RU
Толық нұсқаға өту

Ақмола облысының диқандары майлы дақылдар үлесін арттырады

09.02.2026, 11:39 287

Ақмола облысының диқандары биыл бидайдың үлесін азайтып, майлы дақылды көбейтеді.

Кейінгі жылдары астық бағасы төмендеп, шығын ақталмай жүр. Сондықтан өзге дақыл түрлерін егіп көреміз дейді,-шаруалар. Жалпы биыл өңірде 5,5 млн.гектар алқап игеріледі. Былтырмен салыстырғанда 75 мың гектарға көп. Қазір егіс науқанына қызу дайындық жүріп жатыр. 

Державинск тұрғыны Олег Смолинцев ірі егін шаруашылығында еңбек етеді. Қазір тракторын жөндеп жатыр. Жақын күндері тұқым тасымалдауды бастайды. Қар тоқтату жұмысы тағы бар. Білікті механизатор былтырғы науқанда бір өзі 2 мың тоннаға жуық астық жинап, қамбаға құйған.

Олег Смолинцев, механизатор:

- Егін орағы аяқталғасын бір екі аптадай демалып, қайта жұмысқа кірісеміз. Техникамызды жөндейміз. Ылғал жабу жұмыстарын жүргіземіз. Мен ауыл шаруалығы саласында 1992 жылдан бері жұмыс істеймін. Қазіргі техникалар жаңа ғой. Жұмыс істеуге өте қолайлы.

Жылда осы уақытта өңірде қар тоқтату жұмыстары жүргізілетін. Бірақ биыл кешеуілдеп жатыр. Себебі алқаптарда қар аз, дейді олар. 

Валентин Сидоров, ЖШС директоры:

- Қанша жыл жұмыс істесем де мұндай жағдай алғаш рет болып отыр. Қар өте аз. Енді алдағы екі айға иек артып, үтіп күтеміз. Негізі біздің Жарқайың ауданында егіннің шығымы төмен болғанымен сапасы жақсы. қазір көктемгі дала жұмыстарына 90 пайыз дайынбыз деуге болады. 

Жылдағыдай диқандарға мемлекеттен қолдау болады. Жыл басынан бері 119 шаруа 12 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие алған.

Михаил Сэу, шаруа:

- Мемлекеттік қолдаудың арқасында егін өнімділігі бірнеше есеге артты. Біз былтыр 60 млн.теңге жеңілдетілген несие алған едік. Оған тыңайтқыштар мен сапалы тұқым қорын сатып алдық. Биыл да сол көлемде қаржы алуға өтінім беріп жатырмыз.

Еркебұлан Баяхметов, "Kokshe" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы төрағасының орынбасары:

- Жылдармен салыстыра есептесек, 2024 жылы 35 шаруаға 11 млрд теңге берілді. Былтыр 160 фермер 46 млрд теңге көлемінде қаржылай қолдауға ие болды. Биыл әзірге 35 млрд теңге бөлініп отыр.

Үкіметтен жеңілдетілген бағамен 76 мың тонна жанар-жағармай бөлінеді. Шаруалар тұқымнан да таршылық көрмейді, дейді жауаптылар.

Нұрбек Бадырақов, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Ағымдағы жылы облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері егіс жұмыстарын жүргізу үшін 539 мың тонна тұқым дайындайды. Бұл тұқымның 200 мың тоннасы бүгінгі таңда тексеруден өттін. Бұл қажетті тұқымның 37 пайызын құрайды.

Көктемгі дала жұмыстарына 37 мың техника шығады. Егіс науқаны мамыр айында басталады деп жоспарланып отыр.

Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz