RU
Толық нұсқаға өту

Қытаймен сауда-саттық жеңілдейді

06.02.2026, 18:05 518

Қазақстандық экспорттаушылар үшін жақсы жаңалық. Енді Қытай нарығына шығу жеңілдейді. Көрші елдің үкіметі бұл бағытта жаңа жобаны іске қосты.

Тың бастама қытайлық компаниялармен тікелей байланыс орнатуға жол ашады. Алғашқы қатысушы мемлекеттердің тізіміне біздің ел де еніп отыр.

«Қытайға экспорт». Жаңа жоба осылай аталады. Бұл бастама арқылы қытайлар сауда-экономикалық қарым-қатынасты нығайтып шетелден сапалы тауар мен қызмет түрлерін тартуға мүдделі. Ел билігі нақты 6 мемлекетті таңдап алып отыр. Оған Қазақстанмен қатар Ұлыбритания, Испания, Кения, Тайланд сияқты елдер кіреді. Қытайдың Сауда министрлігі экспорттаушыларды сүйемелдеп, ішкі нарықтағы компаниялармен тығыз байланыс орнатуға жағдай жасайды.

Жанат Байтенов, Сауда және интеграция министрлігінің өкілі, Қазақстан Республикасының Қытайдағы Елшілігінің кеңесшісі:

- Қытай тарапы жыл бойы «Би Ту Би» кездесулер ұйымдастырады. Экспорттаушыларға жол көрсетіп өздері бағыттап отырады. Жоба аясында 2026 жылдың аяғына дейін осындай 120-ға жуық іс-шара өткізіледі деген жоспар бар. Осы арқылы өз компанияларын қатысушы елдерден тауар сатып алуға ынталандырады.

Дәулет Ибраев, Қазақстандық Экспорттаушы компанияның халықаралық жобалар жетекшісі:

- Мұндай іс-шаралардың пайдасы орасан зор екенін айта аламыз. Неге? Себебі біздің өнім ұнап тұрса, өнім туралы ақпарат көп болып жатса, әрине бұл ертеңгі күні көптеген мемлекет арасындағы жаңа келісім-шарттарға қол қоюға алып келеді.

Сауда-саттыққа негізделген жоба Бейжіңде іске қосылды. Салтанатты рәсімге Орталық Азиядан Қазақстан, Африкадан Кения, Еуропа және шығыс Азия мемлекеттерінің елшілері мен 150-ден астам дипломат қатысты. Іс-шара аясында халықаралық көрме ұйымдастырылды. Онда жобаға қатысушы елдердің тауарлары қойылып еліміздің экспорттық мүмкіндіктері жан-жақты таныстырылды. Қазақстандық экспорттаушы компаниялар жобаға белсенді қатысуға ниетті. Олар бұдан зор мүмкіндік көріп отыр. Мәселен, еліміздегі ең ірі балмұздақ өндіруші компания ай сайын 15 жүк көлік балмұздақ экспорттауға дайын. Қазір Бейжің, Шанхай сияқты ірі  қалалардан өз өкілдіктерін ашып тұрақты жұмыс істеуге кірісіп кеткен.

Дәулет Ибраев, Қазақстандық Экспорттаушы компанияның халықаралық жобалар жетекшісі:

- Қазақстанның балмұздағы Қытай нарығында өте танымал. Сұранысқа ие. Оның нақты дәлелі ретінде жыл сайын 90 тонна өнім шығып тұрғанын көрсетуге болады. Бірақ біз бұл көлемді одан әрі арттыруға ниеттіміз.

Қытайлықтар Қазақстанды экологиялық таза өнім өндіруші ел ретінде біледі. Айта кету керек, былтыр көрші елге 19 млрд доллардың тауары экспортталған. Ол алдыңғы жылмен салыстырғанда 19 пайызға көп.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz