Алдағы 3 жылда су үнемдейтін технологиялар бір млн гектар аумақты қамтиды.
Қазір 543 мың гектар жерге осындай заманауи технологиялар қолданылады. Былтыр оның көмегімен 874 млн текше метр тіршілік нәрі үнемделді. Десе де, жұмысты ширату керек. Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев биыл вегетациялық кезеңде 1-1,5 млрд текше метр су келеді дейді. Демек, тапшылықты сезінетін өңірлер бар.
Сырдарияда цифрлық гидробекеттер салынады
Қазақстан мен Өзбекстан Сырдария өзені аумағында 10 автоматтандырылған гидробекет нысанын салмақ. Тараптар алынған деректермен онлайн режимде алмасып отырады. Үкіметаралық келіссөздер жүргізілді. Бағыт айқын. Су ресурстары және ирригация министрлігі Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Данияр Шәріптің айтуынша, трансшекаралық суларды сандық тұрғыда реттеу маңызды. Бұл суды бөлу деректерінің ашықтығын қамтамасыз етеді, яғни елге нақты қанша су келгенін бірден бақылап отыруға болады.
Данияр Шәріп, Су ресурстары және ирригация министрлігі Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры:
- Қазіргі уақытта жоба ретінде бізге халықаралық ынтымақтастық Германиялық қоғамы көмек көрсетіп жатыр. Солардың көмектерімен қазір техникалық-экономикалық негіздеме жасалды. Сол техникалық-экономикалық негіздеме қазір Қазақстан мен Өзбек тарапы қарап жатыр. Егер, қараңыз, егер бізге су келетін болса точкадан Өзбекстан, мысалы, иә, или Қырғызстанан біз оны нақты компьютерден көре аламыз. Телефоннан, компьютерден. Ал қазіргі уақытта ол гидрометтен, гидрометтерде точкалар бар, замерлер. Бірақ олар оны ручной режиммен санайды. Линейка салады, лейка салады. Кейін оны шығарады қағазға. Қағаз түрінде расчет жасайды. Кейін ғана береді де біз оны авто цифровизация жасасақ, ертең біз оны компьютерден көре аламыз. Компьютер немесе телефоннан.
Трансшекаралық өзендерден 44% су келеді
Иә, қазір Қазақстан мен Өзбекстан арасында трансшекаралық су нысандарын бірлесіп басқару және ұтымды пайдалану бойынша келісім бар. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, бұл құжат Орталық Азиядағы су дипломатиясын дамытуға елеулі үлес қосады. Келешекте мұндай жұмыстар өзге елдермен жалғасады. Жалпы Қазақстандағы судың 44 пайызы трансшекаралық өзендерден келеді. Көбі Қытайдағы 3 өзеннен, бұдан кейін Өзбекстан мен Қырғызстаннан, сондай-ақ Ресейдің Жайық және басқа да кішігірім өзендері кіреді.
Данияр Шәріп, Су ресурстары және ирригация министрлігі Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры:
- Енді әр мемлекетпен пайызбен дегенде бізге, мысалы, Қазақстанға 44-45% су кіреді. Жалпы 100% -дан соның жартысы, жартыға жетпейді, су кіреді шетел мемлекеттерден. Сол су бөлу схемаларға сейкес өздерінде жаңағы проценттер жазылған. Қанша Қазақстанға су түсу керек. Мысалы, Сырдарияға келетін болсақ, біздің үлесіміз 12 млрд текше метр. Ал Ресейден, мысалы, Жайықты алатын болсақ, орташа су жылы 7 де 8 млрд текше метр су түсуі керек. Бұл қазіргі уақытта біздің үлесіміз міндетті түрде 100%аламыз. Бұдан проблема жоқ.
Вегетациялық кезеңге дайындық
Су ресурстары және ирригация министрлігі 1 ақпанға дейін Ауыл шаруашылығы министрлігіне су тұтынудың нақтыланған лимиттерін ұсынуға тиіс. Өйткені, вегетациялық кезеңге жоспарланған су көлемі келмей қалуы мүмкін. Қанат Бозымбаев 1 млрд текше метрге дейін тапшылық қаупі бар дейді. Ал ауыл шаруашылығы министрлігі 1 наурызға дейін ылғал сүйгіш дақылдардың егістік құрылымын бекітілген су лимиттеріне сәйкес түзетуі қажет. Премьер-министрдің орынбасары кей облыстарда былтыр осындай дақылдарды қысқарту жөніндегі меженің орындалмағанын сынға алды. Болжамға сай Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстарында су тапшылығы сезіледі. Қазірдің өзінде Шардара су қоймасына келетін ағын су 43%-ға төмендеді. Нарын-Сырдария каскадының қорлары былтырғыдан 3,8 млрд текше метрге аз. Енді суару маусымын ойдағыдай өткізу үшін Үкімет су ресурстарын қатаң реттеуге көшкен. Бюджеттен 228 млрд теңге қарастырылды. Су саласын цифрландыру қажетті түзетулерді уақытында қабылдауға мүмкіндік береді дейді мамандар.
Вегетациялық кезеңге дайындық
Елде су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы әзірленді. Қазақстан суды ең көп тұтынатын 10 мемлекеттің бірі саналады. Бұл тізімде Түрікменстан, Өзбекстан және Қырғызстан да бар. Бізде тіршілік нәрінің 60 пайыздан астамы ауыл шаруашылығына жұмсалады. Қала тірлігінде де көп пайдаланылады. Демек, су желілерін жаңғыртып, тамшылатып суару технологияларын көптеп енгізу қажет. Үкімет те ауыл шаруашылығындағы су шығынын азайтып, тиімділікті арттыру жұмыстарын жасап жатыр.
Тегтер #Таңдаулы #су үнемдеу технологиясы #гектар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz