RU
Толық нұсқаға өту

Елімізде теміржол арқылы астық экспорты 33 пайызға артты

12.01.2026, 08:40 252

Қазақстанда теміржол арқылы экспортталған астық көлемі ұлғайды. Орталық Азияға бағытталған жүктің өзі 30 пайызға артып отыр. 

Биыл халықаралық жүк ағынын арттыруға арналған жаңа желілер іске қосылады. Сондай-ақ 1600 шақырым жол жөнделеді. 

Былтыр Қазақстан теміржолдар арқылы 11 млн тонна астық экспорттады. Алдыңғы жылмен салыстырғанда 33 пайызға артып отыр. Кәрі құрлықтың қақ ортасында орналасқан еліміз халықаралық көлік дәліздерін байланыстырады. Солардың бесеуі – теміржол. Экспортқа тиесілі астықтың жартысынан көбі Орталық Азияға бағытталды. Оның ішінде Қырғызстанға екі есе, Өзбекстанға 32 пайыз, ал Тәжікстанға 12 пайызға көп өнім жеткізілген. Ал Әзербайжанға жөнелтілген астық көлемі үш есе ұлғайған. Қалғаны Иран, Ауғанстан, Қытай және Балтық елдеріне жөнелтілді. 

Желтоқсан айының өзінде бір жарым млн тонна астық шойын жолдың бойымен шет мемлекеттерге сатылған. Бұл айлық көрсеткіштердің ішінде рекорд болып тіркелді. Ал ішкі тасымал көлемі бір жыл ішінде 3,3 млн тоннаға жетіп, 26 пайызға артып отыр.

Теміржол арқылы жүк тасымалы артты

Астықтан бөлек, өзге де өнім түрлерін қоса алғанда, былтыр елде теміржол арқылы 318 млн тонна жүк тасымалданды. Әсіресе Транскаспий дәлізі арқылы экспорт әлеуетін арттыруда теңіз порттарына дейін тауар жеткізетін пойыздардың маңызы зор болды. Сонымен қатар былтыр мың жарым шақырым теміржол жөнделді. Жалпы ұзындығы 800 шақырымнан асатын «Достық-Мойынты» бағытының екіншісі желісі қолданысқа берілді. Бұл жоба Қытай мен Еуропа арасында тасымалданатын жүк көлемін бес есе арттыруға мүмкіндік береді.

Фархат Исаев, Облыстық кірістер департаментінің бөлім басшысы:

- Аталған желінің іске қосылуымен тасымалданатын жүк көлемі 28 пайызға артты. Яғни 2024 жылы 3 млн тоннадан 2025 жылы 4 млн тоннаны құрады. Бүгінгі күні «Достық» теміржол өткізу бекеті арқылы транзиттік жүктің үлесі Жетісу облысы транзитінің 29 пайызын құрайды.

Биыл 1600 шақырым теміржол жөнделеді

Ал биыл тасымалдайтын жүк көлемін 327 млн тоннаға жеткізу көзделген. Ол үшін инфрақрылымды одан әрі жақсартпаса, жоспар іс жүзінде орындалмай қалуы мүмкін. Көлік министрлігінің мәліметіне қарағанда, биыл 1600 шақырым шойын жолды жөндеу көзделіп отыр. Бұған қоса, «Қызылжар-Мойынты» және «Дарбаза-Мақтарал» учаскелерінің құрылысы аяқталуға тиіс. Бұл жобалар Транскаспий халықаралық көлік дәлізін қысқартып, жүк көлемін еселеуге ықпал етеді. Бұған қоса, «Алтынкөл Жетіген» және «Бейнеу Маңғыстау» бағыттарын жаңғырту жұмыстары аяқталады. Ал пойыз қозғалысының қауіпсіздігін күшейту үшін заманауи реттеу жүйелері енгізіліп, жаңа вагондар сатып алынады.

Жәнібек Тайжанов, ҚР Көлік вице-министрі:

- 236 локомотив, 1,4 мыңнан астам жүк вагонын және заманауи 191 жолаушылар вагонын жеткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар Халықаралық көлік дәліздері де Транскаспий халықаралық көлік бағыты мен Солтүстік-Оңтүстік бағыты белсенді дамуда. Транскаспий бағытының өткізу мүмкіндігін арттыру үшін порттар инфрақұрылымын жаңғырту жобалары іске асырылып жатыр.

5 мың шақырым теміржол салынады

Қазақстанды Еуразияның көлік айлағы ретінде қалыптастыру – саладағы ең басты бағыт. Мұны Мемлекет басшысы атап өтті. 2030 жылға дейін елде 5 мың шақырым теміржол салынып, тағы 11 мың шақырымы жөнделуге тиіс.

 

 

 



 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz