Біздің елде игерілуге тиіс мұнай қоры 40 жылға жетеді. Ал көмірді шамамен 300 жылға дейін кәдеге жарата аламыз.
Демек отынның бұл түрінен түбегейлі бас тартуға болмайды. Мемлекет басшысы «таза көмір» технологиясын енгізетін уақыт жеткенін айтты. Енді құзырлы министрліктің жоспары қандай?
Үш ірі ЖЭО «Таза көмір» технологиясымен салынады
Көкшетау, Семей және Өскемендегі жаңа ЖЭО-тары «таза көмір» технологиясымен салынады. Бұл нысандар 2029 жылы іске қосылады. Қазір техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп жатыр. «Таза көмір» технологиясының қоршаған ортаға әсері аз, экологиялық талаптарға сәйкес келеді. Оның үстіне ірі және орта қуатты стансалардың салынуы энергия тапшылығын азайтып, энергетикалық жүйенің тұрақтылығын нығайтады дейді мамандар. Құзырлы министрлік, елде 34 млрд тоннаға жуық көмір қоры барын жеткізді. Демек, қатты отын генерациясын одан әрі дамытуға мүмкіндік мол. Курчатов пен Екібастұздағы электр станцияларын да тың әдіспен іске қосу көзделеді. Онда түтін газдарын сүзудің озық жүйелері мен көмірқышқыл газын ұстау технологиялары қолданылады.
Көмір генерациясына басымдық беріледі
Иә, елде көмір генерациясын дамытудың Ұлттық жобасы әзірленіп жатыр. Министрлік тек электр энергиясын өндіруге емес, саланы кешенді дамытуға басымдық бермек. Бұл үшін инвестиция тарту, отын-логистикалық инфрақұрылымды жаңғырту, экологиялық технологияларды енгізу керек. Ең бастысы кадрлық әлеуетті күшейту маңызды.
Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:
- Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Министрлік көмір генерациясын дамыту жөніндегі Ұлттық жобаны әзірлеуге кірісті, ол генерациялаушы қуаттарды кезең-кезеңімен жаңартуды, олардың тиімділігі мен экологиялық қауіпсіздігін арттыруды көздейді. Жоспарға шамамен 7,6 ГВт көмір генерациясы жобалары енгізіледі. 2029 жылға дейін барлығы 13,3 ГВт энергия қуаттары, оның ішінде 7,4 ГВт базалық генерация және 5,9 ГВт ЖЭК.
Көмір генерациясына басымдық беріледі
Алдағы 10 жылда елде электр, жылу энергиясына сұраныс арта береді. Демек жаңартылатын қуат көздерімен қатар көмір генерациясын да дамыта түсу керек. Жобаларды орындауға 8 трлн теңге жұмсалмақ. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарушы директоры Жақып Хайрушев мұны ұзақмерзімді міндет дейді. Өйткені көмір генерациясы энергетикалық жүйенің негізі. Қор жеткілікті, ендігі ескірген технологияларды жаңартып, нысандарды жаңғырту қажет. Қазір елде жылына 110 млн тонна көмір өндіріледі. Ал жаңа энергия стансалары мен жылу электр орталықтарына қосымша 19 млн тоннасы қажет болады. Сондай-ақ жартылай вагондар паркін кеңейтіп, теміржол инфрақұрылымын жаңғыртуға да көңіл бөлінеді. Министрлік осылайша "отын жеткізілімін тұрақты қамтамасыз етіп, елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік жасамақ.
Сындыбек Бисенғалиев, ҚР ЭМ Жер қойнауын пайдалану департаментінің басқарма басшысы:
- Қазіргі болжам бойынша, 2032 жылға қарай жаңа жобалар энергетикалық көмірге деген сұраныс жылына 19 млн тоннадан асады. Сондықтан, өндіріс қуатын жедел арттыру қажеттілігі туындап отыр. Атап айтқанда, «Богатырь көмір» өндірісі 2032 жылға дейін 56,5 тоннаға жеткізу жоспарланып отыр. Ал «Шұбаркөл көмір» биыл көмір өндіру көлемін 16,1 млн тоннаға дейін арттыру көзделеді.
Мұнай экспорты артты
Сарапшылар «Таза көмір» технологиясын жедел меңгеру керек дейді. Өйткені алдағы 10 жылдықта мұнай өндірісі төмендей бастайды. Ал әзірге ішкі нарықтан артылғанын экспорттап отырмыз. Өндірілген мұнайдың 80%-ы сыртқы нарықтарға бағытталады. Былтырғы жоспар 11 пайызға артып, 78,7 млн тоннасы экспортталды. Оның басым бөлігі КТК арқылы, бұл шамамен 64,8 млн тонна. Бұдан кейін Баку–Тбилиси–Джейхан бағыты арқылы жылына 1,2 млн тонна мұнай тасымалданып жатыр. Әзербайжан тарапы да көлемді 2,2 млн тоннаға дейін арттыруға дайын.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #көмір #мұнай #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz