Қазақстан Орталық Азиядағы инвестициялық ең тартымды ел.
Аймаққа құйылған қаражаттың 69 пайызы біздің экономикамызға тиесілі. Былтыр елге 150 миллиард доллардан астам қаражат тартылды. Бұған мемлекетіміздің жүргізіп отырған саясаты себеп дейді сарапшылар. Сондай-ақ, экономиканың әртараптандырылуы да қосымша қаржы тартуға түрткі болған. Тақырыпты зерттеген әріптесім Серік Селеубайұлы қазір студияда. Кеш жарық! Серік, инвестиция ағынын күшейту үшін еліміз қазір не істеп жатыр?
Қазір елде инвесторларға жағымды климат қалыптасқан. Оған макроэкономикалық тұрақтылық, арнайы заңдардың болуы және перспективалы салалардың көптігі себеп. Енді әрқайсына жеке тоқаталайын. Елде инвесторлардың құқығын қорғауға баса көңіл бөлінген. Тіпті арнайы мемлекеттік органдар жұмыс істеп тұр.
Ғабидолла Оспанқұлов, ҚР СІМ Инвестициялар комитетінің төрағасы:
- Егер заңнамада бір түйіткілдер болып, оны шешу жолы өте ұзақ болса осы инвестициялық штабтың шешімдері тез арада орындалады. Және бүгінгі күні нәтиже көрсетіп отыр. Инвесторлардың өздері осы проблемалардың тез шешіліп жатқанын байқап отыр. Екіншіден, жаңадан құқрылған бас прокуратураның құрамындағы инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті. Прокурорлар жобаны сүйемелдеуде ұлттық инвестициялық платформада қызыл түс шығатын болса, яғни ол жобада проблемалық мәселелер пайда болды деген сөз. Сол кезде прокурорлар бірлесіп, оның пайда болу себептерін тез арада жоюға тырысады және ол инвестордың жобюасының уақытында жүзеге асуын қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ еліміз экономиканы әртараптандыруға, яғни, шикізаттық елден, өндірісі бар қуатты мемлекетке айналуға күш салып келеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз мемлекетіміздің жаңа индустриялық, энергетикалық және инфрақұрылымдық арқауын, яғни каркасын жасауға кірістік. Мысалы, өңдеу өнеркәсібінің даму қарқыны екі жыл қатарынан 6 пайыздан асып отыр. Бұл үдеріс аймақтардың мықты экономикалық негізін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Былтырдың өзінде еліміздің әр түкпірінде жалпы құны 1,5 триллион теңге болатын 190 өндіріс орны іске қосылды. 22 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды.
Мемлекет басшысының сөзінше, биыл Үкіметтің болжамы бойынша құны 1,7 триллион теңге болатын 200 кәсіпорын қызметін бастайды. Онда 20 мыңға жуық жұмыс орнын ашу жоспарланған. Осылайша, Қазақстанның бұрынғы индустриялық қуаты жандана түседі. Бұл тенденцияны халықаралық ұйымдар да байқап, шешім қабылдау кезінде ескере бастаған.
Әділжан Мұстафин, Экономикалық зерттеулер институты әлемдік экономиканы зерттеу орталығының сарапшысы:
- Статистика Қазақстан әлемдік нарықтағы маңызды жеткізушілердің бірі екенін көрсетіп отыр. Қазір еліміз бұл өндіріс орындарын кеңейтуге күш салып жатыр. екіншіден халықаралық тауар жеткізу тізбегі қайта құрылып жатқан кезде Қазақстанның көлік-логистикалық торап ретіндегі рөлі артып келеді. Бұған ірі халықаралық институттардың еліміздегі логистикалық жобаларды қаржыландыруы дәлел. Мысалы, жақында Дүниежүзілік банк орта дәліз жобасына 1,4 млрд доллар инвестиция тарту үшін 846 млн долларға кепілдік берді.
Жалпы инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар толассыз жүруі тиіс. Себебі әлемде ірі қаржылық ұйымдардың қаражаты үшін талас тоқтамайды. Сондықтан, алпауыттармен байланыс орнату, бизнес өкілдерінің халықаралық аренада танылуы өте маңызды.
Андрей Чеботарёв, қаржыгер:
- Біздің президент басқа елдерге барса жаңа келісімдер жасасып келеді. Мемлекет басшысы жаңа инвестиция, серіктестік немесе жоба бойынша сөз байласуы мүмкін. Сол үшін маңызды сапарлары кезінде кәсіпкерлерді арнайы алып барады. Яғни тіпті ешқандай құжатқа қол қойылмаған күннің өзінде бизнес өкілдері шетелдік әріптестерімен байланыс орнатып, болашақта бірге жұмыс істеуі мүмкін. Бұл мемлекеттің сыртқы саясатының экономиканы күшейтуге бағытталғанын көрсетеді.
Яғни ұзақ мерзімді перспективада Қазақстанға құйылатын қаражат көлемі өсе береді дейді сарапшы.
Тегтер #шетелдік #инвестиция #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz