Жиһаз өндіретін отандық кәсіпкерлер ішкі нарықтан шетелдік өнімдерді ығыстыра бастады.
Бұл туралы қазақстандық индустрия және экспорт орталығының мамандары айтты. Сандарды сөйлетейік. Былтыр шығарылған тауарлардың құны 165 млрд теңгеден асып жығылды. Алдыңғы жылдың көрсеткішінен 56 пайызға артып отыр. Ал ішкі нарықтағы сұраныс көлемі 670 млн доллар болса, отандық өніммен қамтамасыз ету көлемі 33-тен 38 пайызға артты. Саланың дамуына ықпал еткен негізгі факторларға тоқталайық. Біріншіден, елде құрылыс саласы қарқын алып келеді. Яғни жаңа әлеуметтік және бизнес нысандарының салынуы жиһазға деген сұранысты артыра түсетіні белгілі. Екіншіден, салада кәсіпкерлер көбейді. Қазіргі таңда 1800-ден астам бизнес субъектісі тіркелген. Олардың көбі Алматы, Түркістан облыстары мен Алматы қаласында орналасқан. Елде өндірілген жиһаздардың 57 пайызы дәл осы өңірлерге тиесілі. Мамандар ең көп сұранысқа ие болған тауар түрлерін атады. Тұтынушылардың біразы кеңсе жиһаздарына тапсырыс берген. Одан кейін асүй мен қонақ бөлмеге арналған жабдықтар тұр.
ЖИҺАЗ ӨНДІРІСІ
2025 Ж ₸165,1 МЛРД
ӨСІМ 56,7%
ІШКІ СҰРАНЫС $670 МЛН
ОТАНДЫҚ ӨНІМ 37,8%
Импортталған ағаш елде өңделеді
Жиһаз түрлерінің көбі ағаштан жасалады. Ал елде орман қорының үлесі тым аз. Сондықтан шикізаттың барлығы дерлік шетелден сатып алынады. Бұрын дайын материал ғана импортталса, қазір кәсіпкерлер ағашты өз бетінше өңдеуге қауқарлы. Былтыр салада негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 7 млрд теңгеге жуықтады. Соның 70 пайызы Түркістан облысының еншісінде. Қаражаттың негізгі бөлігі кеңсе және сауда орындарына қажетті жиһаз жасауға жұмсалып отыр. Индустрия және экспорт орталығының мәліметіне сүйенсек, 2024 жылы 195 мың тонна өнім импортталса, былтыр оның көлемі 30 пайызға азайған.
Ернар Жақсылық, Qazindustry қазақстандық индустрия және экспорт орталығының бас сарапшысы
- Қазіргі уақытта Қазақстанда ағаш аз болғандықтан шетелден оны алып келіп, өзіміз дальше өңдеп, таза дсп, мдф, шпон деген сияқты материалдарға дейін жеткізіп, уже өзіміздің кәсіпкерлер бұдан әрі қарай жиһаз жасап кетеді.
Отандық жиһаз ТМД елдеріне экспортталды
Ал түрлі металл мен пластмассадан жасалған жиһаздарға ішкі нарықпен қатар, өзге елдерден де сұраныс артты. Қазақстандық өндірушілер мұндай тауардың бір бөлігін ТМД елдеріне экспорттап жатыр. Былтыр шетелге сатылған өнімнің жалпы құны 72 млн доллар болды. Алдыңғы жылдың нәтижесінен 5 есеге жақын көбейген. Өнеркәсіп саласын дамыту аясында отандық кәсіпорындардың еңбек өнімділігін арттыруға жұмсалған шығыны өтеледі. QazIndustry былтыр осы мақсатта бір жарым млрд теңге бөлді. Оның ішінде дәл осы жиһаз өндірушілер де қамтылып отыр. Мамандардың айтуынша, биыл экспорт бойынша ТМД-дан бөлек, жаңа сауда нарықтарына шығу көзделген.
Ернар Жақсылық, Qazindustry қазақстандық индустрия және экспорт орталығының бас сарапшысы:
- Өндірістің өсуі негізі экспорттық мүмкіндіктерді жаңартады. Мысалы, ТМД елдерінен бөлек Таяу Шығыс, Азия, Еуропа сияқты елдерге экспорт жасау бізде көзделген осы 2026 жылы.
8 жаңа жоба жүзеге асырылады
Дегенмен, жалпы өнеркәсіп өндірісіндегі жиһаз саласының үлесі 0,3 пайыз, ал өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі 0,5 пайыз ғана болып тұр. Өнім көлемін арттыру үшін биыл тағы 8 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.
Тегтер #бұл нарық #Елімізде #шетелдік #жиһаз #24KZ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz