RU
Толық нұсқаға өту

Елде ет экспорты екі есе артуы тиіс

13.03.2026, 11:23 131

Алдағы бес жылда елдегі ет экспорты екі еселенуі тиіс. Яғни 165 мың тоннаға жетеді деп жоспарланып отыр. 

Бұл мақсатта мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспар бекітілді. Кешенді жоспарда саланы қолдау тетіктері жан-жақты қарастырылған. 

Ел халқының 36 пайызы немесе 7 млн 400 мың адам агроөнеркәсіп секторында еңбек етеді. Сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігі де тікелей осы салаға байланысты. Сондықтан кейінгі жылдары ауыл шаруашылығына бөлінген қаражат еселеп артып келеді. Мәселен, былтыр жеңілдетілген несие беруге 1 трлн теңгеден аса қаржы бөлінді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз заман талабына сай келетін, озық технологияға негізделген аграрлық-индустриялық экономика құруымыз керек. Бұл – аса маңызды міндет. Өнімдеріміз ішкі нарықтың сұранысын толық өтеп, шетелге де тұрақты шығарылуға тиіс. Былтыр ауыл шаруашылығы саласында 250 өндіріс ашылды. Соның арқасында аймақтар тың серпінмен өсіп-өркендеп, халықтың әл-ауқаты арта түседі. 

Жеңілдетілген несие шаруаларға айтарлықтай қолдау болып отыр. Мал шаруашылығын дамыту бойынша кешенді жоспар бекітілді. Бұл жоспарда несилендіру тетіктері де қамтылған. Нақты айтқанда асыл тұқымды мал басын сатып алуға арналған несие үстемесі 6, ал айналым қаражатын толықтыруға бағытталған несие 5 пайызбен беріледі. 

Қайрат Көшенов ҚР АШМ Мал шаруашылығы департаменті директорының орынбасары:

- 2025 жылы қыркүйек айынан бастап бұл бағдарлама іске қосылған. Алайда ол бірінші кезекте бордақылау алаңдары мен құс фабрикаларына ғана арналған болатын. Ендігі кезекте біз биыл басқа да бағыттармен кеңейтетін боламыз. Бұл қаражатты шаруалар өз еркінше, қандай да бір қажеттіліктеріне жұмсай алатын болады. 

Яғни мал баққан ағайын қарызға алған ақшасын қайда жаратса да өз еркі. Белгілі мақсатын көрсетпей-ақ жанар-жағармай мен мал дәрісін сатып алуға немесе жұмыскерлердің жалақысын төлеуге де жұмсай алады. Несиеге қаржылық ұйымдар тарапынан 85 пайызға дейін кепілдік беріледі. Осылайша Үкімет 2031 жылға қарай ет экспортын 82 мыңнан 165 мың тоннаға жеткізуді көздеп отыр. 

Авторы: Нұрқанат Қанапия

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz