IT еңбек нарығындағы ең көп сұранысқа ие салаға айналды. Лайықты маманның жалақысы да қомақты.
Салаға енді қадам басқандардың өзі 300 мың теңгеден жоғары айлық алады. Алайда мамандар дағдыларын ұдайы жетілдіріп отыруы керек. Өйткені бәсеке күшті. Өзге мамандық иелері де цифрлық технологияларға бейімделмесе, жұмыссыз қалуы мүмкін. Ал жұмыс берушілер қызметкерді қайта даярлауға дайын ба?
Қазір IT саласындағы бір бос орынға 13 үміткерден келеді. Бұл көрсеткіш бір жылда 8 пайызға өскен. Head hanter платформасына сүйенсек, мұндай мамандықтарға сұраныс та, ұсыныс та көп. Бәсеке қарқынды. Әсіресе ЖИ және киберқауіпсіздік мамандарына қызығушылық басым. Суретші, дизайнерлер мен техникалық қолдау мамандарына сұраныс артып жатыр. Бос орынның дені Алматы мен Астанада тіркелген. Өзге облыс орталықтарында да тапшылық сезіледі.
ЖИ саласы мамандарына сұраныс көп
Бизнес цифрлық трансформацияны жеделдетуге бейіл. Елдегі компаниялардың 85%-ы ЖИ-мамандарына қазірден қызығып отыр. Зерттеуге қатысқандардың 95 пайызы мұндай қажеттілік 2-3 жылда туындайтынын алға тартады. Qazaq Expert Club сарапшылары алдыңғы қатарлы ұйымдарда ЖИ қарқынды қолданылып жатқанын айтады. Ол күнделікті процестерді автоматтандыруға, мәтін немесе дыбысты өңдеуге, визуалды деректерді рәсімдеуде пайдалы. Жақын аралықта бағдарламалық жасақтама әзірлеу, маркетинг және сату, HR, қаржы және бухгалтерия саласында қолданыла бастайды. «Мұның кері салдары да бар. Мәселен, келешекте тәжірибесі жоқ жас мамандарға сұраныс азаяды», - дейді сарапшылар.
Арман Шоқпаров, Qazaq Expert Club-тың HR саласындағы сарапшысы:
- Респонденттердің басым бөлігі бизнес ЖИ-ді жас мамандардың міндеттерін орындау үшін пайдаланып отырғанын айтқан. Сондықтан компаниялар олардың қызметіне бұрынғыдай мұқтаж емес, керісінше тәжірибелі мамандарды іздеуге көбірек көңіл бөледі. Сондай-ақ кәсіпкерлердің 38%-ы қызметкерлерін ішкі ресурстар арқылы оқытады, тек 22%-ы үшінші тарап мамандарын тартады. Респонденттердің енді бірі қызметкерлер нейрожелілерді өз бетінше меңгеруі тиіс деген пікірде.
Әр компанияның HR стратегиясы болу керек
Әрине, ЖИ адамды алмастырмайды. Алайда адамның қолымен жасалатын біраз жұмысты әп-сәтте тындыруға қауқарлы. Сол себепті мамандар компанияларға HR стратегия құруға кеңес береді. Жаңа дағды, жаңа технология күн сайын еніп жатыр. Оны игеруге әлеуетті маманды сырттан іздемей, іштен оқыту қажет. «Бұл тұрақты түрде жасалып тұратын инвестиция», - дейді сарапшылар. Яғни компания жетекшілері білікті маман дайындаудан ақша аямау керек. Қызметкердің өзі де жоба жасау, сату, қызмет көрсету немесе кәсіпкерлік дағдыларын игергені ләзім.
Әсел Мұратова, эмоционалды интеллектіні дамыту маманы:
- Кей жұмыс беруші қызметкерлерін заман талабына бейімдеу керегін түсіне бермейді. Ақша үнемдейді. Алайда бұл маман тапшылығына алып келуі мүмкін. Өйткені ЖИ дағдыларын меңгерген қызметкерді табу қиын. Сондықтан өзіңіз оқытыңыз. Әр компанияның жаңа стратегиясы болуы керек. Оған көшіп жатқаныңызды қызметкерлер ғана емес, мемлекеттік органдар да білуі тиіс. Өйткені олар да компаниялардың бірі қысқарту жүргізетінін немесе жаңа жүйеге ауысып жатқанынан хабардар болуы керек. Ал жұмысшыларыңызға карьера коучын жалдасаңыз болады.
Қазақстандықтар ЖИ меңгеріп жатыр
Microsoft әлемдегі жұмыс істеуге қабілетті тұрғындардың 16 пайызы ЖИ-ні қолданатынын айтады. Демек әрбір алтыншы қызметкер өз жұмысында нейрожелінің көмегіне жүгінеді. Тізім басында БАӘ мен Сингапур тұр. Жергілікті халықтың 60 пайызында осындай дағды бар. Бұдан кейін еуропалықтар белсенді. Ал Орталық Азия және ЕАЭО елдері ішінде Қазақстан көш басында. Еңбек етіп жүрген азаматтардың 13 пайызы – ЖИ қолданушысы. Бұл әр жетінші қызметкердің осы дағдыны меңгергенін меңзейді. Бізден кейін тізімде Беларусь, Қырғызстан және Ресей тұр.
Сандық шешімдер өміріміздің бір бөлшегіне айналғаны рас. Оны экономика, мемлекеттік басқару, әлеумет, өзге де салаларға қарқынды енгізіп жатқанын байқаймыз. Демек өзгеріске тез бейімделуіміз орынды.
Тегтер #ІТ #ЖИ #киберқауіпсіздік #сұраныс #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz