Елдің мұнай өңдеу қуаты 40 млн тоннаға жетеді
Алдағы онжылдықта авиакеросин мен дизель отынының импортына тәуелділікті азайту былай тұрсын, мұндай өнімдерді экспорттауға көшеміз. 2033 жылға қарай Қазақстан жыл сайын 40 млн тоннаға дейін мұнай өңдеуге қауқарлы болады. Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев осындай болжам жасады. Қазіргі таңда елдегі мұнай өңдеу зауыттарының жылдық қуаты 18 жарым млн тонна шамасында. Ал бұл көрсеткішті еселеу үшін қолданыстағы өндіріс орындарын жаңғырту және жаңа зауыт салу міндеті тұр. Бес жыл ішінде жаңа кейіпке енетін 3 зауыттың көмегімен авиаотын тапшылығы 500 мыңнан 300 мың тоннаға дейін қысқарып, дизел отыны 100 пайыз қамтамасыз етіледі. Ал одан кейінгі жылдары төртінші зауыт іске қосылып, авиотын тапшылығы толық жойылады және көрші елдерге дизель отыны мен бензин экспортталады, деді вице-министр.
Қайырхан Тұтқышбаев, ҚР Энергетика вице-министрі:
- Қолданыстағы мұнай өңдеу зауыттарында мұнай өңдеу тереңдігі 89 пайыздан 94 пайызға артады. Ал жаңа зауытта 95 пайызды құрайды. Отынның сапасы да К4 класынан К5 класына дейін көтеріледі.
Қашағанда 2 газ өңдеу зауыты салынады
Қашаған кен орнында екі бірдей газ өңдеу зауытын салу жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл елдің энергетикалық қауіпсіздігін арттырып, жыл сайын шамамен 2 жарым млрд текше метр тауарлық газ өндіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар 400 мың тонна сұйытылған мұнай газы, 17 мың тонна композитті тұрақты газ бен 760 мың тонна түйіршіктелген күкірт шығаруға болады.
Әрбір зауытқа жекелей тоқсалсақ, алғашқы учаскеде құрылыс-монтаж жұмыстарының 30 пайыздан астамы орындалған. Өндіріс орны жыл соңына дейін қолданысқа беріледі. Ал екінші зауыт бойынша осы айда инвестициялық келісімге қол қойылды. Биыл сыртқы инфрақұрылымның құрамдас бөліктеріне қатысты техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу, сарапту және бекіті жоспарланып отыр. Дәл осы газ өңдеу зауыттарын қоса алғанда, 2032 жылға қарай тауарлық газ өндіру көлемі 32 млрд текше метрден асуы ықтимал.
ЖАҢА ГАЗ ӨҢДЕУ ЗАУЫТТАРЫ
2,5 МЛРД текше метр ТАУАРЛЫ ГАЗ
400 МЫҢ ТОННА СҰЙЫТЫЛҒАН МҰНАЙ ГАЗЫ
17 МЫҢ ТОННА КОМПОЗИТТІ ТҰРАҚТЫ ГАЗ
760 МЫҢ ТОННА ТҮЙІРШІКТЕЛГЕН КҮКІРТ
МҰНАЙ-ГАЗ ХИМИЯСЫНЫҢ ӨНДІРІСІ АРТАДЫ
Мұнай-газ химиясына да басымдық беріледі. Былтыр дәл осы салада 600 мың тоннадан астам өнім өндірілген. Тауар көлемін ұлғайту үшін жаңа бастамалар қолға алынып жатыр. Екі ай бұрын карбамид жобасы бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірленді. Енді қос компания бірлесіп, жаңа кәсіпорын құруға кірісіп жатыр. Тиісті жұмыстар биыл екінші тоқсанда аяқталуға тиіс. Ал полиэтилен жобасы негізінде құрылыс жұмыстары басталды және ұзақ циклді жабдықтарға тапсырыс берілген. Сонымен қатар алкилат өндіруге арналған жаңа зауыт бой көтеріп келеді.
Қайырхан Тұтқышбаев, ҚР Энергетика вице-министрі:
- Павлодар облысында қуаттылығы 100 мың тоннаға дейін алкилатты өндіретін зауыттың құрылысы басталды. 2026 жылға іргетастарды әзірлеу және монтаждау, металл конструкцияларды орнату, әкімшілік және шаруашылық ғимараттарын салу жоспарлануда. Бұл жобаларды жүзеге асыру бір мезгілде саланың экспортқа бағдарлануына мүмкіндік беріп, елдің ішкі қажеттіліктерін 100 пайыз қамтамасыз етеді.
Мұнай экспорты артты
Былтыр Қазақстан 29 мемлекетке 76 млн тонна мұнай экспорттады. Алдыңғы жылмен салыстырғанда тауар көлемі артқанымен, әлемдік бағаның құбылуына байланысты жалпы түсім сәл төмендеген. Energy Monitor сайтының мәліметіне қарағанда, шетелге сатылған мұнайдың орташа бағасы тоннасына 525 доллар болды. Тауардың 80 пайызы Каспий құбыр консорциумына тиесілі. Одан кейін Атырау-Самара, Атасу-Алашанькоу, Ақтау-Баку-Тбилиси-Джейхан құбырларының ролі маңызды.
Тегтер #Қазақстан #мұнай #бұл нарық #24KZ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz