Елде ақылы жолдар үшін төлем тәртібі жеңілдейді. Енді жеке тұлғалар тиісті төлемді бір аптада емес, бір ай ішінде төлеуіне болады.
Ал заңды тұлғаларға бекітілген мерзім басқаша. Биыл ақылы жолдардың кейбір бөлігі уақытша тегін болады. Өйткені ол учаскелерде жолдың сапасы сын көтермей тұр.
Қазақстанда жалпы ұзындығы 4 900 шақырымға жуық 26 ақылы жол бар. Олардың 12-сі І техникалық санатта болса, қалғаны ІІ және ІІІ санатта. Былтыр бұл трассалар арқылы 74 млн-ға жуық сапар тіркелген. Ал жүргізушілерден түскен табыс көлемі 87 млрд теңгеге жетті. Ол қаражат автожолдарды күтіп-ұстау, жаңғырту және жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмсалады, - дейді Көлік министрлігінің мамандары.
Ведомство былтыр ең көп қолданылған ақылы жолдардың рейтингін де жариялады. Көш басында Алматы-Қонаев трассасы тұр. Одан кейін тізімді Шымкент – Өзбекстан шекарасы және Шымкент – Тараз жолдары жалғайды. Ал көлік ағыны ең төмен жолдар қатарына Бейнеу және Үшарал – Достық бағыттары енген.
Ақылы жолдар
Барлығы – 26
Ұзындығы – 4 883 шақырым
2025 ж – 74 млн сапар
Табыс – ₸87 млрд
Ғабит Шымырбаев, ҚР КМ Автомобиль жолдары комитетінің басқарма басшысы:
- Заң талаптарына сәйкес, ақылы учаскелер тек сол жолдан түскен қаражат есебінен күтіп ұсталады. Яғни ол жолдарға республикалық бюджеттен қаражат бөлінбейді. Республикалық бюджеттің қаражаты басқа жолдарды жөндеуге және басқа да жоспарлы жұмыстарды орындауға бағытталып жатыр.
Биыл ақылы жолдар қымбаттай ма?
Ақылы жолдардың әрбір шақырымы үшін алдын ала және кейінгі төлем мөлшері бекітілген. Жеңіл көліктер үшін тариф 2-2,7 теңгеден. Автобустарға орын саны, ал жүк көліктеріне салмағы бойынша 8-9,7 теңгеден бастап 41-48 теңгеге дейін жетеді. Биыл тариф қымбаттамайды. Көлік министрлігі әзірге бұл мәселе қаралып жатпағанын хабарлады. Ал төлем жасау тәртібі едәуір жеңілдейді. Ведомство ережелерді жаңартуға кірісті. Онда жүргізушілерге қосымша уақыт беру көзделген. Қолданыстағы нормаға сәйкес, егер жүргізуші қызмет құнын бір апта ішінде төлемесе, сегізінші күні тиісті материалдар көлік бақылау органдарына жолданатын. Енді жеке және заңды тұлғалар үшін бөлек әрі ұзартылған мерзім бекітіледі.
Ғабит Шымырбаев, ҚР КМ Автомобиль жолдары комитетінің басқарма басшысы:
- Былтыр бекітілген тарифтер сол күйінде қалып отыр. Яғни жаңадан салынатын учаскелерге де сол тарифтер қолданылатын болады. Ақылы учаскеден жүріп өткен үшін 7 күн ішінде төлемесеңіз, сізге айыппұл беретін болса, бүгінде оған өзгерістер енгізіп, яғни оны екіге бөліп жатыр. Жеке тұлға және заңды тұлға деп. Заңды тұлғаларға 20 күн уақыт беріледі. Ал жеке тұлғаларға 7 күннен бір айға дейін созып отырмыз.
Жайсыз жолға ақы төленбейді
Баға бекітілді, ал жолдың сапасы ше? Жүргізушілердің айтуынша, кейбір учаскелер шұрық-тесік күйде жатыр. Соның салдарынан көліктер жиі істен шығады. Яғни жүргізушілер сапасыз жолмен өту үшін ақша төлейді әрі көлігін жөндеуге шығындалады. Министрлік пен «ҚазАвтоЖол» компаниясы мұндай кемшіліктер барын жоққа шығармады. Мамандар ақылы жолдардың 14-нен ақау анықталғанын айтып отыр. Ұзын-саны 205 шақырым жол жөндеуді талап етіп тұр. Енді бұл кемшіліктер биыл жойылуға тиіс. Ал оған дейін жүргізушілер аталған учаскелер үшін ақы төлемейді, деді ұлттық компания басшысы.
Дархан Иманашев, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы:
- Алдағы құрылыс маусымында сол учаскелерді жөндеу көзделіп отыр. Тиісті жұмыстар аяқталғаннан кейін олар қайтадан ақылы болады.
Тағы 6 автожол ақылы болады
Ал жыл соңына дейін ақылы автожолдар тағы алтауға көбейеді. Көлік министрлігінің мәліметіне қарағанда, бұл тізімде батыстағы Ақтөбе – Қандыағаш, Атырау – Астрахань, оңтүстік пен оңтүстік-шығыстағы Бұрылбайтал – Күрті, Мерке – Шу, Талдықорған – Өскемен, сондай-ақ орталықтағы Қарағанды – Балқаш бағыттары бар.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #ақылы жолдар #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz