Жетісу облысының шекаралы аймағында орналасқан Панфилов ауданына үш жылда 193 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды.
70 ірі жоба жүзеге асып, 3,5 мыңнан аса адам тұрақты жұмысқа орналасты. Сонымен қатар 25 әлеуметтік нысан салынып, ел игілігіне берілді. Жалпы ауданның дамуына кеден бекеті мен арнайы экономикалық аймақтың да ықпалы бар, - дейді мамандар.
Жетісу облысының Панфилов ауданы Қазақстан мен Қытаймен шектесетін шекаралы аймақта орналасқан. Елімізге және шетелге жеткізілетін тауардың 85 пайызы осы жердегі теміржол арқылы және «Нұр жолы» кеден бекеті арқылы тасымалданады. Орталық Азиядағы ең үлкен автокөлік өткелі 2018 жылы ашылды. Содан бері тауар айналымы 10 есеге көбейген. Бүгінде қос мемлекет аумағына тәулігіне 2 мыңнан астам жүк көлігі қатынайды.
Тауар тасымалы көлемін арттыру үшін жақында 2,5 шақырым айналма жол пайдалануға берілді. Енді салмағы 100 тоннадан, ал, ұзындығы жүз метрден асатын жүк көліктері кеден бекетінде кептелісте тұрмай, өз бағытымен жүреді.
Серік Дәукенов, «Нұр жолы» кеден бекеті басшысының орынбасары:
- Бұрын мысалға 50 ірі жүк көлемі өтсе, қазір 10 күннің ішінде 100-ден астам ірі көлемдегі жүк көлігі өтті. Сондықтан «Нұр жолы» кеден бекетінің өткізу қабілетін 30 пайызға ұлғайтады деп үміттеніп отырмыз.
Кеден бекетіндегі жүйелі жұмыс нәтижесінде тауар айналымының көлемі артты. Мысалы, 2024 жылы екі мемлекет арасында 439 мың көлік қатынаса, ал былтыр 19 пайызға өсіп, 542 мың көлік жүк тасымалдады. Халықаралық деңгейдегі жүк тасымалында арнайы экономикалық аймақ пен Алтынкөл станциясы да маңызды рөл атқарады. 2012 ашылған теміржол торабы арқылы 80 млн тоннадан аса жүк Қытай – Еуропа және Орталық Азия елдеріне жөнелтілген.
Данияр Нұрқасымов, «Алтынкөл» станциясының басшысы:
- 2025 жылы 4 тоқсанда қосымша 6 бағыттан тұратын экспорттық жаңа парк салынды. Соның есебінен станцияның жүру мүмкіндігі тәулігіне 20 жұп пойыздан 30 жұп пойызға дейін өсті. Енді 2026 жылы сұрыптау дөңесі және сұрыптау 8 жаңа бағыт салынып жатыр.
Облыста жиналған жүгерінің басым бөлігі Панфилов ауданында өсіріледі. Жергілікті дихандар былтыр 23 мың гектарға «Дала аруы» атанған дақылды егіп, 182 мың тонна өнім алды. Аймақта мал шаруашылығы мен сүт өндірісі де дамып келеді.
Қуаныш Нұрбейбітұлы, сүт фермасының директоры:
- Әр өткізілген сүттің әр килограмы 45 теңгеден субсидия төленеді. Сол субсидияның есебінен қазіргі таңда фермамызды үлкейтуге жоспар құрып отырмыз. Жоспардың ең бірінші мәселесі сауын басын 1200-ге жеткізу.
Әлеуметтік саланың әлеуеті артты
Аудандағы 40 елді мекеннің 25-ін газдандыру жұмысы кезең-кезеңмен іске асуда. Былтыр 3 ауыл көгілдір отынға қосылса, қалған 22 округке биыл газ жетеді, - дейді мамандар. Қазір ауылдарда құбыр тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Табиғи газ тұтынатын күнді Талды ауылының тұрғыны Балгүл Талғатқызы да күтіп жүр.
Балгүл Талғатқызы, Талды ауылының тұрғыны:
- Ауылымызға газ келді. Отын, көмір дегенді қолданбаймыз. Газ келгеніне қуаныштымыз. Ауылымыз көркейіп жатыр.
Өңірде ел экономикасына серпін беретін халықаралық жобалармен қатар әлеуметтің әлеуетін жақсартуға бағытталған жұмыстар да жүргізіліп жатыр. Кейінгі екі жылда 800 пәтер әлеуметтік осал топтағы тұрғындарға тапсырылды.
Өткен үш жылда аймақта 25 әлеуметтік нысан салынды. «Келешек мектебі» ұлттық жобасымен 1200 балаға арналған және қайтарылған активтер есебінен Талды ауылында 300 орынды білім ошағы бой көтерді. Сонымен қатар 3 спорт кешені мен 20 медицина мекемесі ел игілігіне берілді.
Марат Сағымбек, Панфилов ауданының әкімі:
- 2026-27 жылы толығымен денсаулық сақтау саласын жаңартып бітіретін боламыз. Оның сыртында білім саласында тағы 10 мектеп күрделі жөндеуді қажет етеді. 4 мектептің жобалық сметалық құжаттары дайын. 2027-28 жылға дейін толығымен аяқтауды жоспарлап отырмыз.
Алдағы жылдары шекаралы аймақта өндірістік қалашық салу жоспарланып отыр. Кәсіпорындардың көптеп ашылуы аудан мен облыс экономикасының дамуына және тұрғындардың әл-ауқатының артуына оң ықпал етеді, - дейді мамандар.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев, Жеңіс Әбдірешов
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Жетісу #Қытай #тауарPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz