RU
Толық нұсқаға өту

Пәтерақының бір бөлігін мемлекет төлейді

04.02.2026, 07:30 317

Пәтерақыңызды төлеуге қиналып жүрсіз бе? Енді оның бір бөлігі мемлекет тарапынан субсидияланады. Баспана кезегіндегі отбасыларға осындай қолдау көрсетіліп жатыр.

Тағы бір айта кетерлігі, бұрын мемлекет тарапынан жалға берілген баспаналарды жекешелендіруге болады. Мұндай мүмкіндіктерге кімдер және қалай ие болады? 

Елде тұрғын үйді жалдау ақысының бір бөлігін мемлекет төлейді. Сонымен қатар баспана сатып алу үшін бастапқы жарна беріледі. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мамандары брифингте баяндады. Мұндай қолдау тетіктері тұрғын үй кезегіндегі әлеуметтік осал топтарға ғана арналып отыр. Былтыр 11 мыңнан астам отбасының пәтерақысы субсидияланды. Ал 1800-ге жуық отбасы бастапқы жарна үшін сертификат алды. Мамандардың айтуынша, дәл осындай қолдау шаралары биыл ширай түседі. Яғни мемлекет тарапынан тағы 11 мың адамға субсидия және 3,5 мың адамға сертификат қарастырылып отыр. Қазіргі таңда баспана кезегінде бір миллионға жуық адам тұр. Оның 600 мыңнан астамы әлеуметтік осал топтарға кіреді.

Баспанамен қамту шаралары

                 субсидия                       сертификат

2025 ж   11 мың отбасы              1,7 мың  отбасы

2026 ж   11 мың отбасы              3,5 мың  отбасы

Бақытжан Жүнісбеков, ҚР ӨҚМ Құрылыс және ТКШ істері комитетінің төрағасы:

- 11 мыңнан астам азаматқа субсидия төлеу үшін республикалық бюджеттен 7,5 млрд теңге бөлінді. Ал баспананың бастапқы жарнасы үшін өзге азаматтарға 2 млрд теңге берілді. Ал биыл 4,3 млрд теңге қарастырылып отыр. 

Жалдамалы пәтерді жекешелендіруге болады

Биыл 12 мыңнан астам адам төмен пайызбен ипотека рәсімдей алады. Ол үшін «Наурыз», «2-10-20» және «5-10-20» бағдарламалары жүзеге асырылады. Заңнамаға енгізілген түзетулер негізінде тұрғын үй кезегіне тіркеу және жалдамалы баспаналарды бөлу функциясы былтырдан бастап жергілікті әкімдіктерден ұлттық даму институтына, яғни, «Отбасы банкке» берілгені белгілі. Содан бері 2 және 5 пайыздық мөлшерлемемен 5 мыңнан астам адамға қарыз берілген. Тағы 9 мыңға жуық адам «Наурыз», «Наурыз-жұмыскер» жобаларының игілігін көрді. Сонымен қатар саладағы өзгерістерге сәйкес, бұрын сатып алу құқығынсыз жалға берілген баспаналарды енді жекешелендіруге болады.

Бақытжан Жүнісбеков, ҚР ӨҚМ Құрылыс және ТКШ істері комитетінің төрағасы:

- Мемлекеттік бағдарламалар арқылы баспананы жалға алған 70 мыңға жуық азамат осындай мүмкіндікке ие болады. Жекешелендіру міндеттелмейді, яғни әркімнің өз еркінде. Былтыр бұл мүмкіндікті 15 мыңнан астам азамат пайдаланды.

Тұрғын үй саласында инвестиция көлемі артты

Былтыр тұрғын үйлер құрылысына 3,8 трлн теңге инвестиция тартылды. Бұл алдыңғы жылдағымен салыстырғанда 5 пайызға көп. Солардың басым бөлігі - жеке қаражат. Нәтижесінде 20 млн шаршы метр баспана қолданысқа берілді. Сонымен қатар үлескерлердің құқығын қорғау және нарықтың ашықтығын қамтамасыз ету үшін заңнамалық нормалар қабылданды. Онда бұрын үлескерлікке қатысты талаптарды айналып өтуге қолданылған шарттардың барлығы алынып тасталды. Азаматтардың қаражатын алдын ала тартуға рұқсаты жоқ нысандарды жарнамалауға тыйым салынды. Ал тұрғын үй нарығында баға қалай реттеледі? Брифинг барысында министрлік мамандары бұған қатысты пікір білдірді.

Нұрсұлтан Керімқұлов, ҚР ӨҚМ Құрылыс және ТКШ істері комитеті төрағасының орынбасары:

- Жеке инвесторлар жеке қаражат есебінен салып жатқан тұрғын үйлердің бағасы өсетіні туралы ақпарат бар. Енді рынок болғаннан кейін біз оған нақты айта алмаймыз. Тек мемлекет тарапынан салынып жатқан үйлердің бағасын біз реттеп отырамыз. Оның бағасы өспейді.

Мың тұрғын үй апатты күйде тұр

Елде 2 жарым мыңнан астам көппәтерлі тұрғын үй ескірсе, тағы бір мыңы апатты күйде тұр. Былтыр осындай 79 нысан сүріліп, 2 мыңнан астам отбасыға жаңа баспана берілді. Тиісті жұмыстар 2029 жылға дейін кезең-кезеңімен жалғасады, - деді мамандар.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz