Ақтөбе облысында жыл басынан бері жүзге жуық жас маман «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы аясында жұмысқа орналасты.
Мемлекеттік жоба жоғары оқу орындарын енді тәмамдаған түлектерге еңбек нарығына бейімделуге мүмкіндік беріп отыр. Бағдарлама аясында студенттер өз мамандығы бойынша алғашқы тәжірибесін жинақтайды. Олардың мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарда еңбек етіп, кәсіби біліктілігін арттыруға жағдай жасалған.
Гүлсамал Әбидолла жоғары оқу орнын былтыр тәмамдады. Физика факультетінің түлегі диплом алған соң жұмыс іздеп талай табалдырықты тоздырған. Алайда жұмыс берушілердің дені еңбек өтілі болғанын қалайды. Сондықтан «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына жүгінген. Нәтижесінде облыс орталығындағы оқу орнына физика пәні мұғалімі боп жұмысқа тұрды.
Гүлсамал Әбидолла, жас маман:
- Жастар практикасына келген мұғалімдерге, жас мамандарға қосымша жұмыс береді. Мен үшінші "Ә" сыныбына куратормын. Олардың оқуларын қадағалаймын, ата-аналармен кері байланыс, яғни, бұл да маған бір тәжірибе деп ойлаймын. Болашақта балалармен класс жұмысы, психология, педагогика жағынан өзімді дамытып жатырмын.
Айгүл Закарияқызы, физика пәні мұғалімі:
- Бір апта ғана ол бақылау жүргізді класқа менің сабақтарыма кіріп. Одан кейінгі уақытта өзі жеке сабақ беріп жүр. Бұл деген сөз ол оқушылармен тіл табыса алады және мұғалім ретінде өзінің жұмысын іске асыра алады деген сөз. Егер ондай қабілеттерін байқамаған кезде біз оған сабақ беруге рұқсат бермейміз.
Ал Мадияр Маратұлы «Жастар тәжірибесінен» кейін тұрақты жұмыс орнын тапқандардың бірі. Мемлекеттік бағдарлама бекіткен бір жылдық келісімшарттан соң компания жас маманға жұмыс орнында қалуын өтініп, еңбек шартын ұсынған.
Мадияр Маратұлы, жас маман:
- Бұл мамандықтың қызық жерлері өт көп. Лабороторияға көптеген заттар келеді. Солардың барлығына экспертиза жүргізіп, тағамдар келеді әртүрлі. Солардың барлығына тексеріс жүргіземіз. Суларды да тексереміз. Олар отрицательный немесе положительный екенін айтып, барлығын түсіндіріп беретін боламыз.
Былтыр «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы аясында Ақтөбе облысында 2 мыңнан астам адам жұмысқа орналасқан болатын. Ал биылғы жылдың қаңтар-ақпан айларында 90 жас маман алғашқы жұмыс орнына жолдама алды.
Венера Урумбаева, облыстық еңбек мобильдігі орталығының директоры:
- "Жастар тәжірибесі" бағдарламасына жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар, 35 жасқа толмаған, өз мамандығы бойынша 5 жыл бойы жұмыс істемеген тұлғалар қатыса алады. Жалпы жастар тәжірибесінің ұзақтығы 12 ай, жалақысы мемлекеттен төленеді.
Өңірде бұдан бөлек жастарды тұрақты табыс көзімен қамтамасыз етуге арналған «Бастау бизнес» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Қазір бұл бағдарлама аясында 286 бозбала мен бойжеткен кәсіпкерлік негізін игеріп жүр.
Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов
Тегтер #Жастар тәжірибесі #Ақтөбе облысы #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz