Балық шаруашылығын цифрландыру жемісін берді. Былтыр іске қосылған «E-fish» ақпараттық жүйесінің арқасында ауланған балық үлесі 1,5 есе өсіп, 72 мың тоннадан асқан. Бұл импортқа қалай әсер етті?
Елде балық импорты 15 пайызға азайды. Бұған кейінгі 5 жылда іске қосылған 100-ден аса инвестициялық жоба сеп болған. Балық өсіру және өңдеу көлемі күрт артты. Нысандардың басым бөлігі Түркістан, Қызылорда, Алматы облыстарында шоғырланған. Нарықта су айдындарынан ауланған және қолдан өсірілген балыққа сұраныс көп. Мамандар «E-fish» ақпараттық жүйесі іске қосылғалы көрсеткіш нақтылана түскенін айтады. Жүйеде 1200 шаруа тіркелген. Бұған дейін жыл сайын шамамен 46 мың тонна балық ауланса, былтыр 72 мың тоннаға жетті. Ал ауланған және өсірілген балықтың 70 пайызы өңделді. Бұл 11 пайызға көп. Дайын өнімді экспортқа шығару жолға қойылды.
Серік Сермағамбетов, ҚР АШМ Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы:
- Жалпы біз квота береміз 90 мың тонна аулауға, соның 72 мың тоннасы ауланып тұр табиғи балықтардың. Сонымен қоса өсіріліп жатқан балық бар 26 мың тонна. Сырттан келетін балығымыз 55 мың тоннадайды құрайды. Экспортқа да шығарып жатырмыз, сыртқа. Мысалы, Прибалтика елдеріне, Қытай, Польша сияқты жем келіп жатқан мемлекеттерге. Сол Еуропа елдеріне шығарып жатырмыз. 22 мың тоннадай. Негізінен өңделген балықты шығаруды көздеп отырмыз.
Биыл 100 мың тонна балық жемі қажет
Биыл тауарлы балық өсіру көлемі 65 мың тоннаға дейін артады. Бұл үшін 100-120 мың тонна арнайы жем қажет. Әлбетте, отандық кәсіпорындардың қазіргі қуаты жоспарды орындауға жетпейді. Сол себепті жоғары технологиялы жем өндірісін кеңейтуге инвестиция тарту, заманауи зауыттар салу маңызды.
Қазір елде 682 аквашаруашылық бар. Олар тұқы, албырт, бекіре тұқымдас балықтарды көбейуге көңіл бөліп жатыр. Бұл үшін протеині жоғары, сапалы азық қажет. Оны да әзірге сырттан жеткізіп отырмыз. Өйткені қажетті шикізат тапшы. Дегенмен мамандар мемлекеттік қолдау барда шаруашылықтар саны арта беретініне сенімді. Негізгі шығындар субсидияланады.
Аквашаруашылықтардың дені Қызылорда, Түркістан, Алматы, Жамбыл облысында еңбек етіп жатыр.
Балық азығына сұраныс артып жатыр
Салаға серпін берер бастама жетерлік. Мәселен, 2030 жылға дейін аквашаруашылық саласында 40 жоба іске қосылады. Жалпы құны 54 млрд теңге. Осылайша балық өсіруді 14 жарым мың, қайта өңдеу көлемін 10 мың тоннаға дейін арттыруға болады. Бұл үшін жем өндіруге де басымдық берілмек. Балық комитетінің төрағасы тиісті келісімдер қазірден басталғанын айтады. Әзірге ішкі сұраныс 30 мың тонна, оның 20 мыңы отандық кәсіпорындардан, қалғанын импорт қамтып отыр.
Ал балықты қолдан өсірушілер саны өсіп жатыр. Былтыр ғана қатарға 80 шаруашылық қосылды. Қажеттілікті өтейтін жергілікті жем зауыттарын көбейту маңызды. Соның бірі Алматы облысында бой көтереді. Ресейлік инвесторлармен келісім негізінде алғашқы кезеңде жылына 25 мың тонна, кейін 50 мың тонна балық азығын шығару жоспары бар. Польшамен де байланыс орнады.
Серік Сермағамбетов, ҚР АШМ Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы:
- Сағатына 1 тонна шығарып жататын болса, оған тиісті субсидия көлемдері қарастырылған. Шығындарын өтеуге 25 пайыз көлемінде. Соған байланысты былтырдан бері осы зауыттарды салуға байланысты Алматы облысында Польша мемлекетінен қамтамасыз етіледі. Сол компанияның зауытын салуды ұйғарып отырмыз. Қазір 3 жақты келісімшарт жасалды.
2021 жылдан бері шаруаларға бөлінетін субсидия көлемі 11 есе өсті. Биыл 5,3 млрд теңге беріледі. Қажетті өзен-көлдер жеткілікті. «Тетігін тапсаң, балық шаруашылығы табысты кәсіп», - дейді мамандар.
Тегтер #балық #импорт #инвестициялық жоба #су айдыны #экспортPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz