Биыл ақпан айынан бастап елде мотор майы мен сыраның кейбір түрлерін цифрлық таңбалау міндеттеледі.
Тауарды таңбалау арқылы көлеңкелі бизнеске тосқауыл қою көзделіп отыр. Яғни әрбір өнімдегі код арқылы оның қайдан және қашан шыққанын тексеруге болады.
Елде мотор майын цифрлық таңбалау бойынша пилоттық жоба аяқталды. Онда 9 кәсіпорын қамтылған. Солардың екеуі - отандық өндіруші болса, қалғаны - импорттаушылар. Тауар айналымын бақылаудың жаңа әдісін сынақтан өткізу кезінде мотор майларының барлық түріне штрих код енгізілді. Ол арқылы кез келген адам өнімнің қайдан, қашан шыққаны және сапасы туралы толық мәлімет ала алады. Сарапшылардың айтуынша, кейінгі уақытта сатылып жатқан мотор майының біразы заңсыз болуы мүмкін. Өйткені жосықсыз жеткізушілер жалған өнімді танымал брендтердің қаптамасымен ұсынады. Ал мұндай сапасыз тауарлар автокөліктерді зақымдайды. Әрі экономикаға кері әсерін тигізеді. Сондықтан 1 ақпаннан бастап енді мотор майын цифрлық таңбалау міндеттеліп отыр.
Назгүл Тұрашева , Tañba бірыңғай таңбалау және қадағалау операторының жоба менеджері:
- Біз өндірушілермен, сондай-ақ импорттаушылармен белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз. Күнделікті олармен байланыстамыз. Яғни ақпараттық жүйеге тіркелу жүзеге асырылып жатыр. 1 ақпанға дейін барлық өндіруші мен импорттаушы міндетті түрде таңбалауға дайын болады деп үміттенеміз.
Сыра саудасы цифрлық бақылауға алынады
Сыра саудасы да цифрлық бақылауға алынады. Бұл жүйе былтыр 13 кәсіпорында сыналды. Олардың қатарында ірі өндірушілер де бар. Енді жоба толық режимде жүзеге асырылады. Алайда тауардың барлық түрі бір мезетте емес, кезең-кезеңімен қамтылады. Атап айтқанда, биыл 1 ақпаннан бастап арнайы бөшке мен бөтелкеге құйылған сыра өнімдері таңбалануға тиіс. Ал 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап қаңылтыр құтыдағы өнімдердің кезегі келеді.
Еnergyprom.kz мониторинг агенттігінің мәліметіне қарағанда, былтыр 9 ай ішінде Қазақстанда 523 млн литр сыра өндірілген. Бұл алдыңғы жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 9 пайызға көп. Ал экспорты көлемі 18 млн литрден асты.
Сыра өндірісі
2025 қаңтар-қыркүйек
Өнім - 523,4 млн литр
Өсім - 9,4%
Экспорт - 18,4 млн литр
Жеңіл өнеркәсіп өндірісі ₸150 млрд асты
Ал жеңіл өнеркәсіп тауарларын цифрлық таңбалау келер жылдың аяғында басталады. Тізімге 31 өнім түрі енгізілді. Алғашқы кезең 1 желтоқсаннан бастап жүзеге асырылады. Екінші кезең 2027 жылдың наурызынан бастап, ал соңғысы қазан айынан бастап таңбаланады. Қазақстандық индустрия және экспорт орталығының дерегіне сүйенсек, былтыр алғашқы үш тоқсанда елдің жеңіл өнеркәсіп саласында өндірілген тауарлар құны 150 млрд теңгеден асты. Оның ішінде тоқыма өндірісі 11 пайызға, былғары өндірісі 8 пайызға артты. Ал киім өндірісі небәрі 0,4 пайызға ұлғайған. Жеңіл өнеркәсіп саласындағы өнімдердің жартысына жуығы Алматы, Түркістан облыстары және Шымкент қаласына тиесілі.
Назгүл Тұрашева , Tañba бірыңғай таңбалау және қадағалау операторының жоба менеджері:
- Қазіргі таңда ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Жеңіл өнеркәсіп тауарларын таңбалау бойынша қағидаларын бекіту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл құжатта міндетті түрде таңбалаудың нақты тәртібі, оның кезеңдері және қатысушылардың негізгі міндеттері айқындалады.
Цифрлық таңба – ашық сауда
Елде бұған дейін дәрі-дәрмек, аяқ киім және темекі өнімдерін цифрлық таңбалау жүйесі енгізілді. Былтыр қараша айының өзінде шылымға 98 млн, дәрі-дәрмекке 44 млн, ал аяқ киімдерге 1 млн-нан астам код берілген. Цифрлық таңба ашық сауданы қамтамасыз етеді, - дейді мамандар.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #мотор майы #цифрландыру #сыра саудасы #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz