RU
Толық нұсқаға өту

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде сақтап қалды

06.03.2026, 21:42 59

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18 пайыз деңгейінде сақтап қалды.

 Осылайша еліміздің бас банкі әзірше ақша-кредит саясатының бағытын өзгертпейтін болды. Мұндай қадам инфляциялық қысымды барынша тежеп, баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталып отыр.

Ақпанда инфляция деңгейі 12,2%-дан 11,7%-ға дейін төмендеді. Оған бірнеше фактор себеп. Атап айтқанда, ақша-кредит саясатының біршама қатаң болуы, коммуналдық қызметтер мен жанар-жағармай бағасына енгізілген мораторий және теңге бағамының тұрақтанғаны бар. Дегенмен, инфляция әлі де қос таңбалы мәнге ие. Бұл инфляциялық қысымның сақталып отырғанын білдіреді.

Тимур Сүлейменов, Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы:

- Жалпы инфляция көрсеткіші төмендегенімен, оның тұрақты бөлігі баяу өзгереді. Мұны бағаның қазіргі динамикасы да көрсетіп отыр. Қаңтарда 1 пайыз болса, ақпанда айлық инфляция 1,1% болды. Базалық және маусымдық түзетілген инфляция соңғы үш ай бойы 0,8% деңгейінде сақталып, өзгермеді.

Ұлттық банк өкілдері инфляцияның сәл де болса баяулағаны Үкіметпен бірлескен шаралардың нәтижесі деп біледі. Дегенмен, ол әлі жоғары болғандықтан, қазір мөлшерлемені төмендетуге болмайды.  «Біздің міндетіміз – биылғы жылы инфляцияны бір таңбалы мәнге түсіру», дейді Ұлттық банк басшылары.

Тимур Сүлейменов, Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы:

- Халықты несиелеу қарқыны баяулап келеді. Әсіресе кепілсіз тұтынушылық кредиттер саласында төмендеу байқалады. 2024 жылы несие беру өсімі 22,7 пайыз болса, 2025-те ол 6,3%-ға дейін төмендеді. Ал биыл қаңтардағы жылдық мәні 7,2%-ға қысқарды. 

Елде инвестициялық белсенділік қарқыны да сақталып келеді. Бірақ сыртқы факторларды да қаперден шығармаған жөн. Мәселен, базалық мөлшерлемеге қатысты шешімге мұнай нарығындағы белгісіздік те ықпал етіп жатады. Мамандар бұны Таяу Шығыстағы ахуалдың ушығуымен байланыстырып отыр. Ұлттық банктің келесі шешімін сәуірде білеміз. 

Бақыт Топтаева, Арман Ақшабаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz