Дегенмен, жаңа кодекске сай байыппен бейімделуден гөрі талқыланатын түйткіл көп.
Бизнес ортаның әлі де болса, сауалдары мен ұсыныстары жетерлік. Мәселені мәмілемен шешуге тура келеді. Президент құрылтайда осы проблемаға арнайы тоқталып, салық кодексі киелі кітап емес, кілтипандарды түзеу керегін тапсырған.
Зарина 10 жылдан бері кәсіпкер. Жеңілдетілген салық тәртібімен коммуникациялық агенттік жүргізеді. Жиған-тергеніне жылжымайтын мүлік алып, жалға беруді жоспарлаған. Алайда көңілі алаң.
Зарина Кәкенова, кәсіпкер:
- Бизнес жеңілдетілген салық режимінде бірнеше компания құруға құқылы болу керек деп есептеймін. Әсіресе шағын, орта бизнес. Өйткені біз ешкімге масыл емеспіз, өз бетімізше табыс тауып, субсидия сұрамаймыз. Сондықтан бізге өткен жылдағыдай кемі екі компанияға оңайлатылған салық талабымен иелік етуге мүмкіндік берсе.
Жалғыз Зарина емес, заң өзгергелі зәрезап болған кәсіпкер көп. Әуре-сарсаңға түсу себебін сала сарапшысы бір мезетте бастырмалаған бастамалармен байланыстырады. Жаңа салық кодексі қабылданды. Жаңа салық кабинетіне көшу керек. Тағы тауарлардың ұлттық тізімі енгізілген. Оның үстіне толассыз ақпарат. Бірақ бір тоқтам жоқ.
Гүлнұр Нұрланқызы, салық кеңесшісі:
- Соңғы ақпараттың жетпеуінен мүлдем ештеңе істемей отырғандар бар. Екінші беріп, бірақ, өтініштері қабылданбай жатқандар бар. Сенің ОКД-ың сәйкес келмейді, кәсіп түрің сәйкес келмейді, ауданда тіркелмегенсің деген секілді техникалық ақаулар көп шығарып жатыр. Үшіншісі қателесіп таңдап жатқандар. Мысалы ақпараттың аздығынан мен анаған көшіп аламын дейді. Ол маған керек емес екен мен мына режимге барамын дейді. Ал, база сені көшірмейді. Себебі, 28 ақпанға дейін бір-ақ рет қана режим таңдауға мүмкіндігің бар. Одан кейін ана салық кабинетінде салық төлеушілерге формалар жаңармаған. Мысалы қазір ИП-ны жапқысы келеді. Бірақ 2026 жылдың формалары жоқ кабинетте.
Сауатты салынбаған салық халыққа салмақ болады. Әсіресе бизнестің берекесі кетеді. Ондай деректер де аз емес.
Гүлнұр Нұрланқызы, салық кеңесшісі:
- Мысалы, ең кең тараған кейс Магнум болды. Магнумға шағын кәсіптегірлер тауарын әкеп сататын. Жалпыға бірдей салық режимін қолданатын кәсіпкер. Ол айтты егер сіздерде жалпыға бірдей салық режиміне өтпесеңіздер мен тауар алмаймын деді. Себебі, оған тиімсіз ол тауарды шегерімге шығарып, салығын азайту керек қой.
Қысқасы, жалпыға бірдей салық төлеуші мен жеңілдетілген тәртіптегілер бірлесе жұмыс істей алмайтын күйге жетті. Өйткені кірісі кеміп, шығынына шашы шақ келмейді. Үкімет бұндай тәуекелге пысықайларға тойтарыс беру үшін барған.
Гүлнұр Нұрланқызы, салық кеңесшісі:
- Ресми түрде айтып отырған жауабы – мұны заңсыз жолда пайдаланды дейді. Яғни үлкен кәсіпкерлер 20 пайыз табыс салығын төлейді. Олар 20 пайыз салықты төлемес үшін олар шағын бизнеске 3 пайызды төлеп, фиктивный шот фактуралар жасатып алып, сонымен 20 пайыз табыс салығын азайтты дейді. Бірақ барлығы бірдей ондай алаяқтыққа бармайды ғой. Қаншама шын жасап отырған ірі кәсіпкер мен шағын кәсіпкер бар. Осындай заңсыз жолдардың кесірінен мүмкін бізде 5-10 пайыз болған шығар. Бірақ қалған 90 пайыздың бәрінің жолын жауып тастады. Салдарынан банкроттыққа да әкелуі мүмкін. Себебі 3 пайыз төлеп отырған адам 26 пайызға өткен кезде ондай шығынды көтере ала ма, көп бизнес?
- Орынды сұрақтың шешімі де оңтайлы болуы тиіс. «Айттым, бітті» қағидасы жүрмейтінін Президент те ескертті. Себебі, халық айтса қалт айтпайды.
- Түптің түбінде Салық кодексі киелі кітап емес.
Салық салудағы стратегиялық мақсат – экономиканың сапалы өсімін бәсеңдетпеу. Инфляцияның иіріміне жұтылмаудың жолын табу.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Экономика және бизнес саласы жаңа салық режиміне көшіп жатыр. Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар фискалдық жүйедегі өзгерістің елді дүрліктірмей, бірқалыпты жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге міндетті. Салық кодексін қолдануға қатысты жұртшылықтың ойға қонымды, сындарлы ұсыныстарын мұқият зерделеу керек. Қажет болса, түзетулер енгізген жөн.
«Бұйрық қатты, жан тәтті»,-демекші Үкімет дереу іске кірісті. Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсе құрылды. Апта сайын бизнесті алаңдатқан мәселе қаралады.
ЦИТАТА: Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі
Әділ, ыңғайлы әрі түсінікті. Салық төлеу үдерісі дәл осылай болу керек. Жауапқа тарту шаралары тек кірісін қасақана жасырғандар үшін қарастырылған. Сондықтан 2026 жыл бүкіл шағын-орта бизнес үшін өтпелі жыл болады. Төлем кезіндегі қателіктер үшін өсімпұлдар мен айыппұлдар өндірілмейді. Кәсіпкерлер осы жылды өзгерістерге байсалды түрде бейімделу үшін пайдалана алады.
Сонымен салықтың жалпыға бірдейі және оңайлатылғаны бар. Алайда қай-қайсысына да абай болу керек. Шалыс кетіп, шикі шешім қабылдап, шорт кессе бизнес тежеледі. Бизнес тежелсе бюджет толмайды. Яғни, олжа мен ордың арасы ойсыз әрекетке байланысты.
Нысаналы Ығыл
Тегтер #Салық кодексі #Ұлттық құрылтай 2026 #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz