RU
Толық нұсқаға өту

Банк шотындағы қаражат үшін сыйақы беріледі

13.03.2026, 09:16 148

Қазақстандықтардың есепшотында жатқан қаражатына енді банк сыйақы қосып береді. Тиісті заң келесі аптадан бастап күшіне енеді. 

Осыған дейін қаржы құрылымдары қарапайым дебеттік шот пен картадағы ақшаны белсенді пайдаланғанымен тұтынушыларға ешқандай дивиденд төлемей келді. Кейінгі бес жылда ағымдағы шоттарға

сыйақы қоспаудың нәтижесінде банктер 4 трлн теңге пайда тапқан. Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров мұны «мемлекет пен азаматтардың жоғалтқан табысы» деп атады. Сондықтан құжатқа өзгеріс енгізіліп, есепшот иелеріне қосымша төлем қарастырылып отыр. Ал оның жылдық мөлшері 1 пайыздан аспайды. Сарапшылардың пікірінше, мұндай сыйақы мөлшері елдің экономикалық жағдайы және инфляция деңгейімен тікелей байланысты. 

Бауыржан Ысқақ, экономист:

- Қазақстандағы инфляцияны ескеретін болсақ, яғни бізде 2 таңбалы инфляция – 13-14%. Сол жағдайда 1 пайыз ғана ставка, ол төмендеу. Сондықтан бұл азаматтар үшін қандай да бір жақсы мотивация болады деп айта алмаймын, бірақ жоқтан бар. Бұл – өзгеріске ұшырайтын нәрсе. Егер болашақта оның пайызы да әлемдік стандартқа сәйкес болатын болса, 2,5 пайызды 3-4 пайызға дейін көтеруге болады.

Депозиттердің көбі жеке тұлғаларға тиесілі 

Ал депозиттерге берілетін сыйақы көлемі әлдеқайда жоғары. «Оған Ұлттық банк бекіткен базалық мөлшерлеме себеп», - дейді сарапшы. Бүгінгі таңда қаржы құрылымдары әр депозитке орташа есеппен 17-18 пайыз жылдық сыйақы қосады. 

Ал белгілі бір мерзім ішінде қаражатты алу немесе толтыру мүмкіндігінсіз ашылған жинақ үшін 20 пайызға дейін төлем қарастырылған. Қазір мұндай жоғары сыйақыны екінші деңгейлі банктердің 13-і ұсынып отыр. Былтыр қараша айында олардың қатары төртеу ғана болған. Ұлттық банктің статистикасына көз жүгіртсек, өткен жылы қазақстандық қаржы институттарындағы депозиттер көлемі 16 пайызға артып, 48 трлн теңгеге жеткен. Соның жартысынан көбі жеке тұлғаларға тиесілі болды. 

Бауыржан Ысқақ, экономист:

- Бұл – банктер тарапынан клиенттерге жақсы ұсыныс. Осының әсерінен Қазақстанда теңгелік шоттағы депозиттердің үлесі артып отыр. Сонымен қатар мемлекет тарапынан кепілдендірілген сома да 10 млн теңгеге дейін өскендіктен, бұл да азаматтар үшін бос қаражаттарын теңгемен сақтауға жақсы мүмкіндік. Ал доллармен болса, 1-1,5 пайыздың ғана сыйақы алады. Яғни ол өзінің дәрежесін сақтап тұр.

Мемлекеттік сыйақы механизмі өзгеруі мүмкін 

Ал баспана алуға арналған депозиттер үшін берілетін мемлекеттік сыйақының механизмі өзгеруі мүмкін. Бұл туралы «Отбасы банк» төрағасы мәлімдеді. Оның айтуынша, республикалық бюджет шығынын азайту үшін төлемнің бір бөлігін банк өтеуі ықтимал. 

Дегенмен нақты шешім әлі қабылданған жоқ. Айта кетейік, мемлекеттік сыйақының максималды сомасы 200 айлық есептік көрсеткіштің 20 пайызы есебінде беріледі. Яғни былтыр ең көбі 157 мың теңге болса, биыл 173 мың теңге ұсынылып отыр. Оны әр азамат өзінің бір ғана депозитіне ала алады немесе отбасы мүшелерінің әрқайсысына депозит ашып, сыйақыны еселеуге болады. Бұл ұлттық даму институты, яғни «Отбасы банк» салымшыларына ғана қатысты. 

Ләззат Ибрагимова, «Отбасы Банк» АҚ басқарма төрағасы:

- Біз 2025 жылы 100 млрд теңге дивиденд төледік. 67 млрд теңге банк салықтарды төледі. Содан қазір тағы өзгерістер, ұсыныстар бар. 50 пайызын ба, 40 пайызын ба сол премияның сомасын банктің дивидендінен төлеуді ойлап жатырмыз. Соны қарап жатырмыз, санап жатырмыз. Тағы ақпарат болады. 

3 жыл ішінде балаларға $2,5 млрд аударылды 

Кейінгі үш жыл ішінде балаларға Ұлттық қордан 2,5 млрд доллар аударылды. Қазір әр баланың шотында шамамен 370 доллар бар. Қаржы министрлігінің ресми мәліметі осындай. Кәмелет жасқа толғанға дейін жинақталған қаражатты әрбір жас тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе кәсіби білім алуына жұмсай алады.

 

 

 

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz