RU
Толық нұсқаға өту

Балық өнімдерін өндіру артты

09.02.2026, 07:28 340

Былтыр елде 38 мың тоннадан аса балық ауланды.

12 мың тоннадан астамы қолда өсірілді. «Аквашаруашылық туралы» заң күшіне енгелі шаруалардың тірлігіне жан бітті. Шығынға субсидия, шаруашылыққа жеңілдетілген несие бар. Осы себепті балық шаруашылықтарының саны да біршама артқан.

Бұрынғылар «мал өсірсең, қой өсір» дейтін, қазір балық өсірудің пайдасы көл-көсір екенін көпшілік түсінді. Сәл шыдасаң, табысы мол бизнеске қызығатындар қатары жылдан-жылға артып жатыр. «2021-2030 жылдарға арналған балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы» нәтижелі. «Аквашаруашылық туралы» заң балық өсірушілердің мүмкіндігін арттырды. Елде 20-ға жуық республикалық және халықаралық су айдыны бар. Үш мыңға тарта жергілікті деңгейдегі көл де балықшылардың тірлігін тоқтатпауға сеп. Бұған қоса аквашаруашылық саласындағы инвестициялық салымдар кезінде жұмсалған шығындардың бір бөлігі өтеледі. Асыл тұқымды балық өсіруді дамытуға арналған мемлекеттік көмек бар. Ал биыл су беру қызметтерінің құнын субсидиялау басталды.

Бағдат Рүстемов, ҚР АШМ Балық шаруашылығы комитетінің басқарма басшысы:

- Аквашаруашылық субъектілеріне суды жеткізу құнын өтеу бойынша субсидия бар. Бұл әр регионның тарифіне байланысты 60 пайыздан 85 пайызға дейін өтелетін болады. Биылғы жылдың бірінші қаңтарынан бастап күшіне енді. Бұл облыс әкімдіктерімен берілетін субсидияның түрі.

Биыл жергілікті және республикалық бюджеттен балық шаруашылығына 5 млрд теңге субсидия беріледі. Былтырғы қаражат көлемі 3 жарым млрд теңге болған. Мемлекеттік қолдау шаралары жетілдіріліп жатыр.  Соның арқасында шаруашылықтар ғана емес, өндірілген өнім көлемі де айтарлықтай артты. Былтыр нарыққа 18 мың тоннадан аса балық және балық өнімі шығарылды. Жоспар бойынша биылғы көрсеткіш 26 мың тоннаға жетеді. Ішкі нарықта Норвегия, Ресей, Исландия, Қытай және Балтық елдерінен келетін балыққа да сұраныс бар.

Бағдат Рүстемов, ҚР АШМ Балық шаруашылығы комитетінің басқарма басшысы:

- Балық өнімдері бойынша импорт болады. Өйткені бұл теңіз өнімдеріне байланысты, сондай-ақ бізде өспейтін өнімдердің негізіне байланысты біз де сол импорттың бір бөлігін дабуға жұмыстанып жатырмыз. Соның ішінде фарель өсіруге және де табиғатымызға, мысалы сазан, сол сияқты Қазақстанда өсетін балықтардың көлемін арттыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізіп жатыр. Бірақ импорттың көлемін, ол енді халықтың тұтынуына байланысты өзгеріп отырады. 

Елде балық өңдеуге машықтанған 72 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Олардың жылдық қуаты 120 мың тонна. 20 кәсіпорын дайын өнімді сыртқы нарыққа шығарады. Қазақстандық балықты Еуроодақ елдері, Латвия, Литва, Нидерланды, Ресей және Қытай халқы тұтынады.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz