RU
Толық нұсқаға өту

Түлкібас ауданында әк шығаратын зауыт ашылды

22.12.2025, 22:41 299

Түркістан облысының Түлкібас ауданында заманауи талапқа сай әк шығаратын зауыт ашылды.

Өндірістік ірі жоба «Састөбе» инновациялық кешенінде» іске қосылды. Қазақ-Қытай бірлескен жобасының жалпы құны - 32 млрд теңге. Мамандар бұл жоба ауданның ғана емес, облыстың өндірістік әлеуетін арттыруға сеп болатынын айтады.

Өндірістік кешен жылына 400 мың тонна әк шығарады. Зауыттың ашылу салтанатында өңір басшысы Нұралхан Көшеров ел экономикасының негізгі бағыты шикізат емес, осындай жоғары технологиялық өндіріс пен инновациялық индустрия екенін атап өтті.

Нұралхан Көшеров, облыс әкімі:

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы экономиканы әртапатандыру, жоғары технологиялы өндірістерді, инновациялық индустрияны дамыту ел дамуының басты бағыты болуы тиіс деген. Міне бүгін осы бағытта жаңа жобаны іске қосып жатырмыз. Түркістан өңірі өзін-өзі қамтитын өңір болуы тиіс. Өйткені бұл бағытта бізде барлық мүмкіндіктеріміз бар. 

Кәсіпорынның іске қосылуы өңірдегі жұмыссыздық деңгейін төмендетуге де оң ықпал етеді. Мыңға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.

Мырзахан Сүтімбетов, Машат ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

- Біздің Түлкібастың азаматтарынің бәрі осында жұмыс істеп, ақшасын тауып, отбасын бағады деп ойлаймыз. Экономикамыз мығым, еліміз қуатты болсын. 

Отандық «Саутс-Ойл» компаниясының президенті Серікжан Сейітжанов Қазақ-қытай бірлескен жобасы аясында Түркістан облысында 5 ірі жоба жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.

Серікжан Сейітжанов, "Саутс-Ойл компаниясының президенті:

- Жобаның құны 180 млрд теңгені құрайды. Ол өз кезегінде жыл сайын  100 мың тонна каустикалық сода, 120 мың тонна ПВХ, 200 мың тонна кальций карбиді, 1 млн тонна цемент және 400 мың тонна әк. 

Бұл жобалар 2027 жылы толық аяқталады деп күтілуде. Мамандар сол кезде 5 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылып, алдағы 10 жылда 400 млрд теңгеден астам қомақты салық түсімімен қамтамасыз ететінін айтады.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz