RU
Толық нұсқаға өту

Көлік-транзит саласында бірнеше жоба қолданысқа беріледі

19.02.2026, 20:21 216

Қазақстан көлік-транзит әлеуетін арттыруға күш салып жатыр.

Биылдың өзінде бірнеше ірі жоба қолға алынып, жыл соңына дейін қолданысқа берілуі тиіс. Олардың кейбірі күрделі жөндеуден өтсе, біразы жаңғыртылмақ. Осылайша 2030 жылға дейін еліміз арқылы өтетін транзит көлемін бірнеше есе ұлғайту көзделген. Жоспарды орындауға еліміздің қауқары жете ме? Шекара арқылы ағылған тауар көлемін қадағалай аламыз ба? Бұл қандай жобалар?

Серік Селеубайұлы, тілші: 

- Бұл жобалар барлық көлік түрін қамтиды. Алайда бүгін теміржол мен автожолдарға тоқталсам. Себебі еліміз арқылы өтетін тауардың көп бөлігі осы көлік түрлерімен тасымалданады. 

Алдымен теміржол саласына кеңірек тоқталайын. Биыл «Мойынты-Қызылжар», «Дарбаза-Мақтаарал», «Алтынкөл-Жетіген» және «Бейнеу-Маңғыстау» бағыттарындағы құрылыс пен жаңғырту жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр. Аталған жобалар 2024–2025 жылдары басталған. Қазір негізгі құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Министрлік жобалар уақытылы қолданысқа беріледі деп мәлімдеді. Себебі мұнда халықаралық қаржы ұйымдарының қаражаты тартылған.    

Темірхан Мұсағалиев, ҚР Көлік министрлігі Теміржол және су көлігі комитетінің бас сарапшысы:

- «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамы жобаларды жүзеге асыру мақсатында халықаралық банктерден қарыз алады. Оған мемлекет кепілдік береді. Бұл жобаларды уақытында және сапалы аяқтауға мүмкіндік береді. Бұл жобалар кілт тапсыру қағидатымен жүзеге асырылып отыр. 

Бұл жобалар жүк жеткізу уақытын қысқартып, темір жолдың өткізу қабілетін арттырмақ. Сонымен қатар, ашықтықты қамтамасыз ету үшін цифрландыру бағытындағы жобалар да қолға алынған. 

Серік Мұратбекұлы, "Қазтеміртранс" АҚ Ақпараттық жүйелер және технологиялар департаментінің директоры:

- Жоспарлау мен жүк тасымалын автоматтандыру үшін заманауи айти шешімдер қолданып жатырмыз. Болашақта бұл барлық ақпараттық жүйелерді біріктіріп, ортақ экожүйе қалыптастырады. Жыл соңына дейін теміржол желісі операторының жүк вагондарын беру процесін толық автоматтандыру жоспарланған. 

Соңғы жылдары транскаспий бағытының маңызы артып, батысқа тасымалданатын жүк еліміз арқылы көптеп өте бастады. Бұл елдегі инфрақұрылымға салмақ салып, қиындық туындатқан кездер де болған. Сондықтан сарапшылар мәселені жан-жақты қарастыру керегін айтады.    

Бекнұр Қисықов, экономист:

- Транзит көлемін межесіз арттыра беру де қауіпті. Себебі алдымен оған инфрақұрылым дайын болуы керек. Модернизациядан өтуі тиіс. Елдегі теміржол вагондарының басым бөлігі ескі. Жалпы көлік парктері жаңарту маңызды. Себебі қазір әлемде мультимодалды тасымал жүйесі дамып келеді. Яғни жолдың бір бөлігін пойызбен, қалған бөлігін автокөлікпен немесе пароммен басып өтеді. Сондықтан көліктің барлық түрін дамыту керек.  

Қазір ел бойынша 13 мың шақырымға жуық автожол жөнделіп жатыр. Оның 9 мыңы республикалық, 4 мыңы жергілікті жолдар. Бұл тасжолдағы қауіпсіздікті арттырмақ. Сонымен қатар шекарада ұзынсонар кезектерді болдырмаудың амалы да жасалып жатыр.

Сәкен Ділдахмет, «Қазавтожол ҰҚ» АҚ ресми өкілі:

- Көрші елдермен тиауар айналымы қатынасын дамыту үшін автомобиль өткізу пункттері қайта жаңғыртылуда. Былтыр 12 автомобиль өткізу пунктінде жұмыстарды бастасақ, биыл жылдың аяғына дейін 5 автомобиль өткізу пунктінде жұмыстарды аяқтап, өткізуді жоспарлап отырмыз. 2030 жылға дейін бізде 30-дан астам автомобиль пункттері қайта жаңғыртылатын болады. 

Бұл тек тауар ғана емес, жолаушылар ағынын да реттеуге және шекарадағы бекеттердің өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік бермек.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz