RU
Толық нұсқаға өту

БҚО-да жаңа жолайырық пайдалануға берілді

10.12.2025, 20:12 299

Батыс Қазақстан облысында биыл 459 шақырым жол жөнделген.

Соның ішінде шалғайдағы Өнеге-Бисен-Сайқын жолының құрылысы толық аяқталып, Хан Ордасы ауылына апарар 21 шақырымдық жолға асфальт төселді. Ал бүгін Подстепное ауылының маңында екі деңгейлі жол айырығы ашылып, Орынбор облысының шекарасына дейінгі жолдың 72 шақырымы ресми тапсырылды.

Самара-Шымкент және Оралдан Орынборға апарар жол Подстепное ауылында бір-бірімен қосылады. Бұрын ауыр жүк көліктері ауыл ішімен өтетін. Өз кезегінде тұрғындар үшін қолайсыздық көп болатын. Енді көлік тасқыны елді мекенді айналып өтеді. Қос жолдың қоспасына арнайы автоөткел салыныпты.

Мұсағали Қазиев, Теректі ауданының тұрғыны:

- Баяғыда мост болған жоқ. Тікелей жол болды. Соның бәрі тамаша сияқты. Ол тарих қой. Осындай жол бізде болған жоқ. Бәріне сәттілік тілеймін! Аманшылық, осындай жаңалық бола берсін деймін! 

Жаңадан салынған жолайырықпен қатар бүгін Подстепное -Теректі - РФ шекарасы жолының 72 шақырымы ресми ашылды. Жөндеу кезінде жалпы ұзындығы 144 шақырымдық жол 36 шақырымнан 4 бөлікке бөлінген еді. Бүгін соның бірінші және төртінші учаскесі ресми түрде пайдалануға берілді.

Нариман Төреғалиев, БҚО әкімі:

- Екі участок бар осы ортада ұзындығы 72 км. Биыл құрылысы басталды. 26 жылы толық аяқтайтын боламыз. Сонда біздер Подстепное-РФ шекарасына шығатын 144 шақырым жолды түгел аяқтайтын боламыз. Жаңа айтып кеткендей, Өнеге-Бисен және Хан Ордасына дейін ол толықтай аяқталды. Міне сонымен республикалық маңызды жолдардың Батыс Қазақстан облысындағы негізінен аяқтала келді деп айтуға болады.

Подстепное – Теректі – РФ шекарасы жолының қалған 72 шақырымын қайта жаңғырту жұмыстары шетелдік инвесторлардың қаржысына жүзеге асуда. Ал бүгін тапсырылған жолайрық пен жолды «Қазавтожол» компаниясы жаңғыртыпты. 

Дархан Иманашев, "Қазавтожол" ҰК" АҚ Басқарма төрағасы:

- Жалпы Батыс Қазақстан төңірегі бойынша биыл «Қазавтожол» арқылы 44 млрд теңге бөлініп жатыр. Ендігі жылға 50 млрд теңге қарастырылып жатыр. Арнайы техника бойынша 47 дана техника бөлінді. Бұл жолдың маңыздылығы, ерекшелігі - Ресей Федерациясымен қатынас шығатын транзиттік дәлізін дамытатын жол. 

Батыс Қазақстан облысы жолдардың жайы жөнінен бұрын аймақтар арасында аутсайдер саналатын. Соңғы жылдары ауқымды істер атқарылып, осы олқылықтың орны толды деуге болады. Биыл өңірде 86,8 млрд теңгеге жалпы ұзындығы 459 шақырым жол жөнделген. Келер жылы Орал-Атырау жолының 180 шақырымын жөндеу жоспарланған.

Е.Жылқайдарұлы, Қ. Ақрап, Э. Аюпов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz