Енді мал өнімдерін өндірушілер сыртқы нарыққа арнайы квотамен ғана тауар жөнелте алады.
Әңгіме Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге ірі қара мал етін сатуға қатысты. Жаңа құжат қашан күшіне енді? Онда қандай өзгерістер бар?
Өзгерістердің енгеніне көп болмады. Жаңа құжат 2025 жылдың 31 желтоқсанынан бастап күшіне енді. Аталған норма осы жылдың 30 маусымына дейін қолданылады. Ал әрі қарай ұзарту, не шектеуді алып тастауды жауапты министрлік мамандары тағы бір пысықтайтын болады. Ал енді онда нақты қандай нормалар қамтылғаны жайында толығырақ тарқатайын.
Ет экспортына қатысты жаңа шектеу енгізілді. Енді Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге сиыр етін сатып отырған өндірушілер арнайы квотамен ғана тауар жөнелтеді. Ал оның көлемі бордақылау алаңының мүмкіншілігіне байланысты белгіленеді. Мәселен, 5 мың бас мал бағып отырған бұқара 1 мың тонна, 10 мың ірі қарасы бар кәсіпкерлер 2 мың тонна, 15 мың аша тұяқтысы бар өндірушілері 3 мың тонна ет экспорттай алады. Сол секілді 20 мың, 50 мың бас малы бар бақташылар үшін де нақты норма қарастырылған. Ал жалпы экспорт көлемі 20 мың тоннаны құрайды.
Бағлан Аймұрзаев, ҚР АШМ мал шаруашылығы департаментінің директоры:
- 30 маусымға дейін сиыр етіне квота енгізілді. Бұл жерде 20 мың тонна көлемде квота белгіленген және өзінің арнайы талаптары бар. Яғни экспортердің өзінің бордақылау алаңы болуы керек, 5 мың бастық. Сонымен қатар экспорттық компанияның өзіндік ет комбинаты болуы керек. Яғни ол бордақылау алаңынан ет комбинатына өтіп, сол жерден сойылып, экспортқа шығару керек.
Елде 1,2 млн тонна ет өндірілді
2035 жылға қарай әлемде мал етін тұтыну көлемі 233 миллион тоннаға дейін өседі. Бұл жайлы «Түркістан» газетіне берген сұхбатында мемлекет басшысы баса айтқан еді. Қасым-Жомарт Тоқаев мал шаруашылығының әлеуетін арттырып, Қазақстанда аграрлық елге айналдыруды тапсырды. Айталық, былтыр бізде 1,2 млн тонна ет өндірілді. Оның 82 мыңы экспортталса, қалғаны ішкі сұранысты қамтамасыз етуге жұмсалды. Өндірісті арттырумен қатар, мал басын көбейту де мемлекет басшысының тапсырмасының бірі. Қазір елде 300 мың түйе, 4,6 млн жылқы, 8,1 млн сиыр бар. Сондай-ақ 20 млн астам ұсақ мал мен 48,6 млн құс қазақ даласында тіршілік етеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстанның, сыртқа, әсіресе Азия елдеріне ет шығаратын ірі экспорттаушыға айналатын мүмкіндігі бар. Сондықтан былтыр қарашада өткен Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумы дәл осы мал шаруашылығы саласына арналды. Билік ауыл шаруашылығын сапалық тұрғыдан дамыту үшін көп жұмыс істеп жатыр. Алайда қомақты инвестиция құю қалаған нәтижеге жеткізе бермейді. Оның тиімді жұмсалуына баса назар аудару керек.
Ет экспорты екі есеге өседі
2024 жылы шаруаларды қолдауға қазынадан 580 млрд теңге бөлінді. Ал былтыр бұл көрсеткіш 1 трлн теңгеге жетті. Әңгіме жеңілдетілген несие жайлы. Жалпы он жылда мемлекет мезіреті 10 есе артты. Алайда мал шаруашылығы өнімдерінің өндірісінің көлемі 2,5 есе ғана ұлғайған. Дегенмен құзырлылар қол қусырып отырған жоқ. Олар 2030 жылға қарай елдегі ірі қара мал басын 12 млн-ға, ұсақ малды 30 млн-ға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Меже орындалса ет экспорты екі есе артады.
Бағлан Аймұрзаев, ҚР АШМ мал шаруашылығы департаментінің директоры:
- Мал шаруашылығын дамыту бағдарламасын президенттің тапсырмасы бойынша әзірлеп жатырмыз. Бізге ең бірінші малды көбейту керек, етті көбейту керек. Сол себепті барлық бағытты бойынша мал шаруашылығының ірі қара мал бол, қой шаруашылығы, жылқы шаруашылығы, тіпті қоян шаруашылығына дейін мал шаруашылығы бағдарламасында қамтылған. Осы бағыттар бойыншга айналым қаражаты бойынша бес пайыз қаражат беріледі.
Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz