Елде дайын сүт өнімінің өндірісі 7,1%-ға артты.
Бұл он жыл ішіндегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі, дейді сарапшылар. Былтыр отандық сүт зауыттары 665 мың тоннадан астам өнім шығарды. Алайда, статистика қаңтар айында сүт бағасы тағы көтерілгенін көрсетті. Нарықтағы ахуалды шолушы әріптесім зерттеп көрді. Елде сүт жеткілікті болса, баға неге тұрақтамай тұр?
Елде сүт импорты 1 жылда 4%-ға, 34,2 мың тоннаға дейін төмендеді. Отандық зауыттар өңделген сұйық сүт пен кілегей өндірісін үшінші жыл қатарынан арттырып отыр. Айта кетерлігі, жылдық 7%-дан жоғары өсім бұған дейін 2018 және 2020 жылдары тіркелген. Былтыр 665,2 мың тонна сүт өндіріліп, оң динамика жылдың басында да жалғасты. Қаңтар айында сүт зауыттары 54 мың тоннаға жуық - былтырғы кезеңге қарағанда 6%-ға жоғары өнім шығарып үлгірді. Осылайша отандық сүт өндірушілер ішкі нарық пен экспорттық сұранысты 95,1%-ға қанағаттандырды. Ел ішінде 694 мың тоннадан астам сүт өткізілсе, 5 мың тоннадан астамы сыртқы нарыққа сатылды. Былтыр Қазақстан сүт экспортын екі есеге жуық арттырды. Негізгі тұтынушылар – бұл Еуразиялық экономикалық одақ пен Орталық Азия елдері.
Импорт - 34,2 мың тонна, 4% ↓
Өндіріс көлемі:
2018 ж. - 7,2% ↑, 2020 ж. - 7,5% ↑
2025 ж. - 665,2 мың тонна, 7,1% ↑
2026 ж. қаңтар - 53,8 мың тонна, 6,1%↑
Ішкі нарық - 694,3 мың тонна, 6,2% ↑
Экспорт - 5,1 мың тонна, 88,6% ↑
ЕАЭО, Орталық Азия
Қаңтар айында сүт 0,4% қымбаттады
Алайда елде сүт қымбаттады. Енерджипром мониторинг агенттігінің сараптауына сай, қаңтар айында баға орта есеппен 0,4%-ға көтерілген. Бөлшек саудада майлылығы 2 жарым пайыздық 1 литр сүттің орташа бағасы 610 теңге болды. Орта есеппен дейтінім, баға әр өңірде әрқалай. Мысалы, қаңтар айында Қызылордада сүттің 1 литрі 880 теңгеге, Атырауда 858 теңгеге жетті. Анағұрлым қолайлы баға – Талдықорғанда байқалды. Онда 1 литр сүтті 381 теңгеге сатып алуға болады. Көкшетауда 417 теңге, Павлодарда 415 теңге деп көрсетілген.
2026 ж. қаңтар - 0,4%
Орташа баға - ₸ 610/литрі
(майлылығы 2,2%-2,5% сүт
Қызылорда –₸ 880/литрі
Атырау – ₸ 858/литрі
Талдықорған – ₸ 381/литрі
Көкшетау – ₸ 417/литрі
Павлодар -₸ 415/литрі
Отандық сүт өндірісінің көшбасшылары
Әдетте мұнайлы, астықты өңірлерді атап жатамыз. Сол секілді ел ішін сүт шикізатымен қамтып отырған аймақтар бар. Отандық сүт өндірісінің көшбасшысы – Солтүстік Қазақстан облысы. Елдегі ірі 373 сүт-тауарлы фермаларының 110-ы осы өңірде шоғырланған. Жалпы өндірістің 30%-ын қамтамасыз етіп отырған «сүт астанасы» деуге болады. Қостанай, Ақмола облыстарының әрқайсысы жылына 200 мың тоннадан астам сүт өндіреді. Сондай-ақ Ақтөбе, Павлодар, Қызылорда, Түркістан облыстарында сүт және сүт өнімдерінің өндірісі жолға қойылған. Айтпақшы бүгінде оңтүстік аймақтар түйе сүті өнімдерімен танымал.
Талғат Наурызбаев, ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары / СҚО:
«Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату» бағдарламасы бойынша бізге 2023-2024 жылдары 23 млрд теңге ақша бөлінген. Соған біз 23 жобаны сүт өндіру фермаларын кіргіздік. Соңғы үш жылдың ішінде біздің сүт өндіруіміз осы сүт фермаларында 15 пайызға өсті.
Елде сүт өндірісі 7,1% артты
Жуырда Солтүстік Қазақстан облысына Германиядан 165 бас асыл тұқымды ірі қара әкелінді. Ғабит Мүсірепов ауданына қарасты Бу-дённое ауылының кәсіпкері жылына 10 мың тонна жоғары сапалы сүт шығаруды жоспарлап отыр. Құнажындар алдымен Қарағандыға ұшақпен, одан әрі жүк көліктерімен діттеген жерге жеткізілді.
Олег Колодько, тауарлы-сүт фермасының жетекшісі / СҚО:
- Бұл сиырлар мол өнім береді. Әрқайсынан орташа есеппен 40 литр сүт сауылады. Шикізат қайта өңдеу зауыттарына тапсырылады. Серіктестер қазірдің өзінде хабарласып жатыр. Сондықтан сату бойынша мәселе болмайды.
Биыл елде мал шаруашылығын дамыту жоспары жасалды. Алдағы уақытта шағын шаруашылықтар кооперацияларға біріктіріледі. Президент бұл істе шетелдік тәжірибені үлгі етуге болатынын айтты. Мысалы, Нидерланд шаруалар кооперациясының арқасында құны 130 млрд доллар болатын ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттап отыр.
ЦИТАТА Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті
Елде мал шаруашылығын дамытуға мол мүмкіндік бар. Бұл айқын нәрсе. Бірақ біз осы әлеуетімізді дұрыс пайдаланбай отырмыз. Өнімдердің басым бөлігі жеке қосалқы шаруашылықтарда және шаруа қожалықтарында өндіріледі. Еттің 60 пайызы, сүттің 80 пайызы – солардың еншісінде. Бұл жағдай өнімділікті арттыруға кедергі болып отыр.
Тағы бір ілкімді жоба жайында айта кетейін. Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданындағы Солоновка ауылында 600 бас ірі қараға арналған заманауи сүт-тауарлы фермасының құрылысы аяқталуға жақын. Қазірдің өзінде 400 бас асыл тұқымды мал сатып алынды. Жергілікті шаруашылыққа 1,2 млрд теңге жеңілдетілген несие берілді. Ферма толықтай автоматтандырылған сауу жүйесімен жұмыс істейді.
Тегтер #сүт #импорт #баға #24KZ #ҚазақстанPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz