Әрі кетсе енді 10 жылда Қазақстан электр энергиясын экспорттай бастайды. 2035 жылға қарай профицит 6,2 ГВт болады.
Демек ішкі нарықтан артылған қуатты сыртқы елдерге сата аламыз. Бұған көмір генерациясын дамытудың ұлттық жобасы ықпал етеді. Құжат қашан қабылданады?
2030 жылға дейін елде 6 ірі энергетикалық нысан салынады. Олардың қатарында Екібастұздағы үшінші мемлекеттік аймақтық электр стансасы, Курчатов, Көкшетау, Семей, Өскемен және Жезқазған стансалары бар. Ауқымды жұмыс көмір генерациясын дамытудың ұлттық жобасы аясында жүзеге асады. Жаңа құрылысқа инвесторлар тендер арқылы таңдалады. Сонымен қатар, қолданыстағы стансаларды жаңарту жоспары бар. Ол үшін министрлік инвестициялық келісімдер жасауға тиіс. Ерлан Аққенженов осы стансаларды таза көмірмен қамту үшін өндіруші компаниялар да жаңа технологиялармен жабдықталатынын жеткізді. Жалпы қатты ескірген нысандарды заманауи энергетикалық блоктарға кезең-кезеңімен алмастыру көзделеді. Бұл экологиялық талаптар мен энергетикалық қауіпсіздік арасындағы тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді.
Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:
- Осы жобаға 7,6 гВт қуаттылығы кірді. Ең біріншіден, ол бізге ертеңгі күнге дұрыс көзқараспен қарауға энергетикалық қауіпсіздігін береді. Екінші осы генерацияның қасындағы бизнестің дамуын да және жергіліктендіру жұмыстарын жүргізуге осындай мүмкіндік береді.
Елде 3 ғасырға жететіндей қатты отын қоры бар. Мемлекет басшысы көмір генерациясының болашағын қазірден айқындауды тапсырды. Қабылданатын Ұлттық жобада 2030 жылға дейінгі басымдықтар көрсетіледі. Ал сарапшылар көмірден таза қуат алу үшін озық технологияларды пайдалану қажет дейді. Бүгінде елдегі жылу және энергияның 65 пайызын осы көмір генерациясы қамтиды. Компаниялар жылына 110 млн тонна қатты отын өндіреді. Ресми дерекке сүйенсек, энергетикалық көмір қоры 33 млрд тоннадан асады. Ендігі мақсат - зиянды шығындыларды төмендетіп, халықты таза энергиямен қамтамасыз ету.
Талғат Темірханов, Қазақстанның Электр энергетикасы қауымдастығының төрағасы:
- Өздеріңіз білетіндей, алып мемлекеттер қазіргі таңда көмірден бас тартып жатыр. Баламалы энергетикаға көп көңіл бөліп жатыр. Ал енді біздің ең басты күшіміз, бұл көмір қорының мол болуы. Сол көмір қорын шикізат ретінде қалай дұрыс қолдану керек екенін, бұл сұрақтарға әрине осы Ұлттық жоба жауап беру керек.
Электр энергиясы артық өндіріледі
Келесі жылы елде электр энергиясына тапшылық жойылады. Өндіріс қуаты арта түседі, соның нәтижесінде 2029 жылға қарай тұрақты профицитке қол жеткізбекпіз. Ал 2035 жылы артылған қуатты экспорттау жоспары бар. Кегок компаниясы тиісті жұмысты бастап кетті. Маңызды жобалардың бірі "Солтүстік-Оңтүстік" транзитін арттыру. Бұдан бөлек, ел аумағында 26 ГВт-тан астам жаңа өндіруші қуат көздерініске қосу қажет. Соның 2,6 мың МВт-тан астамы биыл беріледі. Әзірге көмір электр стансалары 13,8 ГВт-ты, газбен жұмыс істейтін нысандар – 6,8 ГВт; ірі гидроэлектростансалары – 2,5 ГВт; ЖЭК үлесі 3,6 ГВт-ты қамтиды.
Өңдеуші кәсіпорындар қуатты көп тұтынады
Елдегі энергия қуатының басым бөлігін өндірістік-энергетикалық кәсіпорындар тұтынады. Былтыр олар 70 млн тонна шартты отынды кәдеге жаратты. Жалпы мемлекеттік энергетика реестрінде 21 мыңнан аса ұйым тіркелген. Олардың әрқайсысы жылына 1500 тонна шартты отын тұтынады. Ең ірілері Павлодар, Қарағанды және Атырау облыстарында шоғырланған. Негізінен электрмен жабдықтау, газ, бу беру ұйымдары, өңдеу, тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазуға маманданған кәсіпорындар көп.
Ең ірі энергия тұтынушылары:
Павлодар облысы – 24,5%
Қарағанды облысы – 18,1%
Атырау облысы – 9,6%
Жаңартылатын энергия көздері көбейеді
Жаңартылатын энергия көздері де назарда. Қазір 13 трлн теңгеге 81 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның қуаты 15,3 ГВт-тан асады. Мамандар жаңа нысандардың 51-і баламалы қуат көздеріне негізделген дейді.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #электр энергиясы #экспортPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz