлеуметтік дүкен бар, олардың екеуі жақында ғана ашылды. Келесі жылы тағы үшеуі салынады. Мұнда көкөніс пен жармадан бөлек, ет те сатып алуға болады. Оны фермерлер делдалсыз тікелей әкеледі, сондықтан бағасы да нарықтан айтарлықтай төмен.

Бүркіт Әлкей, Балқаш қаласының тұрғыны:

- Бұл бізге жақсы болды. Базардан көрі үйдің маңынан ашылғаны әлеуметтік павильонымыз жақсы. Өзі арзан. Осы жерден сауда жасап тұрамыз.

Бағаны тұрақты ұстап тұру үшін өңірдегі қоймаларда 400 тоннадан астам өнім сақтаулы тұр. Мысалы, 80 тонна қарақұмық, 30 мың литр күнбағыс майы, 250 тонна қант бар. Баға қымбаттаса, бұл тауарлар дүкендерге бірден жөнелтіледі. Бұдан бөлек, жергілікті билік картоп, сәбіз, қырыққабат және пияз жеткізу бойынша фермерлермен тікелей келісімшарт жасаған.

Берік Тоқмурзин, Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары:

- Бүгінгі таңда біз «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 19045 тонна сәбіз, картоп, пияз, қырыққабат өнімдері үшін келісімшарт жасалды. Қарағанды нан жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы нанды 130-135 теңгеден сатып жатырмыз. Қосымша 270 теңгеден макарон өнімдерін сатып жатырмыз.

Фермерлерді қолдаудың және тұрғындарды өніммен қамтамасыз етудің тағы бір тиімді тәсілі - ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері. Мұнда экологиялық таза өнімді делдалсыз, арзанға сатып алуға болады. Биыл өңірде осындай 500-ден аса жәрмеңке өтіп, фермерлер 8 мың тоннадан астам түрлі өнім сатты. 

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Аман Хамит

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz