Елде ұлттық тауарлар каталОгы жасақталып жатыр. Кәсіпкерлер ел ішінде сатылатын барлық өнімі үшін арнайы цифрлық код алуы қажет.
Бірыңғай жүйе жаңа жылдан бастап іске қосылады. Сөйтіп сауданы да цифрландырамыз. Ал одан қандай нәтиже күтеміз?
Ұлттық тауарлар каталОгы пилоттық режимде жұмыс істеп тұр. Бүгінге дейін базаға 17 млн тауар позициясы тіркелді. 1 қаңтардан бастап өндірушілер, импорттаушылар, дистри-бьюторлар, сауда желілері және жеке кәсіпкерлер өнімін сату үшін ұлттық тауарлар каталОгының NTIN кодын алуға міндетті. Сауда және интеграция министрлігі «Бұл ашық, қауіпсіз және тиімді нарық құруға жол ашады» дейді. Қазірдің өзінде бірыңғай деректер базасында ел ішінде сатылатын өнімдер тізімі жасақталды. Тауардың каталогқа енген-енбегенін nct.kz сайтынан тексере аласыз. Бұл таңба арқылы өнімнің зауыттан шыққаннан бастап, жаппай сатылымға дейінгі жолын бақылауға болады. Яғни цифрлық шешім көлеңкелі нарықтың алдын алып, ҚҚС жинауды арттырудың тиімді құралы болмақ.
Әсет Нүсіпов, ҚР Сауда және интеграция вице-министрі:
- 1 қаңтардан бастап импортталған болсын, ел ішінде өндірілген болсын, Қазақстан аумағында сатылатын тауарлардың барлығында NTIN коды болуға тиіс. Түпкілікті өнім өндіру үшін пайдаланылатын аралық шикізат пен материалдардан басқа. Бүгінгі таңда ірі сауда желілерінің тауарлық-есептік жүйелері мұны чектерде қолданады. Сонымен қатар тұрақты NTIN-нен басқа, уақытша, яғни нарыққа ауыр болмас үшін Ұлттық тауарлар каталогымен жұмыс істеуге мүмкіндік беретін техникалық құрал жұмыс істейді.
Кәсіпкерлердің айтары бар
Жаңашылдық тауардың ашық әрі қауіпсіздік талаптарының барынша сақталуын қамтамасыз етуге тиіс. Бұл орайда кәсіпкерлік саласының да өз ұсыныстары бар. Шағын және орта бизнесті дамыту комитетінің төрағасы Сәкен Қарин Сауда және интеграция министрлігі, Қаржы министрлігі және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы арасында бизнеске айыппұлдардың болмауын әрі кәсіп санаттары бойынша кезең-кезеңімен енгізуді бекітіп беретін үшжақты келісім жасау ұсынылғанын айтады. Алайда мұндай меморандум нормативтік акт болып саналмайды.
Азық-түлік экспорты артты
Отандық тамақ өнімдері сыртқы нарықта да сұраныста. Мәселен, биылғы 10 айда азық-түлік экспорты 36 пайызға өсіп, 3,1 млрд долларға жетті. Тамақ өнімдерінің басым бөлігі Орталық Азия елдеріне жөнелтілді. Өсім 44%, бұл ақшаға шаққанда 1,5 млрд доллар. Импорттаушылар алдында Өзбекстан тұр. Мұнда 870 млн долларға жуық өнім саттық. Тізімді Қытай, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан жалғайды. Шет елдерде қазақстандық күнбағыс майы мен мал азығына қызығушылық артқан. Ал отандық ұн екінші орынға ығысты. Мамандар агросектордың жаңа деңгейге көтерілгенін айтады. Демек бұл салаға мемлекеттік қолдауды еселеу керек.
Тамақ өнімдерінің экспорты артты
Өзбекстан – $868,1 млн (50%↑)
Қытай – $784,3 млн (89%↑)
Ресей – $423,5 млн (18%↑)
Қырғызстан – $345 млн (33%↑)
Тәжікстан – $184,7 млн (+25%↑)
«Іскер аймақ» жобасы
Сонымен қатар елде шағын кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған «Іскер аймақ» жобасы әзірленіп жатыр. Бұған мемлекет басшысы бастамашы болды. Жоба аясында шағын бизнес субъектілеріне пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялау және қарыздарға кепілдік беру сынды қолдау көрсетіледі. Құзырлы министрлік «Іскер аймақ» жобасында ауылдағы шағын кәсіп иелерін қолдауға басымдық берілетінін жеткізді.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #экономика #ұлттық тауар #кәсіпкерлерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz