Елде жанармай қоры цифрлық бақылауға алынды.
Әрбір мұнай базасында заманауи өлшеу құралдары енгізілуге тиіс. Ал табиғи газ тұтыну көлемін енді жасанды интеллект есептейді. Саланы цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу қандай артықшылықтар беріп отыр?
Газ тұтыну көлемін ЖИ есепке алады
Ал газ тұтыну көлемін енді жасанды интеллект есепке алады. Ол үшін арнайы мобильді қосымша іске қосылды. Әрбір тұтынушы ешқайда бармай, есеп құралының көрсеткішін суретке түсіріп, платформаға жүктесе жеткілікті. Сонымен қатар коммуналдық желілерді бақылау және ақауларды анықтау жұмыстары қашықтан жүргізіліп жатыр. Мәселен, электр желілерін дрондар, ал құбырлардың ішін роботтар тексереді. Тың әдіс техникалық апаттардың алдын алуға, жұмысты жедел жүргізуге және қызмет сапасын арттыруға ықпал етеді, дейді мамандар. Бұл жобалардың бәрі алғашында пилоттық режимде енгізілген. Тиісті мерзім ішінде олардың оң нәтиже бергені байқалады. Енді толыққанды қолданысқа енгізіле бастады. Бес жыл ішінде энергетика саласын жаңартуға 6 триллион теңгеден астам қаржы қарастырылып отыр. Оның 600 млрд теңгесі автоматтандыру және заманауи есептеу құралдарын орнатуға жұмсалады.
ЦИТАТА: ҚР Энергетика министрлігі
- Министрлік жасанды интеллект технологияларын әзірлейтін отандық ІТ-компаниялармен қол қойылған меморандумдар аясында жүйелі ынтымақтастықты жалғастырады. 2026 жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялануы озық технологияларды жедел енгізуге және Қазақстан энергетикасын орнықты, цифрлық әрі технологиялық тұрғыдан тәуелсіз салаға айналдыруға серпін береді.
ЖЭК бойынша 9 жоба жүзеге асырылды
Былтыр Қазақстанда жаңартылатын энергия көздері бойынша 9 жоба жүзеге асырылды. Оның бесеуі - жел, үшеуі - күн, біреуі - су электр станциясы. Бұл нысандар Қарағанды, Ұлытау, Ақтөбе, Жетісу, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында орналасқан. Олардың жалпы қуаты 500 МВт шамасында. Бүгінде ел аумағында 3,5 гигаватт қуат өндіретін дәл осындай 162 станса жұмыс істеп тұр. Олар барлық электр энергиясы өндірісінің 7 пайызын еншілейді. Ал алдыңғы жылы бұл көрсеткіш 6 пайыз шамасында болды. Жаңартылатын энергия көздері нарығын дамыту 2024–2027 жылдарға арналған кешенді жоспар негізінде жүзеге асырылып жатыр. Маңғыстау облысында іске қосылған күн электр стансасы мұнай-газ өндірісін энергиямен тұрақты қамтамасыз етуге бағытталған. Онда 82 мың панель күн сәулесіне қарай автоматты түрде бұрылады.
Мұхтар Мәтжанов, Техникалық қызмет көрсету бөлімінің бастығы:
- Тәулігіне қазір шамамен 280-300 мың киловатт/сағат өндіріледі. Енді ол күннің энергиясына байланысты. Ал жазда күн сәулесінің күшті болуына байланысты біздің өндіретін энергиямыз көбейеді. 50 мегаватқа жетуі де мүмкін. Бұл жерде ешқандай экологияға зиянды тастандылар шықпайды. Жасыл энергетиканы дамытудың бір бастамасы деп есептесек те болады.
Energytech бірыңғай жүйесі енгізіліп жатыр
Салада Energytech бірыңғай ақпараттық жүйесі енгізіліп жатыр. Ол платформа энергетика, жер қойнауын пайдалану, қайта өңдеу және көмір өнеркәсібі сияқты бағыттарды біріктіреді. Қазір соның негізінде 7 цифрлық сервис жұмыс істеп тұр. Цифрлық технология жылыту маусымына дайындықты бақылау мерзімін 90 күнге дейін қысқартуы мүмкін.
Тегтер #бұл нарық #Қазақстан #цифрлық #бақылау #24KZ #жасанды интеллект жылы #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz