RU
Толық нұсқаға өту

Зейнетақы жинақтарының артылған шегі өзгереді

19.02.2026, 09:00 251

Қазақстанның жаңа Конституциясында ел азаматына жалақы мен зейнетақының ең төмен мөлшеріне кепiлдiк берiлетiні айтылды.

Жыл басынан бері республикалық бюджеттен 395 млрд теңге зейнетақы төленген. Орташа мөлшер 157 843 теңге. Ал былтыр жұмыс берушілер 5 млн-нан аса жұмыскерге міндетті зейнетақы жарналарын аударды. Сол тұста оның мөлшері 2 жарым пайыз болған. Биыл 3 жарым пайызға жетпек. 

Зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алуға қойылатын шек қайта көтеріледі. Мұны Ұлттық банк төрағасы ескертті. Оның айтуынша, жинақ көлемінің азаюы қарттардың өмір сапасына кері әсер етеді. Тіпті негізгі қажеттіліктерді өтеуге жетпей қалуы мүмкін. Әзірге шек мөлшерін көтеру ұсынысы қаралып жатыр. Биыл ең төменгі жеткіліктілік шегі 10 пайызға өскен ед. 2021 жылдан бері азаматтарға баспана мәселесін шешуге, денсаулығын түзеуге зейнетақы жинағынан 5,7 трлн теңге берілді. Енді кей сарапшылар бұл үдерісті тоқтату қажет деп отыр.

Зейнетақы жинағына баспана алатындар азайып жатыр

Halyk Finance талдау орталығының сарапшылары «зейнетақы жинақтарын пайдалану талаптарының күшеюі баспана алуға мүмкіндігі бар азаматтар санын азайтады» дейді. Қазірдің өзінде тұрғын үйге арналған зейнетақы қаражатын алу белсенділігі төмендеді. Өткен айда 38 мың өтінім түсті. Бұл желтоқсандағы көрсеткіштен 90 пайыз аз. Дегенмен, сарапшылар мұның себебі бар дейді. Ең төменгі жеткіліктілік шегі өспей тұрып, көпшілік баспана мәселесін шешіп алуға асықты. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры өткен жылдың аяғында 890 мыңға жуық адам артық зейнетақы қаражатын алуға үміткер бола алғанын, қазір 850 мың адамға дейін төмендегенін жеткізді.

Зейнетақы активтерінің табысы артады

Тимур Сүлейменов елдің Ұлттық банкі зейнетақы активтерінің табыстылығын арттырады дейді. Былтыр оның көлемі 12%-ға өсіп, 25,1 трлн теңгеге жеткен. Ал инвестициялық табыс 1,8 трлн теңге болды.

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:

- Биыл Ұлттық қор тәжірибесіне ұқсас түрде ұзақ мерзімді табыстылықты арттыру үшін акциялар мен баламалы қаржы құралдары сияқты жоғары табысты активтердің үлесін көбейтуді жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге болашақта лайықты зейнетақы төлемдерін қамтамасыз ету үшін табысты алмастыру коэффициентін арттыру қажет. Бұл зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алуға қойылатын шекті талаптарды қатаңдатуды талап етеді.

Жұмыс берушілер аударатын зейнетақы жарнасы ұлғайды

Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасының мөлшерлемесі қызметкер табысынан 3,5%-ға дейін ұлғайтылды. Былтыр бұл көрсеткіш 2 жарым пайыз деңгейінде ед. Жұмыс берушілер өз қаражаты есебінен 5 млн  514 мың жұмыскердің пайдасына 760 млрд теңге жарна аударды. Жалпы мұндай көмек түрі 2024 жылдан бері көрсетіліп келеді.

Сол кезде жарна 1,5 пайыз болған. Ол кезең-кезеңімен өсіп жатыр. 2028 жылдан бастап, 5 пайыздық тұрақты мөлшерлемеге жетеді. Ескеріңіз, бұл жарналар зейнеткерлерге, бірінші және екінші топтағы мүгедектерге, әскери қызметшілерге, сондай-ақ 1975 жылға дейін дүниеге келген азаматтарға төленбейді.

Гүлнұр Ағайдарова, «БЖЗҚ» АҚ Төлемдерді ұйымдастыру және хабарландыру департаментінің басқарма басшысы:

- 1975 жылдың бірінші қаңтарынан бастап дүниеге келген азаматтарға төленеді. Себебі бұл санаттағы азаматтардың 1998 жылға дейін еңбек өтілі жоқ немесе аз. Болашақта бұл азаматтарға мемлекеттік бюджеттен жасына байланысты, еңбек өтіліне байланысты зейнетақы тағайындалмайды. Болашақта бұл азаматтар үш көзден зейнетақы алатын болады. Біріншісі базалық зейнетақы, мемлекеттік бюджеттен төленетін, екіншісі БЖЗҚ қалыптастырылған зейнетақысы, сондай-ақ осы қорда жұмыс берушінің зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтарын алатын болады.

Жалпы жұмыс беруішінің міндетті зейнетақы жарнасын аударуы бекер емес. Осылайша жұмыскердің қартайған шағында өмір бойы қосымша жинақтаушы зейнетақы төлемімен қамтамасыз ету көзделеді. 

Гүлнұр Ағайдарова, «БЖЗҚ» АҚ Төлемдерді ұйымдастыру және хабарландыру департаментінің басқарма басшысы:

- Бұл жарналардың ерекшелігі мұраға қалдырылмайды, себебі бұл зейнеткердің жеке меншігі болып табылмайды. Сонымен қатар, азамат ҚР азаматтығынан айырылған немесе шыққан жағдайда, сондай-ақ қайтыс болған жағдайда бұл жарналарды төлеу тоқтатылады. Жинақталған жарналар басқа қатысушылар арасында бөлінеді.

Биыл елдегі ең төменгі зейнетақы мөлшері 69 мың 49 теңге. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл сома жыл сайын өзгеріп отыратынын жеткізді. Келесі жылы 73 мың теңгеден асса, 2030 жылға қарай 85 942 теңгеге дейін өседі.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz