Жалған өндірушілер анықталды.
Қазақстанда 600-ден астам компания ештеңе өндірмесе де мемлекеттен көмек алып отырған. Бұл туралы өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, шеттен тауар әкеп, «Қазақстанда жасалған» өнім орнына сату үшін арнайы сертификат керек. Бірақ, ол құжаттың өзін саудаға салғандар бар екен. Бұл бассыздыққа кім жол берді? Енді отандық өндіруші тізіміне енгізу тәртібі қалай өзгереді? Бұл өзі қандай сертификат?
Ол құжаттың түрлері көп. Ішкі нарықта саудалау үшін «CT-KZ» деп аталатын сертификат жеткілікті. Ал тауарын экспортқа шығаратындарға «CT-1, 2, 3» деген түрлерін алу керек. Министрдің айтуынша, индустриялық сертификат шамамен 15 млн теңге тұрған. Яғни ресми түрде «отандық өндіруші» атану үшін зауыт-фабрика ашпай, қажетті соманы дайындап, пысықайларға берген кез-келген саудагер «қазақстандық өнім» иесі атанған. Осылайша, бұл кәсіпкерлер шын мәнінде отандық өндірушілерге арналған жеңілдіктерді пайдаланып келген.
Ерсайын Нағаспаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
- Өткен жылдары кейбір компаниялар Қазақстан аумағында ештеңе өндірмесе де, тіпті жұмысшылары болмаса да белгілі бір сомаға индустриялық сертификат сатып алып, нарықта жұмыс істеген. Олар көрші елдерден тауар әкеліп, оны отандық өнім ретінде сатып, барлық жеңілдік пен мемлекеттік қолдау шараларын пайдаланған, соның ішінде мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың сатып алуларына қатысқан. Сол себепті біз енді нақты кім өндіруші, кім «жалған» екенін анықтап алғымыз келеді.
Яғни осындай «жалған кәсіпкерлердің» кесірінен шын мәніндегі өндірісі бар зауыт-фабрикалар тапсырыс ала алмай, пайдадан қағылып отыр. Осы тақырыпқа дайындық барысында елорда іргесіндегі метал бұйымдар дайындайтын кәсіпорынға бас сұққан болатынбыз. Кәсіпкерлердің жан-айқайын келесі материалдан тыңдап көріңіздер.
Нарықта әділ бәсеке орнауы керек
Металл құрылымдарын дайындайтын бұл зауыт 2024 жылы ашылған. Кәсіпорында 20 маман қызмет етеді. Бүгінде Қазақстанның түкпір-түкпірінен тапсырыс қабылдап, тіпті өнімдерін шетелге экспорттай бастады.
Ринад Баишев, зауыт директоры:
- Біздің өндіріс тізбегі шикізаттан басталып, дайын өніммен аяқталады. Кей кәсіпкер сияқты қосалқы бөлшектерден бұйым құрастырып жүргеніміз жоқ. Шикізатты сатып аламыз. Одан құрама бөлшектер кесіп, содан дайын өнім жасаймыз. Металдан жасалатын кез-келген бұйымды әзірлейміз.
Кәсіпорын айына 100 тонна металл өңдей алады. Алайда жалған өндірушілердің кесірінен өндіріс қуатын толық қолдана алмай отыр. Оның себебін мемлекеттік сатып алу саласының сарапшысы Ербол Сардарбеков былай түсіндірді.
Ербол Сардарбеков, сарапшы:
- Егер де конкурс болатын болса тек отандық өнім берушілердің арасында әрине сырттан тәкеліп сататын «шартты түрде» отандық өнім беруші ұтады. Себебі оның бағасы арзан болады. Өйткені бізде мемлекеттік сатып алуда бюджетті эконом жасау үшін арзанға алуға тырысады.
Яғни нарықта әділ бәсеке орнауы үшін талап қатал болуы керек. Сондықтан отандық тауар өндірушілер реестрі жасақталды. Бірақ бұл тізімге кірудің машақаты көп дейді кәсіпкер.
Ринад Баишев, зауыт директоры:
- Барлығы сол сертификаттарды алу үшін жанталасады. Ол үшін құжаттарын реттеп, әдемілеп рәсімдеу керек. Ал өндірісте жүрген адамның ол қағаздарды жинап, есік тоздырып жүруге уақыты, сол құжаттарды дайындайтын арнайы адам жалдайтын артық ақшасы жоқ. Ал жалған өндірушілер тек сол құжаттарды рәсімдеумен айналысады. Сертификат алған соң шетелден тауар әкеп сата береді.
Сондықтан кәсіпкер осы сертификатты алудың жолын жеңілдетуді ұсынып отыр. Яғни зауыттың шын мәнінде тауар өндіретінін арнайы комиссиялар келіп тексеріп, құжат соның нәтижесінде берілсе салада алып-сатарлар қалмайды дейді ол.
Серік Селеубайұлы, Артур Горшняков
Тегтер #шолу #компания #мемлекет #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz