RU
Толық нұсқаға өту

Отандық кәсіпорындарға қолдау көрсетілді

11.12.2025, 16:33 255

«Проблемалық несиелер қоры» соңғы жылдары 70 отандық компанияға қаржылық қолдау көрсетті. Яғни екінші деңгейлі банктерден несие алып, уақытында қайтара алмағандарға нақты көмек берген. 

Қор қарызды қайта құрылымдап, міндеттемелерін алғаннан кейін, төлем жағы жеңілдеген. Нәтижесінде, кәсіпкерлер сегіз мыңнан астам жұмыс орнын сақтап қалды. «Еліміздің қаржы жүйесін тұрақтандыру мақсатында банктердің проблемалық активтерін сатып алу және басқару үшін құрылған қордың қолдауы маңызды», - дейді мамандар. 

Көкшетаудағы мына кәсіпорынның құрамына 15 серіктестік кіреді. Біразы Солтүстік Қазақстан облысының аумағында орналасқан. Кәсіпорында үш мыңға жуық адам жұмыс істейді. Агрохолдинг бұған дейін қаржылық қиындыққа тап болды. Кейін компанияның қарызы Қорға өткеннен кейін несиені қайта құрылымдау қарастырылып, төлем бойынша үш жылға жеңілдік алды. Сонымен қатар берешік пайызы төрт пайызға дейін төмендетіліп, төлеу мерзімі 15 жылға дейін ұзартылды.

Максим Уланов, кәсіпорынның басқарма төрағасының орынбасары:

- Қордың қолдауы бизнесті дамытуға және әлеуметтік бағдарламаларды іске асыруға мүмкіндік береді. Осы қолдаудың арқасында біз техникалық базаны жаңартып, жұмысшыларымыздың табысын арттырдық. Сондай-ақ ауылдардағы инфрақұрылымды жақсартуға қатысты бірнеше жобаны қолға алдық. Оның ішінде сумен жабдықтау, науқас балаларға көмектесу, балғындарды мектепке дайындап, жолдарды қысқы кезеңде күтіп ұстау сияқты ілкімді істер бар.

Қордың қолдауына ие болған кәсіпорынның көбі ұзақ мерзімді қарыз алып, уақытылы төлей алмаған. Борышкерлердің 80 пайызы ауыл шаруашылығы саласына кәсіп ашқандар. Қазір осы кәсіпорындарға жан-жақты қолдау шаралары көрсетіліп жатыр. 

Нұржан Байғазиев, «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

- Ауыл шаруашылығына баса көңіл бөлеміз. Себебі қолдауды қажет ететін кәсіпорындардың дені осы салаға тиесілі. Мәселен, былтыр 32 ауыл шаруалығы өндірушісіне қолдау көрсетілді. Осылайша, жеті мыңға жуық жұмыс орнын сақтап қалдық. 

Қор қызметінің негізгі бағытының бірі сатып алынған активтерді экономикалық айналымға енгізу. Осы ретте Ұлттық қорға қайтарылған қаржы көлемі де жыл санап ұлғайып келеді. Мәселен, 2017 жылы 1 млрд.теңге болса, биыл 23 миллиардтан астам теңге қайтарылды.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz