Қазақстан үшін Еуразиялық экономикалық одақ аясында электр көліктерін кедендік бажсыз әкелуге квота тоқтатылды.
Енді шеттен көлік әкелу үшін отандастарымыз салық төлеуге тиіс. Бұл елге экологиялық көліктердің келу қарқынын баяулата ма? Жеңілдікті алып тастауға не себеп?
Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, электромобильдерді рәсімдеудің үш түрлі жолы бар. Алғашқысы – ДСҰ ставкалары бойынша тауар декларациясы. Отандастарымыз көбіне осы әдісті таңдайды. Себебі мұнда кедендік алым 6 АЕК, яғни, шамамен 26 мың теңге. Қосылған құн салығы көлік құнының 16%-ы мөлшерінде төленеді. Екіншісі – еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай кедендік тарифі бойынша. Мұнда да кедендік алым – 6 АЕК. ҚҚС мөлшері – 16%. Сондай-ақ көлік құнының 15%-ы мөлшерінде импорттық кедендік баж төленеді. Соңғысы – Жолаушыларға арналған кедендік декларация. Бұл әдіс бойынша рәсімдеу кезінде көліктің кедендік құнының 27%-ы мөлшерінде жинақталған кедендік төлем салынады. Бірақ бұл әдістердің өзіндік ерекшеліктері бар.
Электромобильдерді рәсімдеу жолдары
ДСҰ ставкалары бойынша тауар декларациясы
Кедендік алым 6 аек
ҚҚС 16%
ЕАЭО бірыңғай кедендік тарифі бойынша
Кедендік алым – 6 АЕК
ҚҚС– 16%
Импорттық кедендік баж – 15%
Жолаушыларға арналған кеден декларациясы
Жинақталған кедендік төлем – 27%
Эдуард Эдоков, Тәуелсіз автокөлік одағының төрағасы:
- Егер автокөлікті дүниежүзілік сауда ұйымы ставкаларымен алып келіп, шетке сатқыңыз келсе қосымша салық төлеуге міндеттелесіз. Себебі Сауда Ұйымының жеңілдігі тек бір елге арналған. Сондықтан шекарадан шығару үшін 15 пайыз алым төлеу керек. Сонда қосымша құн салығымен қосқанда көлемі 31 пайыз болады. Оның жанында қосымша төлемдер де болуы мүмкін.
Сонымен қатар мамандар шетелден электромобиль сатып алғанда құжаттарға мұқият болу керегін ескертеді. Әсіресе Еуразиялық экономикалық одақ аясында кедендік-тарифтік реттеу, тауарларды декларациялау және статистика үшін қолданылатын 10 таңбалы бірыңғай код – Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасын тексерген дұрыс. Сонымен қатар, елде электромобильді тіркеу үшін талап етілетін құжаттарды да дайындаған дұрыс. Олар – төлқұжат, тауар-тасымалдау құжаты, инвойс, яғни, халықаралық шот-фактура және орау парағы.
Қазақстанда электромобильді рәсімдеу үшін керек құжаттар
Төлқұжат
тауар-тасымалдау құжаты
инвойс
орау парағы
Мамандар әр мемлекет квотаға жыл сайын өтінім беруге тиіс екенін айтады. Сарапшы Эдуард Эдоков былтыр Қазақстан тарапы жеңілдік алуға ниет танытпауына отандық автоөндірушілердің әсері болуы мүмкін деген пікірде.
Эдуард Эдоков, Тәуелсіз автокөлік одағының төрағасы:
- Елге электромобильдердің көптеп келуі экологиялық ахуалды жақсартады. Өзім көп жылдан бері тұратын Алматы қаласы үшін бұл өте өткір мәселе. Тұрғындар газданған ауамен тыныс алып жүр. Мамандар ауаны ластайтын шығарындылардың 45 пайызы автокөліктерге тиесілі екенін айтады. Яғни экологиялық көлік түрлерін көбейту керек. Бірақ бізде отандық зауыттар шығарған көліктерге сұраныс артуы үшін түрлі кедергілер қойылған. Енді кезек электромобильдерге келді. Қазір жеңілдіктерді алып тастасақ экологиялық көліктердің саны қалай артады?
Шынымен кейінгі кезде қазақстанда шығарылған көліктерге сұраныс артқан. Былтырғы сатылым қорытындысы бойынша ең танымал брендтердің ондығында елде зауыты бар маркалардың үлесі басым. Бұл қатарда, Hyundai, Chevrolet, Kia сынды алпауыттар бар. Қазіргі таңда нарықта 75-тен астам автокөлік бренді ұсынылғанына қарамастан, сатылымдардың 80%-дан астамы әлі де ірі он компанияның еншісінде. Қытайлық маркалардың үлесі өткен жылдың деңгейінде сақталып, 39%-ды құрады.
2025 жылғы ең танымал брендтер
Hyundai – 50 868 (+15,4%)
Chevrolet – 38 880 (+25,7%)
Kia иеленді – 23 402 (+1,5%)
Chery – 14 570 (-2,1%)
Jetour – 14 507 (+52,6%)
2025 жылы Chery Tiggo 2 және Changan CS55 Plus модельдері Алматы қаласындағы жаңа зауытта өндірістен шығып, «қазақстандық тіркеуге» ие болды. Жыл қорытындысы бойынша Қазақстанда сатылған ең танымал алғашқы он модельдің барлығы елде өндірілген.
2025 жылы көп сатылған брендтер
Chevrolet Cobalt – 31 802
Hyundai Tucson – 20 697
Kia Sportage – 10 988
Hyundai Mufasa – 8 203
Hyundai Elantra – 7 867
Hyundai Santa Fe – 5 764
Chevrolet Onix – 5 732
Changan CS55 Plus – 5 558
Chery Tiggo 2 – 5 278
Jac S3 Pro – 5 127
Дегенмен Қазақстан квотадан түбегейлі айырылды деген сөз емес. Келесі жылы электромобильдерді қайтадан жеңілдетілген ережемен елге кіргізе бастауы мүмкін. Ол үшін еліміз өтінім беруге тиіс.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #экономика #электромобиль #КеденPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz