RU
Толық нұсқаға өту

Сарапшы: мұнай экспортын арттыра беру керек

10.03.2026, 08:33 77

Біздің ел өндірген мұнайдың 80 пайызын экспорттайды. Былтыр сыртқы нарыққа 79 млн тоннаға жуығын жөнелттік.

Енді Таяу Шығыстағы ахуал бұл нарыққа қалай әсер етеді? 

Қазақстан мұнайының 80 пайыздан астамы батысқа экспортталады. Қытай тарапы 5 пайызын алады. Таяу Шығыстағы ахуал салдарынан Ормуз бұғазындағы мұнай тасымалы кідіріп жатыр. Жалпы бұл бағыт арқылы өтетін қара алтынның 90 пайызы Азия елдеріне, нақты айтсақ Қытай мен Үндістанға барады. Осындай жағдайда біздегі шикізатқа сұраныс артады. «Сол себепті экспортты еселей түсу керек», - дейді сарапшылар. Тіпті жаңа нарықтарға әзір тұруымыз қажет. Теңгерімді сақтау да маңызды. Бұған дейін Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі мұнай бағасының құбылуы, валюта бағамына әсер ететінін айтты. Ал мұндай тұрақсыздық нарықта алаңдаушылық туғызатынын ескертті. Серік Жұманғарин «бізге керегі – тұрақтылық» деді.

Мұнай экспорты 11 пайызға артты

Энергетика министрінің айтуынша, елдегі мұнайды экспортқа және ішкі нарыққа жеткізу бойынша әртараптандырылған тасымалдау жүйесі бар. Оған сай ең алдымен ішкі нарық қамтылады. Ал өндірілген мұнайдың 80 пайыздайы экспортқа жөнелтіледі. Осылайша былтырғы көрсеткіш 11 пайызға өсіп, 78,7 млн тоннаға жетті. Өсімге Теңіз кен орнындағы кеңейту жобаларының іске қосылуы ықпал еткен. Ерлан Ақкенженов экспорттың басым бөлігі Каспий құбыр консорциумы бағытымен өткенін айтады. Яғни 4,8 млн тонна мұнай экспортталған. Бұл шамамен 18 пайызға жоғары.

Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:

- Қосымша маршруттарды дамыту шеңберінде Баку-Тбилиси-Джейхан бағыты арқылы жылына 1,2 млн тонна көлеміндегі Қазақстан мұнайын тасымалдау басталды. Сонымен бірге Әзербайжан тарапы Қазақстан мұнайын қабылдауды жылына 2,2 млн тоннаға дейін арттыруға дайын екенін білдірді.

ЕО Қазақстан мұнайын көп ала бастады

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, былтыр біздің ел сыртқы нарыққа 40 млрд долларға жуық мұнай және мұнай өнімдерін сатты. Бұл жалпы экспорт кірісінің тең жартысына тең. Бір жылда Еуропалық одақ елдеріне мұнай экспорты 7 пайызға өсіп, 62 млн тоннаға жуықтады. Оның көп бөлігін, яғни 28,9 млн тоннасын Италия импорттайды. Бұдан кейін Нидерланд, Франция, Румыния алып отыр. 

Мұнай өңдеу зауыттарының әлеуеті артады

Кейінгі кезде мұнай өңдеу көлемін арттыруға, мұнай-газ химиясын дамытуға да үлкен көңіл бөлініп жатыр. 2040 жылға дейінгі мұнай өңдеу саласын дамытудың тұжырымдамасы бекітілді. Мәселен, Каспий битум зауытының қуаты жылына 1,5 млн тоннаға дейін ұлғайтылды. Бұған қоса, Шымкенттегі мұнай өңдеу зауыты өндірісті екі есе арттырып, 12 млн тоннаға дейін кеңейту бойынша келісімге қол қойды. Павлодар мен Атырау зауыттары да көрсеткішті ұлғайтпақ. Биылдың өзінде елде 18,2 млн тонна қара алтын өңделеді. 15 млн тоннадан аса мұнай өнімдерін алу жоспары бар. Келешекте жылдық қуаты 10 млн тонна болатын жаңа зауыт салынады. Мемлекет басшысы бұл жобаны тездетуді тапсырды. Биыл «Мұнай-газ химиясы өнеркәсібі туралы» заң қабылданады. Мұндай өндіріс қарқыны артып жатыр. Былтырғы көлем 620 мың тоннаға жуықтаған. 

Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:

- Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру шеңберінде өткен жылы Атырау облысында қуаты 1 250 тонна полиэтилен зауыты мен Павлодар облысында 100 мың тоннаға дейін алкиллат өндіру зауытының құрылысы басталды. 2026 жылы мұнай-газ химиясының өндірісі 600 мың тонна деңгейінде жоспарланып отыр.

Қазір мұнай-газ саласында 240 мыңнан астам адам еңбек етеді. 1350 компания бар. Бұл сала еліміздің тұрақты дамуына ықпал етіп жатыр.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz